Елбасы биігі
Әкім ТАРАЗИ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Адамды шыққан тауына қарап бағалау керек. Ол қайда көз салды, қайда ұмтылды, сол көздеген биігіне жету үшін не істеді, қалай жетті, жете алмаса, не тұсау болды, жете алса, қандай жанкештілікпен жетті, міне, осының бәрі адамның табиғаты, мінезі, азаматтығы, рухының күрескерлігі, ерік-жігері мен қажыр-қайратынан хабар беріп тұрады. Оның кім екенін көрсетеді. Өйткені биік тауға шыға алған адам ғана шалғайды көреді, ой көкжиегі кеңиді, алысқа көз салады.
Асқақ армандар, биік мұраттарға бой ұрады. Ал төбе-төмпешікке шыққан адам тұмсығының астындағысын ғана аңғарады. Аласа ойлармен, кішкентай мақсаттармен күн кешеді. Себебі ол әуел баста биікке ұмтылмаған. Қой торы күйбеңді, қоңыр тіршілікті місе тұтқан. Шыңға ұмтылғандар, шықпай қоймайды: олар тәуекелшіл, табанды, өжет келеді. Сол мінез тағдыршешті кезеңдерде шұғыл шешім шығаруға, мұраты үшін жанталаса күресуге, діттеген мақсатына жетпей тынбауға алып келеді.
Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылының саяси, әлеуметтік, мәдени тарихына көз салғанда, біздің қоғамға генератор болған осы тұлғалық мінез екенін аңдаймыз. Бұл мінез Нұрсұлтан Назарбаевта болды. Ол өзі ұмтылған биікке бәрімізді ұмтылдырды. Қоғамды, ұрпақты алға сүйреді. Бірден үлкен мақсаттар қойып, соған жұмыс істеді. Оны Қазақстан халқына жасаған Жолдауларынан көрдік. Әр Жолдауы Елбасы салған жолды айқындай түсті, оның мұраттарын айшықтай түсті. Ол көрген шалғайды кейде біз көре алмаған кездер де аз болған жоқ. Ол байқаған жайттарды дер уақытында байқай алмаған сәттеріміз де болды. Бірақ, осының бәріне қарамастан шын көшбасшылық қасиет өз биігін бағындырды. Сол биік – бүгінгі тәуелсіз еліміздің шыққан биігі.
Біз осы биіктен қарағанда нені көреміз? Күрделі әлемді, күн сайын құбылған дүниені, осы қым-қуыт, қайшыласқан әлемдегі саяси, экономикалық жағдайдың ортасында, жаһанданумен бетпе-бет келе отырып өз жолын табуға, өз бет-бейнесін жасауға, өз үлгісін қалыптастыруға, ұлттық кескін-келбетін, рухани моделін сақтап қалуға ұмтылған жас мемлекетіміздің жанкешті күресін, сол күрестің басындағы Елбасы тұлғасын көреміз.
Бұл күрестің мемлекет пен ұлт тарихындағы, қоғам және жеке адам өміріндегі үлесін, орнын келер ұрпақ айта жатар. Ал біз осы күресті, осы тарихты бірге өткердік. Тәуелсіз қазақ елінің жаңа дәуірін бірге аштық. Әрқайсымыз өз саламыз арқылы жас мемлекеттің іргетасын қалауға атсалыстық. Бұл біздің мойнымыздағы жауапкершілік әрі міндетіміз болды.
Нұрсұлтан Әбішұлы мәдениет пен өнер саласына ерекше қамқорлық көрсетті. Осы саланың өкілі ретінде оны айтпай кетуге, аттап өтуге болмайды. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» секілді аса ауқымды бағдарламалар еліміздің мәдени өмірін түбегейлі өзгертті. Сан салалы, алуан соқпақты жобалар жаңа серпін берді, ел руханиятын түлетті. Сананы өзгертті, сапаны көтерді. Мұның жемісін біз ғана емес, әсіресе келер заманның ұрпағы да көреді.
Былтыр, дәл осы күні Нұрсұлтан Назарбаев Президент ретінде өзінің өкілеттілігін тоқтатты. Тұтқиылдан соғып, төтеннен қабылданған тосын шешімдей көрінгенімен, жүз өлшеп, бір кескен, мың түйіп, бір тарқатқан шешім екенін түсіндік. Бұл күн де тарихқа айналды.
Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынуы халықтың ойынан шықты. Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымен бірге тәуелсіздігіміздің қалыптасуына күш-жігерін салған көрнекті саясаткер. Өзім ерекше сыйлайтын азаматтарымыздың бірі.
Биыл жыл тәуір басталған еді. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Алайда, әлемдегі алуан түрлі жағдай бізді де айналып өтпейді. Соны бірге өткереміз, қиындықты бірге еңсереміз. Халық болып қандай жағдайға да қам қыламыз. Ел аман, жұрт тыныш болсын.
Қазақстанның жолы болды
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,
ақын, Қазақстанның Еңбек Ері
Мен Нұрсұлтан Назарбаевпен жарты ғасырдан көп уақыт бойы таныспын. Осы жылдар ішінде бір-бірімізді жақсы таныдық деп үміттенемін.
Қайталап айтамын, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жүзеге асырылған реформаларға қолдау білдірдім.
90-жылдардың ортасында менің тарапымнан өткір қарсылықтар мен пікір қайшылықтары болғанын да айтуға тиіспін.
Мен саясатта жаңа тұлға емеспін. Өткен ғасырдың 70-жылдарының басынан 80-жылдарының соңына дейін Азия және Африка елдерімен байланыс бойынша Кеңестік комитет төрағасының орынбасары болдым. КСРО осы комитет арқылы ұлт-азаттық қозғалыстарға дем беріп, көмектесетін. Көмек нақты – қаржылай, қарумен және басқадай түрде. Жоғарыда аталған континенттердің елуден астам елінде болдым, ұлт-азаттық қозғалыстардың басшыларымен араластым, кейінірек олардың бірқатары жаңадан пайда болған мемлекеттердің басшылары болды.
Ангола, Мозамбик, Намибия, Оңтүстік Африка, Родезия (Зимбабве) сияқты елдердің тәуелсіздікке қол жеткен кезеңінің алғашқы апталарына, алғашқы айларына куә болдым. Араға жылдар салып қайта келгенде тәуелсіздіктің қорытындысын да көрдім. Азаматтық соғыс, президенттік орынтақ үшін тайпааралық тартыстар, ұзаққа созылған аштық. Жергілікті патшасымақтардың мәдениетсіз саясаты «демократия», «бостандық», «тәуелсіздік» деп аталатын, ұран болуға лайық ұғымдарды жоққа шығарды. Мен бұл арада деколонизация идеясын қоса айтуға да жүрексініп тұрмын.
1990 жылдардың бас кезіндегі тәуелсіздік, демократия ұғымы ТМД кеңістігіндегі елдерде жеңіл сынақтан өткен жоқ. Қазір де оңай емес. Жалпы, мемлекеттердің тарихында тәуелсіздігін жариялаудан оны сақтап қалу, баянды ету қиын. Бүгін менде бірсыпыра жайттарды салыстыра қарауға мүмкіндік бар. Әрбір қоғамның және саяси элиталардың тарихи реформаларға дайындығы туралы тұжырым жасауға да болады. Мұны кейінге қалдырмай қазір де жасауға болар еді. Бірақ оған біздің қоғам дайын емес сияқты. Біржақты пікірлер ешкімге қызық емес. Жақын болашақта, алдағы жиырма жылдықтарда «Қазақстан Республикасының алғашқы Президенттен, ал Назарбаевтың – қазақтай халықтан жолы болды» деп батыл айта алатын болашақ тәуелсіз сарапшыны мен жақсы түсінемін. Қазір ондай пікірлерге назар аудармайды. Ал болашақта назар аударатынына мен сенемін.
Жаңа заманның жасампаз тарихын жасады
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері
Қазақ халқының ұзына бойғы тарихында талай хандар, билер, көсемдер, шешендер, батырлар мен ақындардың өткенін жақсы білеміз. Менің ұғымымда қазақ тарихында Нұрсұлтан Назарбаевтай тұлға болған жоқ. Неге? Өйткені ол қазақтың сан мың жыл бойғы арманына жеткізді. Тәуелсіз мемлекет орнатты. Оны баянды етті. Әлемге танытты және мойындатты. Сөйтіп Көк байрағымызды желбіретті. Жаңа заманның жасампаз тарихын қалыптастырды.
Дәуірге татитын үлкен құбылыс жасады. Елорда салды. Ақорда тұрғызды. Ақорда – тарихымызда бірінші рет болып отырған оқиға. Адамзат тарихында тұңғыш рет дәстүрлі діндер басшыларының басын қосты. Елін Еуропаның төріне шығарды. Ислам конференциясын өткізді. Билік еткен жылдары бейбітшілік, ынтымақ, бірлікті ұлттық мемлекет саясатының туы етіп көтерді. Ешбір мемлекетте жоқ ынтымақ пен бірліктің тамаша үлгісіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды.
Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң жылдарында, қым-қиғаш қиындықтар мен қайшылықтарға толы уақыттарда Елбасының жанында болдым. Яғни Елбасының ұйқысыз түндерінің, мазасыз күндерінің куәсі болған жандардың бірімін. Бұл кісі ұлтымыздың дәстүріне сай үлкенді сыйлай біледі. Былтырғы жылдың 11 қаңтарында Елбасы маған телефон соқты. Әдеттегідей хал-жағдайымды сұрады. Аз-кем әңгімеден кейін «Қолың бос па? Қайдасың?» деді. «Жұмыстамын, Сіз айтсаңыз қолымды босатамын ғой», дедім. «Онда бір жарым сағаттан кейін жолықсақ қайтеді, әңгімелесейік», деді. Сағатыма қарасам, 11:00 болған екен. Сағат 12-ден 15 минут өткенде Ақордада болдым. Содан сағат он екі жарымда кірдім, ұзақ әңгімелесіп, сағат үште бір-ақ шықтым. Сонда бұл кісінің бір мәселені ақылдасайын деп шақырғанын сездім. Бұл кісі тарихи шешім, яғни елге, мемлекетке керекті шешім қабылдайтын кезде міндетті түрде бірнеше кісімен ақылдасады. Бірақ ол жолы әңгіменің ашығын айтқан жоқ. Бірақ не мәселе екенін сездім. Шынымды айтсам, Елбасының шешімін қолдамадым. «Әрине төңіректегі елдердің басшыларының барлығы Сізден әлдеқайда жас. Нұреке, олар да Сіздің жасыңызға жетсін, Сіздің абыройыңызды берсін. Аллаға шүкіршілік, Алланың берген абыройы бар. Әлемде абыройсыз емеспіз. Елімізді бүкіл Жер шары таниды», дедім. Сол кезде Нұрекең ойланып-толғанып жүр екен. Соны байқап қалдым. Шынында да осындай тарихи шешімге келу оңай емес. Бұл тарихта сирек кездесетін жағдай. Кез келген елдің тарихында тақ үшін болған тартыста талай қан төгілген. Ал біздің Елбасы әлем таңғалғандай, әлем тамсанғандай, күллі ел риза болғандай шешім қабылдады. Ешқандай қателескен жоқ. Өз ықтиярымен ел тізгінін көрнекті мемлекет қайраткері, кәнігі саясаткер, байсалды басшы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Мен Елбасының үлкенге құрмет, кішіге ізетпен қарайтын ерек қасиетіне риза боламын. Дәл осылай Нұрекең мен Қасым-Жомарт Кемелұлының сыйластығы, бір-біріне деген құрметі, ағалы-інілі екеуі елдік мәселелерді ақылдасып шешіп отырғандары қатты ұнайды.
Уақыт өлшеміне сыймайтын кемелдік
Куршад ЗОРЛУ,
профессор, саясаттанушы (Түркия)
Нұрсұлтан Назарбаев көшбасшылығының күш берер қайнар көздерінің бірі болып табылатын тұрақты көшбасшылық мәселесінде кешегімен салыстырғанда бұрынғыдан да теңгерімді ұстанымда екенін көрсетуі айрықша маңызды. Бұл жайт, сонымен қатар Елбасының өкілеттігін тоқтату жөніндегі шешімінің негізін қалаған тірек-белгілердің бірі.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында азаматтық қоғамы жеткілікті деңгейге көтеріле қоймаған, ұлттық бәсекелестікке негізделген капиталы қалыптаспаған, этностық топтарға бөлінушілік сезіліп тұрған. Саяси элитаның немесе ұзақ жылдар қалыптасқан әдеттердің Парламент депутаттары арасында да біршама көп болуы талқылау еркіндігі мен халықтың мүддесін ұлттық өлшемде қорғау қағидатын сәтсіздікке ұшыратып жатты. Н.Назарбаев Парламент депутаттарының тек өз сайлаушыларына немесе өз мүдделеріне ғана қызмет ететіндей түрде үгіт-насихат жүргізуіне және барлық жүкті Үкіметке артып қоюына қарсы шыққан еді. Одан кейінгі жылдарда бұған сай парламенттік түсінік қаншалықты дәрежеде жүзеге аса алды? Бірақ Елбасының 20 жылдан астам уақыттан бері ойында қалыптастырған модель теңгерім-бақылау тетігін сатылы түрде іске қосатын саяси-басқарушылық жүйе ретінде айқындалып келеді.
Бұл ауқымда 2017 жылы Н.Назарбаевтың қалауымен басталған және өз өкілеттіктерінің бір бөлігін Үкіметке/Парламентке тапсыруын қамтамасыз ететін конституциялық өзгерістер депутаттар тарапынан да қабылданды.
Қазақстанды 30 жыл басқарған Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурыз күні күтпеген бір шешіммен өкілеттігін тоқтатып, орнына Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынатынын мәлімдеді. Кейін 20 наурыз күні Қазақстан Парламентінде ант ету салтанаты өтіп, елдің жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Осы шешімнен кейін әртүрлі пікірлер айтылды.
Солардың ішінде ең бастысы «Н.Назарбаев осы қызметті мәжбүрлікке байланысты тастады ма?» деген сұрақ болды. Елде артып келе жатқан экономикалық қиындықтардың барған сайын қоғам қабаттарына жайыла бастауы тұрақсыздыққа себеп болар деген оймен осы шешімді қабылдағаны жөнінде де мақалалар жазылды. Шынында да, мұншалықты күшті көшбасшы денсаулығы мүмкіндік беріп тұрған кезде өз өкілеттігін тастай ма? Мұншалықты маңызды өкілеттік пен билік саласынан бас тарта алады ма?
Міне, осы сауалдардың жауаптары Н.Назарбаев көшбасшылығының басқару және саясаттану ғылымына қосар ең маңызды үлесі ретінде қаралуы тиіс. Қызметтен өз еркімен кету туралы бұл шешім тек Қазақстанға ғана емес, Орталық Азия аймағына, байланыстардың тарихи-стратегиялық маңызды себебіне байланысты аймақтағы өзге елдерге және Түркияға ықпал етеді. Өйткені Н.Назарбаев КСРО ыдырағаннан кейін тәуелсіздіктерін алған түркі республикаларының мемлекет құрушы президенттерінің арасында қызметте қалған жалғыз көшбасшы болатын. Сол себепті ол осы аймақтың жады іспетті. Тәжірибесі мен білігі арқылы «дуайен» деген атақ алды. Осы тұста Н.Назарбаевтың есімімен біте-қайнасып кеткен «дуайен» деген сөзге қысқаша тоқталып өту керек. Бұл сөз қоғамда жасы үлкен немесе мамандығы саласында білікті, тәжірибелі кісілер үшін қолданылады. Алайда Орталық Азияда болған оқиғалар мен қалыптасқан өмір салтын назарға алғанда, «дуайен» сөзін адамның өмір сүру жасы тұрғысынан емес, тұлғалардың, оқиғалардың және тіпті өмір сүріп жатқан уақытының деңгейінен асып кететін кемелділіктің белгісі ретінде қабылдаған жөн болар.
Өкілеттігін доғару туралы шешімге келер болсақ, Н.Назарбаевтың осындай қадам жасайтыны туралы бірнеше жыл бұрын білдірген едім. Сол себепті мен үшін күтпеген «тосынсый» болмады. Өзім қатысып жүрген бағдарламалар мен конференцияларда «Н.Назарбаевтың денсаулығы мүмкіндік беріп тұрған кезде өз еркімен өкілеттігін тастаған көшбасшы ретінде есімін тарихта қалдыратынын» айтып жүрген болатынмын. Н.Назарбаев бұл процесті жоғарыда айтып өткен Конституцияға өзгерістер енгізу жұмыстарына қарқын берген 2016-2017 жылдардан бастап жоспарлап жүрген болуы керек. 2017 жылы Конституцияға жасалған өзгерістермен 30-дан астам өкілеттігін Парламент пен Үкіметке берді. Елдің басқару жүйесін өзгерткен бұл өзгеріс қоғамда жеткілікті түрде зерделенбесе де, тағы бір өзгеріс лебі жақындап қалғаны түсінікті еді. Қазақстан біраз уақыттан бері күшті президенттік модельден президенттік-парламенттік жүйеге апарар жолдың негізін қалай бастаған-ды. Яғни, Президенттің жүйедегі орнын сақтайтын, бірақ Министрлер кабинеті мен әсіресе Парламенттің салмағы басым болатын, теңгерім мен тежегіш тетігі жақсы жұмыс істейтін саяси жүйе құру көзделді. Сонымен қатар Н.Назарбаев соңғы үш жылдан бері елдегі шенеуніктердің орташа жасын төмендетіп келеді. Жаңа буын туралы айтып, бірнеше айдан бері өзі қатысып жүрген телебағдарламаларда жастарға бағытталған пікірлер білдіруі осы көзқарастың жемісі.
Ал жаңа Президент Қ.Тоқаев осы кезеңді басқаруға лайық ең ықпалды есім екенін көрсетіп берді. Ел халқының оған деген сенімі жоғары. Халықаралық теңгерімдерді жақсы біледі. Уақытша Президент қызметін атқарған кезеңінде ең алдымен төмен табысты бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін қолға алды. Одан кейін табысы төмен азаматтардың несие қарыздарын мемлекет өз мойнына алды. Қазақстан осы сатыдан кейін ел ішіндегі демографиялық және экономикалық теңгерімдерді дұрыс құра алатын болса, бұдан да қарқынды дамуға бет алатын болады.