Орынкүл шектеулі мүмкіндігіне қарамастан өмірлік мақсатына жеткен батыл әйел екен. Отбасында 4 бала өсіп келеді. Ісмерлігін үйретуден шаршамаған. Өзі тігіншіліктің қыр-сырына үйреткен 8 шәкірті қазір нағыз шебер болып алыпты. Соның арқасында цехтың жұмысын 24 сағат бойы тоқтатпай, екі ауысымда, кезекпен жұмыс істеуде.
Бірақ айтарымыз бұл жайында емес. Жақында бізге өзі хабарласқан Орынкүл апай бір сырын айтып, кеңес сұрады. 1998 жылы Қытай аумағынан оралған ісмер әйелдің әкесі 2 жасында арғы бетке ауған жұртпен бірге кеткен екен. Бұл 1930 жылдардағы ақтаңдақ кезең болуы тиіс, тәркілеуден кейінгі аштық зұлматымен тұспа-тұс келеді. Орынкүлдің білетіні, арғы аталарының балалары қазақ жерінде қалған.
– Әкемнің аталас туыстары осы жақта қалған екен. Үлкендері қудаланып, атылып кеткені анық. Ал олардан тараған ұрпақ соғыс жылдарында Балалар үйіне жіберіліпті. Ағайынды ұл мен қыз Қарағанды қаласындағы жетімдер үйінде өсіпті. Әкеміз туыстарын іздеумен өтті. 1970 жылдары Қазақстанмен хат-хабар алмасу жақсы жүріп тұрғанда іздеу салған, хабарын тауыпты. 1978 жылы болуы керек, сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне біздің әулетті іздеген шағын хабарлама басылыпты. Оны елдегі ағайын бізге жіберіп, әкем туысынан хабар алып, тапқандай еді. Ағайынымыздан 1980 жылдардың басына дейін хат келіп тұрды. Кейін ол тоқтап қалды. Біздің үйдегі хаттар жоғалды. Әкем қайтқан соң туыс іздеуге мүмкіндік болмады. Мекенжайы сақталмады. Атын да ұмытыппын. Тұрсынбек немесе Тұрысбек болуы керек. Өзі Қарағанды облысында ма, қаласында ма лауазымды қызмет атқарғаны анық. Әкеміз солай дейтін, – деп мұңайған Орынкүл «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы туысына іздеу салып, бір хабарын білуге құштар екенін айтты.
Қазіргідей ақпарат алмасу заманында Орынкүлдің бұл өтінішін жерде қалдыруға болмас. Осыған орай «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясы 1970-1980 жылдары Қарағанды облысында тұрған азаматтардың арасынан Орынкүл Баратжанның туысын іздеуді бастайды. Оқырмандардан қандай да бір ақпарат болса, редакцияға хабарласуын сұраймыз.
Алматы облысы