27 Тамыз, 2013

Бұхар бұғысы

676 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

SDC10760-1Оңтүстік Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағы Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарларды сақтап, табиғи байлықтарымызды дұрыс пайдалануға бағытталған. Өңірлік саябақтың жалпы көлемі 119 978 гектарды құрайды. Осындағы Түркістан филиалында Бұхар бұғылары өсірілуде. Елбасымыз Н.Назар­баев Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына сыйға тартқан сегіз бұғының саны қазіргі таңда 50-ден асыпты.

Оңтүстік Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағы Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарларды сақтап, табиғи байлықтарымызды дұрыс пайдалануға бағытталған. Өңірлік саябақтың жалпы көлемі 119 978 гектарды құрайды. Осындағы Түркістан филиалында Бұхар бұғылары өсірілуде. Елбасымыз                 Н.Назар­баев Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына сыйға тартқан сегіз бұғының саны қазіргі таңда 50-ден асыпты.

 

SDC10760-1

Кейбір мәліметтерге қарағанда, Сырдария өзенінің бойын мекен еткен Бұхар бұғысы өткен ғасырдың 60-жылдары жойылып кеткен көрінеді. 2000 жылы бұл аңдарды күтіп баптауға ҚР Білім және ғылым министрлігінің зоология институты белгілеген рацион бойынша жем-шөп, көкөністері қарастырылған. Сөйтіп, Сырдария өзені бойынан 2 гектар жер аумағында тұқымбақ орналастырылады. Бұл, әрине, ескі шаһардың табиғатына көрік беруде.

«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағының екінші филиалы – Сырдария. Елімізде кездесетін 100-ден астам балық түрлерінің 40 шақтысы осы жерде өсірілуде. 59901 гектар аумақты құрайтын Сырдария филиалы Қызыл кітапқа енген ақ амур, сазан, көксерке, қаяз сынды балықтардың мекеніне айналған. Сондай-ақ, Боралдай табиғи саябақтың ең әсем орындарының бірі. Мұнда соңғы кездері демалушылар саны артып отыр. Жалпы, өңірлік саябақта туризм саласының алатын орны ерекше. «Саябақта көрікті жерлер өте көп. Сырдария өзенінің жағалауы мен Боралдай тау жотасында маусымдық экотуризмді дамытуға мүмкіншілік бар. Бүгінгі таңда туристік соқпақтарды анықтау, паспорттарын бекіту және оларды абаттандыруға ұсыныстар беру жұмыстары жүргізілуде. Халыққа үгіт-насихат, яғни келген демалушылар арасында орманды өрттен сақтау, ағаш-бұталарды сындырмау, аң-құстарды қорғау туралы жариялау жұмыстарына да қадамдар жасалуда. Табиғаттың бұрынғы қалпын сақтай отырып, демалушылардың сүйікті орнына айналдыру үшін – біздің басқарманың туризм рекреация және экоағарту бөлімі қолдан келгеннің бәрін жасауда» дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев.

Саябақта орман екпелерін отырғызуға және көгалдандыруға қажетті заңды және жеке тұлғаларға сату үшін көшеттер өсіретін 35,7 гектарды құрайтын 5 тұрақты және уақытша орман тұқымбақтары ұйымдастырылған. Қазіргі таңда бұл тұқымбақтарда 9 түрлі көшеттердің 1 млн. 700 мың данасы өсірілуде. Күзде 72 гектар көлемде мәдени екпелер отырғызу жос­парланып отыр. Аң, құстарды қорғауды қамтамасыз ету және табиғи саябақ аумағы мен оның күзет аймағындағы жануарлар дүниесі туралы заңнама талаптарын сақтау жөнінде рейдтер ұйымдастырып, тексерулер жүргізілуде. Сырдария қырғауылын, Қаратау арқарын сұғанақтықтан қорғау мақсатында арнайы топ құрылған. Жыл басынан бері мемлекеттік инспекторлар тарапынан сұғанақтықтың алдын алу мақсатында өңірлік саябақтың аумағында 111 рет, оның ішінде құқық қорғау органдарымен бірге 14 рет рейдтер жүргізіліп, заң бұзушылықтың 14 оқиғасы анықталды. Атап айтқанда, заңсыз ағаш кесудің 3 оқиғасы анықталды. Екі орман тәртібін бұзушы азаматқа 34,6 мың теңге айыппұл салынып, жалпы табиғатқа келтірілген залалды өндіру жөнінде 3 азаматқа 12,1 мың теңгеге талап-арыз қойылып, өндірілді. Бұрынғы кезбен салыстырғанда қазіргі кезде өңірлік саябақта туристік және рекреациялық мақсатта демалу орындарын ұйымдастыруға барлық мүмкіншіліктер бар.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.