24 Тамыз, 2013

Еліміз ғалымдары туберкулезге қарсы жаңа вакцина жасады

370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Вакцина

Еліміз ғалымдары өздері әзірлеген туберкулезге қарсы жаңа вакцинаны адамдарға сынап көрмекші. Бұл туралы Bnews.kz хабарлады.

Жаңа вакцинаның ерекшелігі жөнінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми- зерттеу институтының бас директоры, ветеринария ғылымының докторы, профессор Абылай Сансызбай былай дейді: «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты адам туберкулезіне қарсы жаңа вакцина әзірледі. Ол Сочиде маймылдарға, Ұлыбританияда күзендерге егіліп, сынақтан сәтті өтті. Жаңа вакцина өте жақсы қасиеттерін көрсетті. Ешқандай зияны болған жоқ, жануарлардың иммундық қасиеттері күшейе түсті.Биыл барлық рұқсат қағаздарын алдық. Клиникалық сынақты қазан айында өткіземіз. Жетпіс екі ерікті адам ниет танытты. Олардың жасы он сегізден елу жасқа дейін. Бұл өте күрделі жұмыс. Айту керек, мұндай клиникалық сынақ Қазақстанда ешқашан өткізілмеген. Бірінші рет жасалмақ. Мұндай жұмыс ТМД көлемінде бізде ғана жүріп жатыр. Үш жылда осындай жетістікке жетіп отырмыз».

Вакцинаны қолданудың әр түрлі әдістері - тілдің астына салу, мұрынға себу секілді амалдары қарастырылады. Қайсысы тиімді болады, соны қолданады. Әлемде туберкулезге қарсы жалғыз ғана БЦЖ вакцинасы бар екен. Алайда,оның иммунитеті жоқ, екіншіден вакцинаны салған жер іріңдейді. Ал біздің ғалымдардың әзірлеген жаңа вакцинаның ондай кері әсері жоқ. Мұның артықшылығы – ол векторлық вакцина, жаңа технологиялар бойынша жасалған. Ең бастысы, оны ауырып жатқан адамдарға да егуге болады, алдын-алу үшін де пайдалануға болады. Клиникалық сынақ өткізілетін жетпіс екі адамның отыз алтысының дені сау болса, өзгесі туберкулез дертіне шалдыққандар.

«Сынақтар бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының бақылауымен өтіп жатыр. Клиникалық сынақты өткізгеннен кейін, зерттеудің келесі үшінші, төртінші кезеңіне өтіп, 2015 жылы аяқтаймыз. Барлығы ойдағыдай болса, келешекте дүниежүзінде осы вакцина қолданылатын болады. Халықаралық патентке өтініш беріп қойдық . Бұл мемлекеттің ғылымға үлкен көңіл бөлуінің, қаржыландырудың, отандық ғалымдардың шетелде тәжірибеден өтуінің арқасында мүмкін болып отыр», - деп атап өтті сөз орайында А. Сансызбай.

Әмірхан Алмағанбетов.