Аймақтар • 22 Наурыз, 2020

Қарағанды облысында мейрамхана тігін цехына айналды

235 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының қалталы азаматтары ел басына күн туғандай болған қиын шақта өздерінің шынайы болмыстарының қандайлығын көрсете бастады. Олар Тұңғыш Президенттің барлық қазақстандықтарды Мемлекет басшысы мен Үкіметтің коронавируспен күреске бағытталған іс-қимылдарын қолдауға шақырған үндеуін дер кезінде үн қоса білді.

Қарағанды облысында мейрамхана тігін цехына айналды

Мысалы, «Қазақмыс» ЖШС компаниялар тобының еңбек ұжымдары коронавирусқа қарсы күрес үшін қаражат жинайтын қорға 400 млн теңге аударды. Сондай-ақ, бұл бастаманы «Шұбаркөл Көмір» АҚ, Абай ауданының «Шанс» пен Бұқар жырау ауданындағы «Жәке» шаруа қожалықтары, «Шерубай су» ЖШС, «Киров атындағы ӨК» ЖШС және басқа да  ірілі-ұсақты компаниялар қолдады.

Ал жезқазғандық кәсіпкер Ернар Ахметов қаладағы мейрамханаларының бірін тігін цехына айналдырды. Бизнесмен осыған дейін табысты жұмыс істеп келген тойханасына бес тігін машинасын қойып, мейрамханада еңбек ететін жиырма шақты қыз-келіншекке медициналық маска тіктіре бастады.

Жаңа мамандықты жылдам игерген ісмер жандардың қолынан шыққан бетперделердің алғашқы партиясын еріктілер мен қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қала тұрғындарына тегін таратты.

– Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Келесі кезекте қаладағы полиция қызметкерлерін медициналық маскалармен толықтай қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Жезқазғандықтарға бетпердені тегін тарату алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – дейді Ернар Ахметов.

Бұдан бөлек, кәсіпкер Ұлыстың Ұлы күні мерекесінде тұрмысы төмен бес отбасына азық-түлік алып беріп, мұқтаж жандарға шаттықты көңіл-күй  сыйлады.

Сондай-ақ, жезқазғандық тағы бір кәсіпкер, белгілі меценат, облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбековтің ұйымдастыруымен жергілікті  бизнес және көлік колледжінің директоры Светлана Жұмкина, «Jas Otan» жастар қанатының өкілдері, волонтер жастар мысты қаладағы қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларына Наурыз мерекесі күні азық-түлік толы себет, коронавирустың алдын алуға арналған медициналық өнімдер үлестіріп, мол сый-сияпат жасады.

 

Қарағанды облысы