27 Тамыз, 2013

Қызыл тас

440 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» кие туралы «Кие – көне мағынамен бірдеңенің пірі, иесі, қасиеті, немесе кие­сі атты (ұрды)-қарғысына ұшы­рады. Киесі жолықты (ұшырады) – кесапаты тиді» деп жазылған. Десек те, күнделікті өмірде оған мән бере бермейміз, адамның да, жан-жануардың да киесі болатынын ескермейміз. Соның зардабын да аз тартып жүрген жоқпыз. Соған мысал ретінде төрт-бес жылдың ар жақ, бер жағында болған бір оқиғаны оқырмандар назарына ұсынғалы отырмын.

2002 жылы ашаршылықтың жетпіс жылдығына орай Ертіс ауы­лының дәл ортасына Баянның қызыл тасынан белгі қойылып, оған:

«Аштық апаты мен Саяси қуғын-сүргін құрбан­дарына арнаймыз.

Бас иейік жас алып көзімізге,

Бабалардың өсиет сөзі бізге.

Бір ескерткіш қоймасақ күнә болар,

Тәуелсіздік алған мәрт кезімізде»

– деген сөздер қашалып жазылған болатын.

Осы ескерткішті аудан әкімі Абызбай Адамұлы бастаған ел азаматтары орнатып еді.

Бұл тастың тарихы бар. 1979 жылы аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Бағұстар Аманоллаұлы Рамазанов Баянауыл ауданындағы киелі Қызылтаудан Иса Байзақұлының мүсініне тұғыр ретінде пайдалану үшін осы тас­ты әкелгізгенді. Белгісіз себептермен ескерт­кіш қойылмады. Қызыл тас сол жерде аттай 23 жыл жатты. Салмағы 40 тоннадай, биіктігі 14,5 метрден асатын осы тасты екі кран жалдап, бүкіл ел болып әрең жет­кіз­­­ге­німіз есте. Мен мұны жайдан-жай еске алып отырған жоқпын. Соңғы кезде осы тас орнында жатқан жоқ деген сөз шыға бастады.

Біреулер өз орнында жатқан жоқ, сыртқа шығару керек, Аю зиратының қасына қою керек дейтін көрінеді. Ондай әңгімелер бұрын да айтылып, бұрынғы аудан имамы, бұрынғы халық қалаулысы, бұрынғы әкімдер біраз әуреленген. Оларынан ештеңе шыққан жоқ. Қызыл тасты қозғаймыз дегендердің бәрі қызметтерінен айырылды, бастары пәлеге қалды. Осының бәрін кездейсоқтық дей алмаймын.

Ендеше, ағайын қасиетті қызыл тасты қозғамас бұрын жақсылап ойланыңыздар дегім келеді. Мұндай әрекет орын ала қалса, аштық құрбандарының аруақтары да риза болмасы анық. Павлодар қаласында ашар­шылық құрбандарына орнатылған белгі қала әкімдігінен қашық емес. Алайда, оны қала шетіне шығарып тастаймыз деп жатқан ешкім жоқ. Онда біздің желөкпелерге жол болсын? Олар жаңа әкімді жағалап, алдымен осы мәселені шешу керек деп құлағына сыбырлап жүрген көрінеді. Оларға өткеннің өкініші сабақ болмаған-ау, сірә?!

Елемес ҚАСЕНОВ,

дербес зейнеткер, ауданның құрметті азаматы.

Павлодар облысы,

Ертіс ауданы.