Оған дейін Әзербайжан астанасы Бакуде түбі бір түркі елдерінің басқосуына қатысып, саралы ойын білдірді. Мұның барлығы ел игілігі үшін атқарылған жұмыстар. Nur Otan партиясының жиынын екі рет өткізді, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы ретінде де көп жұмыстар атқарып келеді. Мұның барлығы – үлкен қызмет. Президенттіктен кетсе де, халықпен байланысын үзген жоқ. Халықаралық қатынаста да, экономикада да өз тәжірибесімен бөлісіп, кеңесін, ақылын аяп қалмады. Халықаралық аренадағы беделі еселене түсті.
Естуімше, халық та Елбасыны сағынғандай. Әлбетте, 30 жылға жуық ел басқарды, халықтың сағынуы орынды. Желтоқсанда кездескенімізде де жұмыстың көп екенін айтқан еді. Елбасының қазіргі жұмысына ризамыз.
Бұйырса, алдағы уақытта тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Салыстырып айтар болсақ, мен министр болып қызмет еткендегі Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанның арасы аспан мен жердей секілді. 30 жылда көп табысқа қол жеткіздік. Экономикамыз да, ішкі, сыртқы саясатымыз да, ауыл шаруашылығы да жүйеленді. Шекарамыз беки түсті, ядролық қарудан бас тартқанымыз да үлкен жетістік. Бұл ретте Елбасының еңбегі ерен. Халқына берген уәдесін орындау үшін уақытын да, денсаулығын да жұмысына арнады. «Қазақпын, елімнің патриотымын» деп күш-жігерін ел дамуына жұмсады. Бүгінде экономикасы дамыған, бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Елордамыздың да көркі көз тартады. Қазір қайда барсаң да, әлем халқы Қазақстанды танитын болды, Елбасы туралы ойлары да оң. Сондықтан осындай ұлы бар қазақ халқы, бір-біріне қамқор халқы бар Елбасы да бақытты.
Мен Нұрсұлтан Назарбаевты студент кезімнен танимын. Еңбек жолының ең алғашқы кезеңдеріне де куәмін. Халқымыздың игілігі үшін қызмет еткен азамат ретінде сыйлаймын.
Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының тұңғыш Сыртқы істер министрі