Аймақтар • 19 Наурыз, 2020

Қарағанды облысында санитарлық бақылау күшейтілді

468 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі күнге дейін Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың бір де бір оқиғасы тіркелген жоқ. Бірақ, арқаны кеңге салуға болмайды: індетке қарсы қауіпсіздік іс-шаралары мүмкіндігінше күшейтілген.

Қарағанды облысында санитарлық бақылау күшейтілді

Қазіргі уақытта өңірде сауда-ойын-сауық орталықтары, супермаркеттер, дүкендер және адамдар көп жиналатын басқа да орындар, барлығы 661 нысан  санитарлық бақылаудың күшейтілген режиміне көшірілді.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров аталған нысандарда бірқатар қажетті іс-шаралардың қолға алынғанын атап өтті.

– Біз ірі супермаркеттер желілерінің иелерімен әңгіме өткіздік. Облыс бойынша қол шаятын барлығы 919 санитайзер орнатылды. Сауда орындарындағы себеттер, тауар сөрелері және витриналар күніне бірнеше мәрте зарарсыздандыратын ерітіндімен өңделеді, – деді ол.

Қазіргі таңда облыста барлығы 473 нысан жабылды. 12 кинотеатр, сауда-ойын-сауық кешені жанындағы 44 балалар ойын алаңдары, 167 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары және басқа да ойын-сауық орындары жұмыс істеуді уқытша тоқтатты. Сондай-ақ, 1 971 нысанда санитарлық режим күшейтілген.

Қалыптасқан жағдайға байланысты санитарлық дәрігерлер тарапынан мешіттерде, шіркеулерде, синагогаларда құлшылық етушілердің санын уақытша шектеу ұсынылды. Оларға діни рәсімдерді үйде өткізуге кеңес берілді.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары Қарағанды облысындағы 17 автопаркті бақылауға алды. Барлық келушілер  тепловизор құралы арқылы тексеріліп, қажет болған жағдайда карантинге жатқызылады.

Вокзалдарда, автостанцияларда, ХҚО-ларда, қонақ үйлерде, дәріханаларда, дүкендерде және басқа да қоғамдық орындарда дезинфекциялық құралдар қолданыла отырып, күніне екі рет жуып-шаю тәрізді тазалық жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, Қарағандыдағы «Сарыарқа» әуежайына ұшып келгендердің барлығы дәрігерлер тексеруінен өтеді. Қажет болып жатса, жолаушылар бірден карантинге жатқызылады.

 

Қарағанды облысы