Аймақтар • 23 Наурыз, 2020

Төтенше жағдайдағы Қарағанды: уақытты кім қалай өткізуде?

1114 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Төтенше жағдайдағы Қарағанды: уақытты кім қалай өткізуде?
  1. Серік Ақсұңқарұлы,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Мұндай жағдай тарихта болған. Мысалы, Пушкиннің заманында «Тырысқақ» деген індетке байланысты карантин жарияланып, ақын өзінің небір жауһар дүниелерін «Болдино күзі» деген атпен белгілі сол кезеңде дүниеге келтірген. Сондықтан, бұл уақытты да тиімді пайдалануға болады. Әйтсе де, менде уайым деген басым, ел-жұрт үшін алаңдаймын. Қазір бас алмай кітап оқып жатырмын...

Төтенше жағдай – ел-жұртты індеттен аман алып қалудың басты амалы! Тарихтың талай сынынан аман-сау өткен Алаш елі бұл сынақтан да сүрінбей өтетініне сеніміміз кәміл!

Әрбір Қазақстан азаматы төтенше жағдай кезіндегі қатаң тәртіпті сақтап, бір жерден сөз, бір жағадан бас шығаруы керек! Паника-дүрбелеңге жол бермей, тәртіпке бағынуымыз керек! Сабыр түбі – сары алтын, аяулы Алаш жұрты!

Төтенше жағдай кезінде көңілі алаң Алаш елін одан сайын алаң ойға салып, әлеуметтік желілерде жалған хабар таратып, дүрбелең туғызғысы келетіндерді жауапқа тарту керек! Елді алатайдай бүлдіруге, мүлде жол бермеуіміз қажет!

Біздің күш, қуатымыз – ұлттық бірлікте!

 1

  1. Қойлыбай Асанұлы,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы:

Университетте профессор болғандықтан дәрістерімізді, сабақтарымызды онлайн тәртібі бойынша жүргізіп жатырмыз. Қалай болған күнде де шәкірттерімізбен тікелей байланыс бар.

Бүкіл әлемдегі, біздің Қазақстандағы ахуал осындай болып тұр ғой. Сондықтан, тәртіпке бағынамыз, бағынуға тиістіміз де. Әрине, бір ай үйде отыру дегеніңіз адамның көңіл-күйіне кері әсерін тигізеді. Дегенмен, шығармашылық адамдарына бұл аса тиімді деп есептеймін. Аяқталмаған жұмыстар, ойға алған жобалар болады, соның бәрін аяғына жеткізуге бұл таатырмайтын мүмкіндік деген ойдамын.

Жасыратыны жоқ, үйдің алдына шығып, азырақ серуен құрып тұрамыз. Бірақ, қонақ шақыруды, қонаққа баруды тоқтата тұрған жайымыз бар.

 1

  1. Темірхан Абылаев,

Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Мемлекеттік органның басшысы болғандықтан үйде жайбарақат отыруға мүмкіндік те, уақыт та жоқ. Таңертеңнен кешке дейін жұмыстамыз. Өйткені, қазіргі жағдай соны бізден талап етеді. Әрине, қазір онлайн-режимде, әлеуметтік желілер арқылы жұмысты күшейтіп жатырмыз. Төтенше жағдайға байланысты қазіргі жұмыстың бағыты өзгерген, жоғарыдан тың тапсырмалар түседі, жауапкершілік еселеп күшейген.

Ал енді, бос уақыт болып жатса, кітап оқығанға не жетсін?! Мәселен, қан майданда жүріп те Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы сынды батыр аталарымыз шығармашылықты тоқтатпаған ғой. Шығармашылық жұмыс әрқашанда тоқтамауы керек.

Негізі, бұл үлкен сынақ, бұдан сабақ алуға тиістіміз. Түбі қайырлы болсын деп тілейік!

 1

  1. Думан Әбдіраманов,

«Қазцинк» ЖШС ашық кен орындары бойынша бас тау-кен инженері:

Өткен аптадан бері үйде отырып жұмыс істеуге көштік. Тау-кен орындарында диспетчерлік бекеттер бар, ақпараттық технологияның дамыған заманында солармен тығыз байланысқа шығып, қажетті материалдарды алып отырамыз. Жалпы, бейнекамералар арқылы жұмысты толық бақылауға мүмкіндік бар. Бірақ, ел-жұртты көзбен көріп, араласа жұмыс істегенге не жетсін?!

Біздегі ашық тау-кен орындары, атап айтқанда «Жәйрем кен-байыту комбинаты» және «Алтын тау-Көкшетау» кәсіпорындары бәрі қалыпты жұмыс істеп тұр. Негізгі технологияда жұмыс істейтін мамандар кесте бойынша еңбек етуде. Ал кеңседегі қызметкерлер барынша онлайн-режимде жұмыс істеуге көшіріліп жатыр.

Жалпы, кен орындарында санитарлық-гигиеналық тәртіпке өте қатты мән берілуде. Дезинфекциялық іс-шаралар толыққанды түрде жүзеге асырылып жатыр.

 1

  1. Бекзат Алтынбеков,

меценат, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты:

Бұл жағдайды мен Қазақстанда тұратын ұлт пен ұлыстардың басын біріктіретін ұлы сынақ деп қабылдаймын. Дәл осы сындарлы шақта біздің азаматтығымыздың, отансүйгіштігіміздің қандай дәрежеде екендігі анық  көрініс табады.

Қарамағымыздағы қызметкерлердің барлығын да демалысқа жібердік. Олардың еңбекақылары 100 пайыз сақталады. Коронавирус індетінің алдын алу іс-шараларына да өз үлесімізді қосып, егде адамдарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына медициналық маскаларды тегін тарату акцияларына қатыстық.

Жалпы, төтенше жағдай жарияланған уақыттан бері отбасы мүшелеріне көбірек уақыт бөліп, балаларымызбен арадағы қарым-қатынасты күшейтіп жатқан жағдайымыз бар. Қызмет, жұмыс деп шапқылап жүріп, бұл маңызды мәселеге жеткілікті мән бере қоймаған екенбіз. Соның орынын толтырудың мүмкіндігі енді келді. «Бір жамандықтың артында бір жақсылық бар» деген осы.

 1

  1. Ержан Базарбеков,

Қ.Байжанов атындағы Қарағанды облыстық филорманиясының әншісі, Ж.Елебеков атындағы ІІІ республикалық ән конкурсының гран-при иегері:

Қазақ жаман аурудың атын атамаған. Мынау «жаман тұмау» әлемге  тарап, елдің уайымдап отырғаны рас. Ел басшылары, қаймана қазақ болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бұл қиындыққа қарсы тұра білуіміз керек.

Өнер адамы ретінде сенбі-жексенбі күндері үйде отырмаушы едік. Қазақтың тойы бітпеген ғой. Үлкен мерекелерде концерттік шаралар болып, сахналарда ән айтып жатушы едік. Қазір мұның бәрі шектедік. Дегенмен, қарап жатпайық, қаңтарылып тұрмайық деген ниетпен «Қонғаның, өнер шіркін, бекер ме еді» деп бабалырымыз айтқандай, біз де хал-қадерімізше әлеуметтік желіден ән жолдап, халқымыздың көңілін көтеруге тырысып жатырмыз.

1