Таным • 21 Наурыз, 2020

Қоғамның тыныштығын күзеткен

167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Полицейлердің мәртебелі қызметі қай уақытта болмасын жауапты әрі қажетті мамандық саналған. Түркістан қалалық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметінің аға учаскелік полиция инспекторы Самат Құлбайымбетов – жауапты қызметте абыроймен танылып жүрген азаматтың бірі.

Қоғамның тыныштығын күзеткен

Әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, сақтандыру жағдайлары бойынша нәтижелі еңбек етуде. Қызмет көрсететін аумақта қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалап, жол ережесін бұзғандар мен есік алдына күл қоқыс тастағандарды, қоғамдық орындарда темекі шеккендер мен ішімдік ішкендерді тәртіпке келтіреді. Жастайынан полиция болуды армандаған Самат Жарқынбекұлы ағасына қарап бой түзеген. Ішкі істер саласында қызмет атқарған туысынан тәлімін алып, тағылымына құлақ асқан.

Мектепті бітірген соң, Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да «Заңгер» мамандығын меңгереді. Еңбек  жолын учаскелік полиция қызметкерінің көмекшісі болып бастаған ол кейіннен  учаскелік полиция, аға учаскелік полиция инспекторы лауазымдарына жоғарылап, полиция капитаны шенін таққан. 

«Қоғамдық тәртіпті сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты мақсатым», деп білетін полиция капитаны қоғамда нөлдік төзімділіктің қатаң сақталуын қадағалайды.

– Мұнда қоғамдық тәртіпсіздікке, қоқысты бей-берекет орындарға тастау әрекеттеріне мүлдем төзбеу, яғни, азаматтардың ішкі мәдениетін қалыптастыру мәселесі көзделеді. Әрбір адам қоршаған ортада қарапайым ережелерді сақтап, тәртіп пен мәдени тұрмысты бірлесе жақсартуға үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Нөлдік төзімділік – таза әрі қауіпсіз қаланың кепілдігі. Біз көпшіліктен қарапайым ережелерді сақтауды сұранамыз, – дейді Самат Жарқынбекұлы.

Полиция капитаны қазіргі кезде Түркістанда пәтерде тіркеусіз тұрушылардың көптігін айтады. Құрылыс жұмыстарына еліміздің әр аймағынан келген жұмысшылар қарапайым ережені сақтауға құлықсыздық танытады екен. Заң негізінде арнайы тіркелу керектігін түсіндіретін полицей заңға бағынбағандарға айыппұл салып, әкімшілік хаттама толтырады. Бұл әрбір істі үлкен жауапкершілікпен атқаратын С.Жарқынбекұлының күнделікті жұмысы.

Осылайша полиция капитаны бала кезінен армандаған сүйікті қызметін абыроймен атқарып келеді.

Қайрат Зайнишев