23 Тамыз, 2013

Жетісу кеденшілері жеті тілді біледі

314 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Кеден қызметкерлері компьютерді жетік меңгерген. Ал олар халықаралық тілдерге қаншалықты жетік? Мемлекеттік тілге ше?» деген мәселеге ой жіберіп, кеден қызметкерлерімен тілдесіп, іс қағаздарын көру мақсатында Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департаменті бастығының міндетін атқарушы Александр Волковпен телефон арқылы хабарласып, стратегиялық мәні бар аймаққа кіруге рұқсатнама сұрағанымызда мәселе оң шешімін тапты.

«Кеден қызметкерлері компьютерді жетік меңгерген. Ал олар халықаралық тілдерге қаншалықты жетік? Мемлекеттік тілге ше?» деген мәселеге ой жіберіп, кеден қызметкерлерімен тілдесіп, іс қағаздарын көру мақсатында Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департаменті бастығының міндетін атқарушы Александр Волковпен телефон арқылы хабарласып, стратегиялық мәні бар аймаққа кіруге рұқсатнама сұрағанымызда мәселе оң шешімін тапты.Александр Волковтың заңнама талабын бұлжытпай орындайтындығын аңғарып, мемлекеттік тілге деген құрметін де сезіндік. Іле ауданы, Өтеген батыр кентіндегі қызметтік кабинетіне кірер босағада лауазымының бірінші қазақ тілінде, сосын ресми тілде жазылғаны көкейге қонып, ішіміз жыли түсті. Сөзі нық, уәдеге берік жанмен аз-кем тілдескенде «Бұлақ басынан тұнады» деген қазақы даналық ойымызға түсті. Бастықтың жұмыс орнынан бастау алып, ғимарат қабырғаларында үйлестіріле ілінген заңнамалар мен ережелер және тағы басқа қажеттіліктер мәтіндерінің қазақ және орыс тілдерінде сауатты жазылғаны да назар аудартады. Қалыптасқан дәстүр бойынша Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінен бастап Алматы облыстық әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы, сондай-ақ, әр деңгейдегі қоғамдық ұйымдардан түрлі мәселелер бойынша департаментке келіп түскен ресми хат, өтініш секілді іс қағаздарына бірінші кезекте мемлекеттік тілде, сосын халықаралық тілде жауаптар дер кезінде жазылып, жіберіліп отыратындығы аталған департаментте мемлекеттік тілді дамыту және редакциялау бөлімшесінің бас маманы Ажар Керімбаеваның құнттылығын білдіреді.

Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департаменті «Алатау кедендік ресімдеу орталығы» кеден бекетіне кіргенімізде бүйірдегі бөлменің бірінен шыққан сұңғақ бойлы орыс жігіті «Ассалаумағалейкум!» дегенде сүйсінгенімізді жасыра алмаймыз. Одан әрі кеден қызметкерлері компьютермен жұмыс істеп отырған бөлмеде қазақылық аңқып-ақ тұр. Кілең қаракөздерден жасақталған бөлім қызметкерлерінің сауаттылығы, білгірлігі өз алдына адаммен сөйлесу, өзін ұстау, жүру, тұру секілді екінің бірі назар аудара бермейтін қимылдарында мәдениеттіліктері, көргенділіктері есіп тұр. Біле-білсек, қандай да бір шетелдікпен қатынаста кеден қызметкерлері біздің елдің айнасы іспетті емес пе?! «Ер азамат ана тілін білмесе – бір адамның өлгені, әйел заты ана тілін білмесе – бүтін халықтың өлгені» деген тәжік халқының даналығымен бастаған сөзін елді ұйыта отырып Абайдың «Ана тілін білмеген ақылы жоқ желікбас, ана тілін сүймеген халқын сүйіп жарытпас» деген даналығымен сабақтаған осы «Алатау кедендік ресімдеу орталығы» кеден бекетінің бас маманы Уәлихан Бектембаевтың ана тіліне ет жүрегімен беріле құрметтейтінін ұғынып һәм сұңғылалығына тәнті болдық. Тұтастай алғанда, еліміздегі ең үлкен әрі заман талабына сай жабдықталған кеден бекеті қызметкерлерінің мемлекеттік тілде мүдірмей, халықаралық тілдерде тұрмыстық қажеттілікті өтеп отырғаны қуанарлық жайт.

Еңселі ғимараттағы қазақ тілі сыныбын, мұрағатты, жүк таситын алып көліктерге тиелген заттарды бүге-шігесіне дейін компьютер мониторынан көрсететін рентген іспетті ғаламатты көрумен шектелмей, компьютер тілін жетік меңгерген қызметкерлермен тілдескенімізде олар қазақ, орыс, ұйғыр, қытай, түрік, ағылшын, француз тілдерін жақсы игергендіктерін ет құлағымызбен естідік. Сол азаматтардың бірі Қорғас кеден бекетінің жетекші маманы қызметін істеп жүрген Айдар Тайғұлов орта мектептің 9-сыныбынан кейін Англияға барып A-level и Gcse 4 жылдық бағдарламалы Millfield School мектебіне оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң,Queen Mary University оқып, арада біраз уақыт өткенде Малайзияға ауысып үш жыл Sanway University мен Limkok Wing University оқыған. Нәтижесінде, қазақ, орыс, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген. Ал Ғазиз Аббасов деген азамат Мәскеудегі Ресей кеде н академиясының экономика және кеден кәсіпорындарын басқару факультетін оқып, диплом алумен қатар ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгеріп шыққан. Қазақ, орыс тілдері өз алдына. Сондай-ақ, облыстық деңгейдегі мемлекеттік тілге байланысты байқаулардың жеңімпазы болып жүрген Антон Красильников пен Евгения Слабодникованың қазақ тілінде мәтелдете сөйлегені көңілге қуаныш нұрын себеді. ҚХР шекарасындағы кеденде қызмет істеген соң қытай тілін білуді де Қорғас кеден бекеті қызметкерлері бір парыз санайды. Бұл ретте Т. Рысқұлов атындағы қазақ экономика университеті халықаралық қатынастар факультетінің түлегі Михрибан Кибирова деген қызметкердің шығыстағы көршіміздің тілін жетік білуі сол талап үдесінен шығу болып табылады.

«Қорғас кеденінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жігіттер мен қыздар қызмет істейді. Мемлекеттік тілге басты назар аударамыз. Ол – талап. Қытай Халық Республикасының шекарасында отырғандықтан жаңадан қызметке орналасатын қыз-жігіттердің қытай тілін білуі маңызды. Ағылшын тілін білу де шарт. Орыс тілі өз алдына. Іс қағаздары екі жылдан бері толығымен мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қандай да бір тілде жазылған құжат келсе сол тілде және ағылшын, орыс тілдерінде жауап жазылып қазақ тіліндегі түпнұсқасы міндетті түрде тігіліп отырады. Қызметкерлеріміз 100 пайыз қазақ тілін біліп, сауатты жаза алады деп әзірге айта алмаймыз. Әйткенмен, талап қойылған. Аптасына екі рет қазақ тілін кедендегі арнайы курстан оқып, үйреніп, жаза білулеріне мүмкіндік тудырылып, мемлекеттік тіл сабағы өтеді. Бастауыш, жалғастырушы топтары белгіленген мерзім біткен соң сынақтан өтіп, сертификаттарын алады. Ел шекарасында қызмет істеген соң басты мақсатымыз, халықаралық тілді білу, өйткені, ол уақыт қажеттілігіне орай кеден қызметкерлеріне қойылып отырған талап болып табылады», деді Қорғас кедені бастығының орынбасары Марат Еслямов.

Қорыта айтқанда, Алматы облысы аумағындағы Алатау, Қорғас, Қалжат, Талдықорған, Іле, Алтынкөл кедендерінде қызмет істейтін азаматтар мен азаматшалардың халықаралық қатынаста қажеттілікті өтейтін жеті тілді біліп, қазақ тілін ерекше құрметтейтіні көңілге қуаныш ұялатады.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.