Елбасы • 19 Наурыз, 2020

Тұлға. Дәуір. Сабақтастық

460 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

2019 жылдың 19 наурызы Қазақ­стан халқы мен барша әлемдік қо­ғамдастық өміріне аса бір ма­ңызды және есте қаларлық күн болып енді.

Тұлға. Дәуір. Сабақтастық

Бәрімізге белгілі, 1991 жылғы 1 жел­тоқ­саннан бастап тәуелсіз­діктің әр жыл­дары өткен барлық бүкілхалықтық тіке­лей сайлауларда қазақстандықтар тұрақ­тылық пен саяси-экономикалық дамуды таңдап, дауыстарын түгелдей Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа берді. Осы арада, әрбір сайлаушы өз дауысын Нұрсұлтан Әбіш­ұлының мемлекеттің дамуы үшін, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін атқарған істерінің нәтижелеріне қарап бергенін атап өту керек. Ал Елбасымыз үшін туған халқының сенімі оған толассыз күш-қуат, оның тың идеяларының дүниеге келуіне шабыт бергені сөзсіз.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Елбасының көреген басшылығының арқасында кедей­лік пен аласапыранды ең­серіп, тұрақтылық пен гүлденуге қарай бұрын-соңды тарихта болмаған теңдессіз қадам жасады. Тұңғыш Президент Нұр­сұлтан Назарбаев бейбітшілік пен тыныштықтың, ұлттық бірлік пен қоғам­дық келісім­нің мызғымас негізін қалады. Елбасының ай­рық­ша күш-жігері мен көш­бас­шылығының арқасында жаңа мемлекет құрылып, еліміздің бас қаласының негізін қалаушысы әрі бас сәулетшісі Елбасының есімімен аталуға лайықты жаңа елорда салынды. Ең бастысы, Тұң­ғыш Президентіміз тұтас мемле­кеттің жаң­ғыруы жолында табысқа ұмтылған сапа­лық тұрғыдан жаңа ұлттың негізін қалып­тас­тырды. Яғни осы жылдары Ел мен Ел­басы егіз ұғым болып кетті.

Осындай тұрақты қалыптас­қан ахуалға сәйкес Тұңғыш Прези­денті­міз кезекті сайлауға түсем деп шешім қабылдаса, сөз жоқ айқын жеңіске жетер еді. Дегенмен осы­дан тура бір жыл бұрын, Қазақ мемле­кет­тігінің негізін қалау­шы ҰЛЫ ТҰЛҒА, Қазақ­стан Респуб­ликасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемде теңдесі жоқ тарихи шешім қабылдады. Елбасымыз өз ер­кімен Мемлекет басшысы өкі­леттігін тоқтатты.

Бұл ретте Елбасы әдеттегідей саяси сали­қалылығы мен парасат­ты­лығын көр­сетті. Ол мемлекет дамуындағы сабақ­тас­тық пен тұрақтылық және бірізді­ліктің стра­тегиялық қағидаттарынан ай­ны­­май­тындығын дәлелдеді.

Н.Ә.Назарбаев 2019 жылғы 19 нау­рыз­да жариялаған Қазақстан халқына Үн­деуінде «Осы жылдарда өткен барлық сай­лауларда сіздер маған сенім артып, баста­маларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қыз­мет ету бақыты бұйырды. Бар­шаңызға – хал­қыма зор ризашы­лығымды білдіріп, басым­ды иемін. Осындай қолдаудың арқа­сында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсау­лы­ғым­ды, уақытымды аямай адал қызмет еттім», деген болатын.

Иә, алысқа бармай-ақ, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған рес­пуб­ликалардың тәуел­сіздік алғаннан кейін­гі даму тарихына көз жүгіртсек, оларды бас­қарған бірінші басшылардың кейбі­реу­­­­лері бір президенттік мерзімнің өзін то­лық атқара алмай, мемлекетті даму жолы­на бастамақ түгілі, елді біріктірудің ор­ны­на алауыздық туғызып, арты ірі қақ­­ты­ғыс­тарға, дағдарыстарға әкеп соқ­қанын жақсы білеміз.

Ал Қазақстанның Тұңғыш Пре­­зи­денті Нұрсұлтан Назар­баев ұлттық рухты оятып, мемлекет­тілі­гімізді жаңғыртып қана қой­май әлемдегі қордаланған жаһандық мәселелерді шешуге де ауқымды үлесін қосты. Кез келген мемлекет басшысына бір президенттік мерзімдегі қыз­мет­тің өзі айтарлықтай салмақ салары сөзсіз. Тәуелсіз Қазақстан атты жасампаздықтың ұлы же­місін әлемге және болашақ ұр­паққа ұсына алған Нұрсұлтан Әбішұлының отыз жылға жуық мерзімді қамтитын Ұлы дәуірі оңай болды деп айта алмаймыз. Осы кезеңнің Тұңғыш Прези­дент үшін қандай болғанын оның «Тәуелсіздік дәуірі» атты кіта­бындағы мына жолдар дәлме-дәл сипаттайды: «Тәуелсіздік дәуірі дегеніміз – ұлттың бұрын өтуі мүм­кін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүр­генмен бірдей құбылыс. Алайда біз оны да бағындыра алдық. Осы жылдарда маған көп нәрсені өз көзіммен көру­ге тура келді. Қауырт жұмысқа толы сол күн­дердің барша ауыртпалығы мен тол­­қы­ныстарын, ұйқысыз түндерді сана­ма­лау да мүмкін емес. Мен тұтас мем­лекет­тердің тағдырына әсер ететін немесе күні бүгінге дейін ықпал-күшін бұрынғыша әлсіретпей ұстап келе жатқан саңлақ саясаткерлермен де, қазіргі әлемнің болмысына тікелей ықпалы бар шешімдер қабылдаған адамдармен де көп кездестім». Осы арада, Нұрсұлтан Назар­баевтың бес рет халықтың нық сеніміне ие болып, Қазақ елін құру жолында күш-жігерін, денсаулығын, уақытын аямай адал қызмет етуі – Елбасы феноменінің, мемлекетшіл тұлға болудың жарқын көрінісі десек қателеспеспіз.

Егер тереңірек ойланып қара­сақ, Қазақ­­­станның Тұңғыш Пре­зиденті – Елба­сы­мыз Нұр­сұлтан Назарбаев елімізді басқар­­­ған 30 жыл – Әз Тәуке билік еткен боз­тор­­ғай жұмырт­қалаған мамыражай заман іспетті.

Бұл тағдырлы шешім – жаһан­дық дең­гейде, тарихи ауқымда та­нылған саяси қай­­­рат­­кердің кемең­герлігі мен парасат­ты­лы­­­ғын әлемге тағы да танытты, мойын­датты.

Қазақстандық қоғам өмірінің осы бір тарихи сәтіндегі көптеген пікірлер мен хат­тарда және жолдауларда Қазақстан Рес­п­уб­лика­сының Тұңғыш Президенті – Ел­б­асы Н.Ә.Назарбаевтың мық­ты және көр­­кей­­ген мемлекет құрудағы рөлі сөзсіз атап өтіледі. Кейбір хаттарға тоқтала кетсек.

Ресей Федерациясының Пре­зи­денті Влади­мир Путин «...Жа­қында Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның тағы бір қасиетін байқадым. Ол кейбір нақты жағдайларда өте сезім­тал болуы мүмкін. Демек, ол адами қа­сиет­терін жоғалтпағаны. Бұл мен үшін өте маңызды, өйт­кені осы қасиет – адам­ның аса бір жақсы қасиеті. Ол адал да әділ. Кейбір мәселелерді талқылағанда, әрдайым қарапайым адамдарға бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді? Солардың орнына өзін, өзінің жақындарын қойып көріп барып, шешім қабылдайды. Ол – өз халқының бір бөлігі. Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев – тарихи бірегей тұлға», десе, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин былай деп жазады: «Сізді Қазақстанның негізін қалаушы тұлға және барша Қазақ­стан халқының қолдауына ие болған Ұлт көшбасшысы ретін­де білеміз. 30 жыл ішінде Қазақ­стан халқы Сіздің басшылығы­ңыз­бен көптеген қиын­шылықты еңсеріп, тәуелсіз, демо­кратиялық, өркен­деген, бай әрі қуатты Қазақ­стан Республикасын құра білді. Ал­дағы уақытта да Қазақстанның Сіз ай­қын­дап берген саяси бағыт­ты ұстанып, жаңа табыстарға жете­тініне, сондай-ақ қар­қынды дами түсетініне сенімдімін».

Америка Құрама Штаттары­ның Пре­зиденті Дональд Трамп хат арқылы Елба­сының еңбегін жоғары бағалап, оған қолдау білдіреді: «Сіздің еліңіз үшін аса маңызды тарихи сәтпен құт­тықтаймын. Сіз бас­қарған 30 жыл­ға жуық уақыт­тың ішінде ел­ге мол мұра қал­дыр­дыңыз және би­лік транзитін конституциялық проце­дура­ларға сай жүзеге асыру шешіміңізге қол­дау білдіремін. Сіздің өткен жыл­ғы Ақ үйге са­парыңыз АҚШ пен Қазақ­стан арасын­дағы ынты­мақ­тастықты терең­детуге бағытталған нақты қадам болды».

Бұл сөздердің әділ айтылған­дығы­на күмән жоқ және ол Н.Ә.Назарбаев Пре­зи­дент болған жылдардағы барлық мем­лекет­тік құрылыс үдерістерінде нақты көрініс табады.

Бір жыл өтсе де қазақстандық­тардың әр­қайсысы жоғарыда атал­ған тарихи ше­шімді өздеріне тікелей қатысты аса ма­ңызды оқиға ретінде қабылдап, шынайы риза­­шылық сезімдерін білдіруде. Елба­сы­на деген отан­дастарымыздың біл­діріп жатқан ақжарма тілек­терін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осынау тарихи шешімнің Қазақ­стан үшін ғана емес әлемдік саясат үшін маңыздылығы жыл өткен сайын кеңейе берері анық. Олай дейтініміз, Қазақстандағы бейбіт транзит үдерісі тәжірибесін қазірдің өзінде көрші мемлекеттер тарапынан қолдану қызығу­шылығы бар екені байқалуда.

Ал екінші жағынан, көп жылдар бойы тағдырын сеніп тапсырып келген саяси тұлғаның өз еркімен Мемлекет бас­шы­сы лауазымынан бас тартуы туралы үндеуі қазақстандықтар үшін бел­гілі бір деңгейде қорқыныш сезімін ту­дыр­ғанын атап өткіміз келеді. Жеке басы­ның, ұрпа­ғы­ның болашағын Тұңғыш Пре­зи­дент­пен байланыстырып отырған ел тұр­ғын­дарын да түсінуге болатын еді. Осы жағ­дайды алдын-ала ескерген Елбасымыз 19 нау­рыздағы Үндеуінде «Қазақ­стандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғы­дан рет­телген. Президенттің өкілеттігі мерзі­мінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады», деп осыдан ширек ғасыр бұрын өзі бастамашы болып қабылданған Ата Заңымызға сүйеніп, көптің көкейінде жүрген күдікті сейілтті.

Сонымен қатар Nur Otan партия­­сы­ның кезектен тыс ХІХ съезінде партия Лидері Нұрсұл­тан Назарбаев партия атынан Қазақ­стан Республикасы Президенті­нің алдағы сайлауына қатысу үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың кандидатурасын ұсын­ды. Осы съезде Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанды бас­қаруға лайықты азамат екенін, оның дип­ломатиялық тәжірибесі, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хат­шысының орынбасары ретін­дегі қызметі осы жаһандық құры­лымда жоғары бағаланғанын атап өткен болатын. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дипломатиялық жетіс­тіктерімен қатар оның мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жина­ға­нын, яғни ел дамуының ең күрде­лі кезеңінде Қазақстан Үкіметін бас­қарып, 1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдары­сынан кейін экономиканы қалпына келті­руге Үкімет төрағасы ретінде атса­лыс­­қа­нын да айтқан болатын.

Осы арада, Нұрсұлтан Назар­баев өз өкілеттілігін тоқтатып қана қой­май, тәуел­сіздіктің ал­ғашқы жыл­дарынан бастап жеткен жетістік­терді әрі қарай жал­ғас­ты­­ратын са­бақ­тастықтың да негізін қалағ­анын атап өткі­міз келеді. Ол елімізде болып жат­қан процестердің бар­лы­ғы­нан жан-жақты хабардар, бар­лық жағдайды білетін білікті де тә­жірибелі мемлекеттік қайрат­кер Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақ­­станды әлемдегі ең дамы­ған 30 елдің қатарынан қосу мін­детін жал­ғас­­тыратын тұлға ретін­де ұсын­ды. 2019 жылғы 9 мау­сым күні өткен сайлау Ұлт көш­бас­­шы­сы таңдауының дұрыс­ты­ғын дә­лелдеп, Қазақстан халқы Қ.К.То­қаев­ты Президент етіп сайлады.

Қазіргі уақытта Қасым-Жомарт То­қаев­тың Қазақстан Рес­пуб­­ликасының сай­ланған Прези­денті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі айтқан сөздерінің іс жүзінде жүзеге асырылып келе жатқандығын атап өткіміз келеді. Ол былай деген болатын: «... Ақиқатын айтуымыз керек, бұл сайлауда біздің азаматтарымыз Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап дауыс берді! Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның көк туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті. Осы күн­дері менің атыма азаматтары­мыздан көптеген өтініш-тілек­тер келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елба­сымыздың жолын, Страте­гиясын сақтау және оны одан әрі нығайту. Шын мәнінде, халықтың дәл осындай өтініш-тілек айтуы – заңды, орын­ды. Себебі, қа­зіргі дамыған Қазақ­стан – бұл, ең ал­ды­мен, Елбасы­ның арқасы. Елбасы – қазақ мемле­кетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлем қауым­дастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз».

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы­на арналған Жолдауында, маңызды басқо­су­ларда Елбасы саясатының сабақ­тас­тығын сақтап, жүйелі рефор­малар жүр­гізу арқылы Тәуелсіз­дік­тің жетістіктерін еселеп, елі­міз­ді дамудың сапалы кезеңіне шы­ға­ратынын әрдайым айтып келеді.

Осыдан түйер ой, Қазақстан­ның Тұң­ғыш Президенті айқын­дап берген страте­гиялық міндет­тер­ді жүзеге асыру одан әрі жалғасуда.

Сонымен қатар өткен жылғы нау­рызда жариялаған тарихи Үндеуінде Ел­­басымыз Қазақстан халқына «...өз­де­рі­­ң­ізбен бірге бола­мын. Еліміздің, хал­­қы­мыздың қамы – менің мүддем бо­лып қала береді», деген болатын. Елба­сы­ның осы сөздерінің нормативтік-құқықтық негізі бар екенін де атап өткіміз келеді. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға сәйкес Тұңғыш Президентке, оның бірегей тарихи миссиясына орай, Қазақстан халқына және мемлекеттік органдарға міндетті түрде қарастырылуға тиіс бастамалар жолдауға, Парламент алдында, Үкімет отырыстарында сөз сөйлеуге, Қауіпсіздік Кеңе­сін және Қазақстан халқы Ассамб­леясын бас­қаруға, Консти­туция­лық кеңес құра­мына енуге өмірлік құқық берілген. Сонымен қатар Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев елі­міздегі ең ірі саяси күш – Nur Otan пар­­тия­сының Төрағасы болып табылады.

Осы арада, Қазақстан Респуб­лика­сын­да Елбасымыз негізін қалаған прези­дент­тік институтпен қатар Тұңғыш Пре­­зи­денті­міз­дің Елбасы ретіндегі ай­рық­ша құзы­рет­терінің де іске асырыла бастағанын атап өткіміз келеді. Яғни, Елбасы Н.Ә.На­зар­­­баев еліміздің алдын­да тұрған міндет­тер­ді жү­зеге асырудан тыс қалмауда. Мемле­кет­тің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыт­тары бойынша әзірле­нетін бастамалар Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Пре­­зиденті – Елбасымен тұрақты түрде келі­сілуде. Н.Ә.Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде бірнеше отырыс өткізіп, әлеу­меттік-экономикалық сала­дағы күрделі мәселелерді талқылады. Елба­сы бел­сенді сыртқы саясатпен де айна­­лысуда. Ол Қазақстан Республикасы мү­ше болып табылатын халықаралық ұйым­­­­дард­ың жиындарына қатысып, шет мем­­ле­кет­тер басшыларымен ресми кездесу­лер өткізді. Атап айтар болсақ, өткен бір жылдың ішінде Еура­зиялық эконо­микалық одақтың, Түркі­т­ілдес мемлекет­тер кеңесінің, Шан­хай ын­­ты­мақтас­тық ұйымы, Жапония Импе­ра­торы Нару­хи­тоның ресми таққа отыру рәсі­міне және басқа іс-шараларға қатысты. Сон­­дай-ақ жақында Мәскеуге жасаған сапары аясындағы Елбасының Ресей Пре­зи­дентімен кездесуі Қазақстан-Ресей қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерді.

Осы арада, туған халқы тарапынан Елбасылық жоғары мәр­тебеге ие болған Тұңғыш Пре­зи­­дент Н.Ә.Назарбаев пен сай­­лан­ған Президент Қ.К.Тоқаев­тың ел тәуел­сіздігін баянды ету жолын­дағы қоян-қолтық, үйле­сімді қызметі – Қазақ хан­дығының негізін салған Керей мен Жәнібек хандар заманындағы мемлекет басқару үлгісі қайталанғандай десек қате­леспеспіз.

Сайып келгенде, тарихи шешім қа­был­данғаннан кейінгі өткен бір жыл – Елба­сымыздың сарабдал саясатымен тәуелсіздік жылдары егемен еліміздің саяси басқару жүйесі мен сабақтастық дәстүрі берік қалыптасқанын көрсетті. Елбасымыздың «...Егер біз күшті болсақ, бәрі де бізбен санасады. Егер біз әлдеқандай күшке немесе басқа біреуге үміт артсақ, қол жеткізген жетістіктің бәрінен айырыламыз», деген сөзін естен шығармай одан әрі даму – барша қазақстандықтардың алдында тұрған маңызды міндет.

 

Әмірхан РАХЫМЖАНОВ,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор