Қоғам • 19 Наурыз, 2020

Елордада құрылыс мекемелері мен мердігер ұйымдар штаттық режимде жұмыс істейді

316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

19 наурыз сағат 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтан қаласы бойынша карантин енгізілуіне байланысты елордалық Құрылыс басқармасы барлық құрылыс-монтаж жұмыстарының жалғасатындығын мәлімдеді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елордада құрылыс мекемелері мен мердігер ұйымдар штаттық режимде жұмыс істейді

- Қаладағы барлық құрылыс-монтаж жұмыстарының жалғасатындығын хабарлаймыз. Сондықтан барлықтарыңызды санитарлық-гигиеналық сақтық шараларын сақтап, сабыр танытуға  шақырамыз, - деді қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нүркен Төлендиев.

Хабарламаға сәйкес құрылыс нысандарында келесідей қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн:

  • Әрбір қызметкерге карантин жөнінде ақпарат беру.
  • Құрылыс нысандарындағы жеке құрамды гигиеналық құралдармен, атап айтқанда медициналық бетперде, антисептикалық құралдармен және басқа дезинфекциялық жабдықтармен қамтамасыз ету.
  • Қызметкерлердің денсаулығын үнемі тексерістен өткізіп, COVID -19 вирустарына тән симптомдар анықталған жағдайда, тиісті органдарға (103, 1406 нөмірлері арқылы) хабарлау.
  • Бір бөлмеде адамдардың шоғырлануына шектеу қою.
  • Құрылыс аумағын дербес аймақтарға бөлу.
  • Құрылысшыларды тұрақты мекен жайынан құрылыс нысанына және кері қайту бағыттарын бекітіп, тұрақты тасымалдау жүйесін ұйымдастыру.
  • Басқа өңірлерден келген және карантинге алынған аймақтан тыс жерде тұратын қызметкерлерді барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес тұрғылықты жермен қамтамасыз ету.
  • Құрылыс нысандарына бөгде адамдардың кіруіне тиым салып, қауіпсіздік шараларын күшейту.

Құрылыс басқармасы карантиндік іс-шараларға байланысты  талаптар өзгертілген  жағдайда  қосымша хабарлайды.