Медицина • 20 Наурыз, 2020

Үйде антисептик дайындаудың 4 әдісі

3817 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жұртшылық қол сүртетін антисептик таппай, әбігерге түсіп жүр. Бұрын дүкендерде қаптап тұратын антисептик қазір жұқпалы індетке байланысты қат болып кетті, табылған күннің өзінде бағасы шарықтап тұр. Осыны ескерген эпидемиолог-дәрігерлер  антисептиктің үйде дайындау әдісін ұсынуда.

Үйде антисептик дайындаудың 4 әдісі

Дәрігерлер ұсынған антисептик  жасау әдістерінің түрі көп. Соның ішінде тез әрі оңай жасалатын тәсілдерін іріктеп алдық.

Сонымен, бірінші әдіс бойынша, сізге керегі ­- 50 мл медициналық спирт, 30 мл глицерин, 5 тамшы кез келген эфир майы. Апельсин, грейпфрут, сары өрік, жалбыз майларын да пайдалануға болады, оны енді талғамыңызға қарай таңдайсыз. Осы дайын компонентерді жақсылап араластырасыз да өзіңізге ыңғайлы ыдысқа құйып аласыз. Антисептиктің құрамындағы спирт қолды микробтардан зарарсыздандырса, глицерин құрғап кетуден сақтайды, ал эфир майлары спирттің өткір иісін жойып, антисептикке хош иіс береді.

Екінші әдіс ­– 50 мл түймедақтың спирттік тұнбасына 50 мл су, 30 мл глицерин және 5 тамшы эфир майын қосасыз да араластырып, аузында бүріккіші бар құтыға құясыз.

Тағы бір әдіс ­­­­­­ - 50 мл медициналық спиртке 30 мл түймедақ шөбінің қайнатпасын қосып, спирттік тұнба дайындайсыз. Оған 7 тамшы шәй ағашының эфир майын және 1 ас қасық алое өсімдігінің сығындысын қосасыз. Бұл да микробтарды жақсы зарарсыздандыратын қасиетке ие.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да антисептикті үйде жасаудың тәсілін ғаламтор парақшасында жариялады. Олар бірден бір литрлік антисептиктің әдісін ұсыныпты.  Оны дайындау үшін сізге 830 мл спирт, 40 мл сутегі пероксиді және 14 мл глицерин қажет. Үшеуін 50 мл-дей сумен араластырасыз да ауа кірмейтін ыдыста, салқын жерде сақтайсыз. Көшеге шыққан кезде өзіңізге жетерлік бөлігін шағын ыдысқа құйып алғаныңыз абзал.

Мамандардың айтуынша,  вирустан сақтанудың басты жолы – гигиена сақтау, қолды жиі сабындап жуу. Ал сыртта жүрген жағдайда қолды антисептикпен жиі сүртіп отырған жөн.

Жоғарыда ұсынылған антисептиктердің құрамы кез келген дәріханада сатылады, бағасы да арзан. Жалпы құрамында спирті бар антисептиктің кез келгені бактерияны жоюға қауқарлы.  Бірақ дәрігерлер мүмкіндігінше спирті 70 пайыздан кем емес антисептикті пайдалануға кеңес береді.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ