Аймақтар • 25 Наурыз, 2020

Маңғыстау: Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар жіті қадағалануда

1450 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір Маңғыстау облысындағы 12 ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ауданы 2,8 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 2012 және 2015 жылдары облыс әкімдігінің қаулыларымен жергілікті маңызы бар Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) құрылған. Бұл туралы Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстау: Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар жіті қадағалануда

Қазір олардың саны - жетеу, жалпы ауданы 1 046 746 га, ұзындығы 800 шақырымдай, Түрікпен шекарасынан – Атырау облысының шекарасына дейін созылып жатқан Үстірт қыратының шыңдарын және Бозашы түбегінің шығысын қамтиды. 

Олардың алтауы - заңды мәртебесі жоқ кешенді қаумалдар болса, біреуі – заңды тұлға - «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Сондықтан алты қаумал «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне» бекітілген. Қазір жануарлар дүниесін және табиғи ортаны қорғауға барлық шаралар алынып жатыр.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар облыстағы барлық аудандық Ішкі істер бөлімдерімен, облыстық табиғат қорғау полициясымен, Маңғыстау аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлескен жұмыс жоспарлы ұйымдастырылып келеді. Кордондарда мекеме қызметкерлері вахталық әдіспен жұмыс жасайды.

«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі аудандық Ішкі істер басқармаларымен, «Охотзоопром» батыс филиалымен бірлесе отырып, облыстық табиғат қорғау полициясымен 2019 жылы 557 рейд, оның ішінде бірлескен 51 рейдтік шараларға белсенді қатысқан болатын.

Күшейтілген күзет жұмыстарының нәтижесінде жабайы жануарлар өсіп келеді. Мысалы 2017 жылы ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің Ормандар мен жауарлар дүниесін қорғау комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жүргізген авиасанақ кезінде ерекше қорғалатын жергілікті аймақтардан 1509 астам арқар анықталса, 2018 жылғы бойынша жүргізген авиасанақ кезінде Киік, Үстірт арқары, Қарақұйрық және басқа да жабайы аңдардың саны көбейгенін көрсетті. Атап айтқанда 3700 киік, 1523 Үстірт арқары, 1000 Қарақұйрық анықталды. 2019 жылы авиасанақ кезінде Қызыл кітапқа енген аңдардың өсімі анықталды, атап айтқанда 2041 Үстірт арқары, 341 қарақұйрық және т.б.

Сондай-ақ, «Қызылсай» табиғи паркінің, «Адамтас», «Жабайұшқан» қаумалдарының кардондарына қуаттылығы 1-2 кВт/сағаттық күн батареялары мен жел генераторлары орнатылды.

2019 жылғы тамыз айында «Теңізшевройл» ЖШС тарапынан жұртшылықпен байланысты нығайтып, халықтың әлеуметтік жағдайына аса көңіл бөлініп, басқармаға қарасты «Қызылсай» мекемесіне арнайы 7 вагон-үйлер, 22 фототұзақтар мен 2 дрон сыйға тартылып, күннің ыстығы мен суығында қызмет етулеріне жағдайлар жасалды. Табиғат қорғаушылар байланыс құралдарымен, 29 автокөлікпен, оның біреуі өрт сөндіретін автокөлігімен қамтамасыз етілген.

«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты қаумалдар аумағына «Туристік экскурциялық соқпағының маршруттарының паспорттары» жасақталып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Комитетінің бұйрығымен бекітілді. Атап айтқанда Шетпе-Тасорпа, Ақсу-Темірбаба, Бейнеу-Есет, Жосалы-Бозжыра, Манашы-Өрмелі, Бейнеу-Көлеңкелі, Қызылсай-Тұзбайыр маршруттары бойынша туристерді табиғатпен таныстыру болып табылады. Сондай-ақ, жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері (тарифі) жасақталуда.

 

 

Маңғыстау облысы