Руханият • 20 Наурыз, 2020

24 жастағы өнерпаз «Алтын Орда» күйін шығарды

590 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таяуда ғана Қазақстанның Гиннесс рекордтар кітабына енген «Қорқыт» этно-ансамблінің өнерпаздары қазақтың өнер қоржынын домбыраның күмбірімен үндескен тағы да бір туындымен толықтырды. Күй – тарихи сипатқа ие болғандықтан, оның авторы мен орындауы да шығармашылық топ үшін айтарлықтай жаңалыққа айналары сөзсіз.

24 жастағы өнерпаз  «Алтын Орда» күйін шығарды

Жиырма төрт жастағы домбырашы, әрі топтың концертмейстрі Айбек Әрімбек ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығын өткізу туралы халыққа жария еткен соң, мерейтойға арнап күй шығару туралы ой келгенін айтады. Домбырамен қатар шаңқобыз, сыбызғы аспаптарын да жақсы меңгерген күйшінің айтуынша, алғашқы туынды бір аптаның ішінде туған.

«Күй өте жылдам темппен орындалады. Бұдан қазақ батырларының бейнесін көруге болады. Жалпы, жастарға патриоттық рух беру мақсатында шығарылған. Үш бөліммен тұратын күйдің ұзақтығы шамамен екі минутқа созылады», дейді Айбек Кенжебайұлы.

Қазақстанның Гиннесс рекордтар кітабына ену үшін Елорда төрінде өткен шарада «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы «Алтын Орда» күйін тұңғыш рет орындады. Топ жетекшісі Шолпан Қорғанбек жас таланттың туындысын жоғары бағалап, ансамбльге лайықтап өңдеп шыққан. 

Бұған дейін қазақстандық және шетелдік туындыларды орындап, өнер көрсетіп жүрген жас дарынның дебюттік шығармасының тұсаукесері 18 наурыз күні өтеді деп жоспарланған. Алайда шартарапты шарлаған коронавирусқа байланысты кейінге шегеріпті.