24 Тамыз, 2013

Ғалымдар ғарыштан энергия көзін өндіруді қарастыруда

575 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Космос

Баламалы қуат көзін игерудің соны шешіміне қол жеткізу үшін ғалымдарымыз тынымсыз еңбектенуде. Соның ішінде ғарыштан энергия көзін өндірудің алғы шартына қазірден бастап кірісіп кетті. Бұл туралы «Айқын» газеті жазды.

Жаңа жобаның ерекшеліктері жөнінде «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің басқарма төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдікерім Зейнуллин айтып берді: «ЭКСПО – 2017» көрмесінің  «Болашақ энергиясы» деген атауының өзінде ғылым мен инноватика жатыр.  Сондықтан  ЭКСПО-ны өткізу шеңберінде арнайы ғылыми техникалық бағдарлама әзірледік. Біздің ол ұсынысымыз ұлттық жоспарға кірді. Қазіргі таңда ол бағдарлама тиісті талапқа сәйкес ғылыми-техникалық сараптамадан өтіп, Үкімет жанындағы жоғары техникалық комиссияның сараптамасына ұсынылған. Бұл бағдарламаға жиырма шақты жоба енді. Осы бағдарламаны жасар алдында зерттеу жүргіздік. Дүниежүзі елдерінің баламалы энергия саласындағы жаңалықтарын зерттедік. Көрмелерге де қатысып жүрміз. Сонда байқағанымыз, бұл салада айтылатын жаңалықтар бәлендей көп емес. Бәрі де  су, жел, Күн энергиясы сияқты дәстүрлі энергия көздерінен аса алмайды. Ал біз өз бағдарламамызға космос энергетикасын қосып отырмыз. Қазақша айтқанда, ғарыш энергиясы. Ол Күннен алынатын энергия. Алайда, бүгінгі біз алып отырған Күн энергиясы озон қабатынан өткенде, өзінің негізі қуатынан 100 есе азайып кетеді. Сондықтан озон қабатының жоғары тұсына космостық аппараттар қойылады. Ал жерде жоғары жиілікті сәулелерді қабылдайтын  қабылдағыш антенна орнатылады да, ол жоғары жиілікті сәуле шығаруды айнымалы токқа түрлендіреді де, оны тұтынушыға жібереді».

Бір ескере кететін жайт, көрмеге дейін ғарыштық аппаратты жасап үлгермеуіміз мүмкін. Сондықтан жердегі толқынды қабылдап алатын аппараттардың моделін жасап,  ұсынудың ғана мүмкіндігі туып тұр. Осы арқылы ғарыш энергиясының тиімділігі ЭКСПО қатысушылары мен келушілеріне таныстырылады. 

«Біздің екінші бір жобамыз – сутекті энергия. Осының арқасында болашақта  әрбір үйге электр желісін тартып, электр қуатын кіргізу қажет болмай қалады. Өйткені әр үйде қуаты күшті аккумулятор батареялары болады. Ол аккумуляторлар электр қуатын тез әрі молынан жинап алады. Бұл жобаны  біз Хюстон университетімен бірге жасап, көрмеге ұсынуды жоспарлап отырмыз» дейді Ә.Зейнуллин сөз орайында.

Данияр Түймебай.