Қазақстан • 25 Наурыз, 2020

Былтыр Ақтау теңіз порты арқылы 2 млн 100 мың тонна мұнай жөнелтілді

580 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша қазақстандық теңіз порттары арқылы қосымша жүк ағынын тарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар барынша маңызды.

Былтыр Ақтау теңіз порты арқылы 2 млн 100 мың тонна мұнай жөнелтілді

Қазіргі таңдағы көрсеткіш 3900 контейнерді құрап отыр. Енді жылына 15 мыңға дейін жеткізу күн тәртібіне қойылған.

2019 жылдың сәуір айында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының «Қазақ теңіз көлік флоты» серіктестігімен бірлесе Ақтау халықаралық теңіз сауда портынан Әзербайжан Республикасының бас қаласы Бакуге және кері бағытта әр апта сайын жөнелтіп тұратын тұрақты фидерлік желіні іске қосқаны мәлім. Аталған жоба Қазақстан үшін Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша өсім факторларының бірі деуге болады. Қазіргі уақытта Ақтау-Баку арасында контейнерлік жүк ағыны тоқтаусыз жүріп жатыр.

Өткен жылдың желтоқсан айында Каспий теңізімен шектесетін көрші мемлекетке жүк тасымалы көлемінің артуына байланысты «Түркістан» құрғақ жүк тасушы кемесі мен «Бекет ата» су көлігі де осы желіге қосылды.

- Транскаспий халықаралық көлік бағыты дегеніміз, бұл - теңіз порттары арқылы жүктерді бірнеше рет аударып тиеуді талап ететін айрықша мультимодальды бағыт. Жаһандық Транскаспий консорциумының үйлестірушісі ретінде біздің тарапымыздан транзиттік және сыртқы сауда жүктерін тарту бағытындағы жұмыстар тоқтаусыз жүргізіліп келеді, - дейді «KTZ Express» АҚ Транскаспий халықаралық көлік бағыты және мультимодальды тасымалдарды сату департаментінің директоры Абылайхан Есіркеп.

Құзырлы орындардың айтуы бойынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытына қазақ елі тарапынан қатысушыларының жақсы үйлестірілген жұмысының нәтижесі айқын көрініп келеді. Мысалы, 2018 жылмен салыстырғанда былтыр теңіз айлақтары арқылы контейнерлік жүк тасымалының көлемі 79 пайызға өскен. Осыны өз кезегінде рекордтық көрсеткіш деп айтуға толықтай негіз бар.

Бұл тұрғыдан қазақ мемлекетінің аумағы арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағыты, ТРАСЕКА және солтүстік-оңтүстік жаһандық көлік дәлізінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» серіктестігінің орны бөлек деп айтуға болады. Бүгінде Ақтау теңіз солтүстік терминалынан жүктерді өткізіп тасымалдау негізінен Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы мен Әзірбайжан елінің теңіз порттарына бағытталған. 

- Жүктерді аударып қайта тиеу бойынша терминалдың жылдық қуаты 3 млн тоннаны құрайды. Оларды бас жүктер мен астық деп бөлетін болсақ, әрқайсына 1,5 тоннадан келеді. Ал контейнерлерді ауыстырып тиеу бойынша терминалдың инфрақұрылымдық мүмкіндігі жылына 20 футтық баламамен 70 мыңнан астам контейнерді құрайды. Өз кезегінде бір мезетте 6 мың дана контейнерді сақтау мүмкіндігі және бар, - дейді «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» ЖШС бас директорының орынбасары Нұрлан Төлеуғалиев.

Еліміздің екінші теңіз айлағы саналатын Құрық паромдық кешенінің де трансқазақстандық транзитті дамытуда ролі жоғары.Аталған теңіз порты пайдалануға берілген кезеңнен бері оның қызметкерлері 1394 кемені қабылдап, 4 жарым млн тоннаға жуық жүктерді ауыстырып тиеген.

- Былтыр бір млн 400 мыңға тарта әртүрлі жүкті ауыстырылып, қайта өткізілді. Оның 853 мың тоннасы импорт, қалып тұрған 512 мың тоннасы экспорттық бағыттағы жүктер. Қазіргі уақытта Құрық порт кешені арқылы сырт мемлекеттерге қазақстандық астық пен көмір, мұнай және химия өнімдері, тыңайтқыштар жөнелтіліп келеді, - дейді «Құрық порты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Талғат Оспанов.

Ақтау теңіз порты арқылы былтыр 2 млн 100 мың тонна мұнай жөнелтілген, сондай-ақ, 800 мың тонна астық Иран Ислам Республикасына, 50 мың тоннаға жуық түрлі-түсті металл Әзербайжан мен Грузияға экспортталған.

 

Маңғыстау облысы