24 Тамыз, 2013

Үлкен тарих кішкентай ауылдан басталады

447 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Керемет көрініс: киіз үйлер қатар түзеген, самаурынның буы бұрқырап, қазан-қазан ет асылып жатыр. Асыр салып ойын қызығына берілген бала-шаға, ас қамымен зыр жүгірген қыз-келіншектер, көк майсаға жайғасқан қарттар...

Әр ауыл – шежіре. Мәселен, Ертіс өзені жағасындағы осы Ынтымақ- Қарақұдық-Қараөткел ауылдарында бес қажы, жеті әулие өмір сүрген екен. Қызылағаш болыстығы осы жерде болса керек. Ертістің Кереку өңіріне ислам дінін таратушылардың бірі Бейсенбай қажы осы Қараөткелде туған. Ауылға кіреберіс бұрылыста ұрпағы еске алып, өткен-кеткен жолаушы біліп жүрсін деген ниетпен Әбуқожалар әулеті орнатқан құлпытас тұр.

Көнекөз ақсақалдардың айтуынша, осы жерде Қанжығалы руы Абыз, Шомақтың ұлдары Боқты, Добалдан тарайтын бір қауым ел тұрыпты. Ұрпақ жалғасуда. Ауыл-ел өткеннің шежірелі жолын сақтап өз орнында отыр. Қараөткел ауылында Боқтының тоғыз әйелінен туған әулет үбірлі-шүбірлі ұрпақ таратып осы күнге жетсе, Ынтымақта Добалдың ұрпақтары мәуелі бәйтеректей қанат жайған көрінеді. Ақсақалдар Бейсенбай қажыны еске алғанда Сатыбалды деген байдың оған жасаған жақсылығын айтуды ұмытпайды. Сатыбалды Байтілестің 8 жасар ұлы Бейсенбайды Сібірдегі Бараба қаласындағы медресеге өзі апарып оқуға түсіреді. Бейсенбай оқуын аяқтап елге оралғанда оны Сатыбалды бай қарсы алып, Қараөткел ауылында медресе салдырып береді. Сол бір кездері салынған мешітті көзі көрген Әкрам ағай да асқа келіпті. Қазір сол мешіт тұрған жерде елге оралған оралман отбасы тұрады екен. Бейсенбай ауылдардан шәкірттер жинап, оларға сабақ береді, емшілікпен де айналысады. Кейін Сатыбалды байдың қолдауымен қажылыққа барады.

Бейсенбай атаның соңында қалған ұрпақтары Икрәм Қап­жапарұлы, Хамза Зейнішұлы, Ға­лы Зейнелғабиденұлы, Мұрат қа­жы Зейнішұлы бас қосты. Кесене тұрғызу, өткенге иман келтіру бастамасын елдің азаматтары Әбуқожалар әулеті, Жұмабек Хамзин, Абызбай Адамұлы, Амантай Мусин, Майда Көкенқызы қолдап, демеушілік көрсетіпті. Кесененің құрылысын Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп, Ақкөл-Жайылмадағы Исабек ишан кесенелерін тұрғызған «Қазақстан электролизі» АҚ зауытының вице-президенті Жұмабек Хамзин бастаған жігіттер жүргізді. Ал, кесене бой көтеріп, ауыл зиратының маңайын қоршалып қалыпқа түскен соң Бейсенбай қажының ұрпақтары дәстүрге сай Ас беруге елді жинады. Қажының көзін көрген, ол кісіден ем-дом алған, бүгінде жасы тоқсанның үстіне еркін шыққан Қидан ақсақал өткен күндерден көп әңгіме шертті.

– Бабалар басына кесене көтеріп, Ас берудегі мақсатымыз – өткеннің жолын бүгінгі ұрпақ, жастар, өсіп келе жатқан ұл-қыздар білсін, жалғастырсын деген ой. Тарихты ғалымдар жазғанымен, қарапайым ауылдың шежірелі ақсақалдарынан тыңдаған да бір ғанибет. Ауыл тарихы жайлы кітап шығарып едік, бәрі тарап кетті. Осыдан-ақ жұрттың тарихқа шөлдеп жүргенін көресің, – дейді Хамза Зейнішұлы ағамыз.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Павлодар облысы,

Ертіс ауданы.