24 Тамыз, 2013

Қалаға бергісіз Қарауыл

525 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарауыл соңғы уақытта түрленіп, гүлденіп келеді.

Абай елінің орталығы түрлі халықаралық, республикалық, облыстық іс-шаралардың орталығына айналды. Аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің жетекшілігімен ауқымды шараларды қысылмай-қымтырылмай өткізерлік ахуал қалыптасты. Мәселен, Қарауылдағы Абай көшесі толық асфальтталды. Қ. Мұхаметхан, Құнанбай көшелері жөнделіп, жарықтандырылды. Құнанбай алаңы жайқалған гүлзарларымен, саябағымен еріксіз баурайды.

Қарауыл соңғы уақытта түрленіп, гүлденіп келеді.Абай елінің орталығы түрлі халықаралық, республикалық, облыстық іс-шаралардың орталығына айналды. Аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің жетекшілігімен ауқымды шараларды қысылмай-қымтырылмай өткізерлік ахуал қалыптасты. Мәселен, Қарауылдағы Абай көшесі толық асфальтталды. Қ. Мұхаметхан, Құнанбай көшелері жөнделіп, жарықтандырылды. Құнанбай алаңы жайқалған гүлзарларымен, саябағымен еріксіз баурайды.

Алтын балық пен қолтырауын мүсінді субұрқақ жанға жайлы демалыс орнына айналды. Мұның бәрі биыл жүзеге асқан құрылыстар. Аудандағы алты саябақты гүлмен қамтамасыз ететін жылыжайда 25 мың түп гүл өсіріледі. Оның 15 мың түбі – бір жылдық шырайгүл. Одан өзге шырмауық, балдыргүл, көпжылдық голландық канна, декорациялық мақсатта үш метрлік пальма, құрма өсімдіктері де өсіріліп отыр. Жылыжайға жылу қазандықтан беріледі. Ал төбесіндегі әйнектер ескі аурухананың бұзылған терезелерінен құралды. Гүлдердің тұқымы мен топырағына, өсіру жұмыстарына барлығы 1 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Ал гүлді сатып алса 7-8 млн. теңге жұмсалады екен. Бұл ауданның бюджетін үнемдеуге үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Жуырда абайлық бүлдіршіндерге арналған балалар алаңқайы пайдалануға берілді. Балабақша жасындағы балалардың алаңсыз ойнауына жағдай жасалған алаңқай құрылысына аудандық бюджеттен 25 млн. теңге бөлінді. Аудандық өнер мектебінің шеберлері жасаған аңдар мен жануарлардың мүсіндері сапалы әрі көз тартарлықтай әдемі. Ойын алаңында әткеншек, батут, балалардың ойыншық көліктері қойылған, орындық, жарықпен қамтамасыз етілген.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында құны 171 млн. теңге тұратын спорт кешенін салуға қолұшын созған Құлжановтар әулетінің еңбегі атап айтуға тұрарлық. Бүгінде Лондонда тұратын Медғат Құлжановтың жерлестеріне мұндай ауқымды сыйды жасауы тегін емес. Жақында өткен Елбасы жүлдесіне арналған қазақ күресі турнирінде «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алған Айбек Нұғымаров – Қарауылдың түлегі. Ақындар мен балуандар ауылында былтыр да бір спорт ғимараты мен сыңғырлаған Мәдениет үйі пайдалануға берілген.

Биыл 350 орынға арналған аудандық аурухана күрделі жөндеуден өткізілуде. Аудан орталығында 27 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жұмыспен қамту бағдарламасына орай 121 адамға 50 миллион теңге несие бөлінді.

Басқасын былай қойғанда, Абай ауданында бүгінде 460 мың қой-ешкі, 50 мың мүйізді ірі қара, 25 мың жылқы өсіріледі. Ал кеңес өкіметі кезінде аудан шопандары 430 мың қой баққан екен. Яғни, мал басы кеңес өкіметі кезіндегіден де көбейген. Бүгінде күніне 4 тонна шипалы сусын өндіретін Саржал ауылы қымызының даңқы алысқа кетті. Тұрғындар Шыңғыстау қымызының дәмі Италия балмұздағымен сайма-сай келеді деседі.

Бұрын Абай ауданының жүн шикізаты ешқайда өтпей, далаға төгіп тастайтындықтан, сай-саланың барлығы ақ-айран болып шашылып жататын. Енді ауданның шаруа қожалықтары жүннен де табыс табатын болады. Ауданда жаңадан «Дерикар» ЖШС-і іске қосылды. Аталған кәсіпорын «Ертіс» ӘКК арқылы 20 млн. теңге алған болатын. Қазіргі кезде цехтың облыс көлемінде 40-қа жуық шикізат дайындаушысы бар. 1 келі жүнді 40 теңгеден қабылдайды. Айына 200 тонна жүн өңдеуге қуаты жетеді. Кәсіпкерлер Ертіс Омаров пен Тасболат Битенов цехтың жүн жуатын құрал-жабдықтарын 150 мың АҚШ долларына сатып алыпты. Қазіргі уақытта Қытай кәсіпкерлерімен 2 жарым мың тонна жүн өткізуге келісім-шарт жасалған.

Думан АНАШ,

журналист.

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы.