27 Тамыз, 2013

Ішкі жалпы өнімді өсіруге мүмкіндік бар

203 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру мәселесі жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

01-1 26-08

 

01-1 26-08

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру мәселесі жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы бюджетті қалып­тастыру ел алдында тұрған, соның ішін­де «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген мақ­саттарға қол жеткізуге бағыт­тал­ғанын атап өтті.  

– Мемлекеттік қаражатты тиім­ді пайдаланып, бюджет түсім­­дерінің көздерін жыл сайын ұлғай­тып отыру қажет. Көрсе­тілген өлшемдерге қол жеткізу үшін Пар­ламент қарауына енгізілетін бюджет жобасы әзірленді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз баяндамасында Премьер-Министр С.Ахметов 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі пара­метрлері туралы мәлім етті.

– Аталған кезеңдегі эконо­ми­ка­ның нақты өсімі 6-7 % деңгейінде жос­парлануда. Осы көрсеткіштер негі­зінде 2014-2016 жылдарға арналған рес­публикалық бюджет өлшемі қалып­тастырылды, – деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ, С.Ахметов Мем­ле­кет бас­шысының ішкі резервтерді қарастыру жө­ніндегі тапсырмасын ескеріп, рес­пуб­ликалық бюджеттің шығысы ішкі жалпы өнімнің 17,4 %-ын құрайтынынан хабардар етті.

– Жергілікті бюджеттер ая­сында субвенция 81 млрд.-қа қысқарады, ал бюджеттік ақшаны алу, біздің өңір­лерімізді дамытуды ескере отырып, 24 млрд. теңгені құрайды. Респуб­ли­калық бюджеттің базасында біз мемлекеттік бюджетті қалып­тастырдық, оның шығысы ішкі жалпы өнімнің 20,4 %-ын құрайды. 2014 жылға арналған бюджеттің жаңа бастамасы Сіздің Қазақстан хал­қына Жолдауыңыздан бас­тау алады. Негізінен, ол даму бағ­дарламаларын жә­не дағдарысқа қарсы шараларды іске асы­руға бағытталады, – деді Премьер-Министр.

С.Ахметов жаңа бюджеттік саясат тұжырымдамасы аясында Үкімет Ұлттық қордың негізгі па­ра­метрлерін сақтайтынын да баяндады.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев рес­публикалық бюджет шығыстардың мақсатқа сәйкестілігі мен объек­тивтілігі қағидаттарын ескеріп қалыптастырылғанын атап өтті.

– Біздің тарапымыздан мем­лекеттік салалық бағ­дар­лама­лардың көпшілігі қайта әзірленді. Қаржы министрлігімен бірлесіп биыл біз бюджет қаражатын пайдалану бойынша ай сайын мониторинг жүргіземіз. Біз белгіленген параматерлерге қол жеткізу үшін игерілмеген қаражатты азайту шараларын да қарас­тырамыз. Осы жылы ин­вестициялық жобалар бойынша құжаттарын ұсынбаған әкімшілерге рұқсат бермейміз. Біз сондай-ақ мемлекеттік органдарды ұстап тұруға байланысты ағымдағы шығыстарды қайта қарастырдық, – деді Е.Досаев.

Қаржы министрі Б.Жәмішев биылғы және келесі жылдардағы са­лықтық түсімдер ішкі жал­пы өнім деңгейінің 10,2 % мөлшерінде жоспарланғанынан хабардар етті. Ол республикалық бюд­жетті мемлекеттік салалық бағдарламалар негізінде қалып­тас­тыру соңғы нәтижені нақты бағалай отырып мемлекеттік шы­ғыс­ты кешенді жоспарлауға мүм­кін­дік беретініне тоқталды.

Мемлекет басшысы бюджеттік қаражат ел дамуының басты параметрлері – экономиканың өсімін және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін қатаң түрде жұмсалуы тиістігін атап көрсетті.

– Салықтық және кедендік әкімшілендіру бойынша кейбір мәселелер бар. Мысалы, атап айтқанда, экономиканың 20 %-ға жуығы «көлеңкелі» болып отыр.Сонымен қатар, негізделмеген салықтық жеңілдіктердің басым көпшілігіне талдау жүргізу қажет. Тиісті саланы дамыту үшін олардың тиімділігіне талдау жасау негізінде салықтық жеңілдіктерді қайта қарастырып, қайта бөлу жөніндегі жұмысты жалғастыру талап етіледі, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мем­ле­кеттік қаражаттың шығысына ба­қылау жасауға және олар­дың дер кезінде игерілуіне жауап­кер­ші­ліктің қажеттігіне назар аударды.

– Жалпы, бюджет пен елдің әлеуметтік-экономикалық да­муы­ның орта мерзімді жоспарын қалыптастыру көзқарасын және 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдаймын. Еліміздің ішкі жалпы өнімі өсетін болады – бұл үшін барлық мүмкіндік бар. Біз Ұлттық қордың қаражатын осы мақсатта, инфрақұрылымдық нысандарға пайдаланамыз, ол жаңа жұмыс орындарын құрып, экономиканы, құрылыс саласын дамытуға қосымша серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті мем­лекеттік құрылымдардың бар­лық шығысына және олардың өза­ра әсеріне тұтас талдау жасау, сондай-ақ ұлттық хол­дингтер мен компаниялар ең­бек­керлерінің әкімшілік және әлеу­меттік-тұр­мыстық еңбек жағ­дайын жақ­сартуға арналған шы­ғыс­тарды оңтайландыру қа­жеттігін атап өтті.

– Сонымен қатар, мемлекеттік меншіктегі, тиімсіз және бейін­ді емес міндет атқаратын мем­лекеттік объектілерді жеке­мен­шік секторға беру жөніндегі жұ­мысты жеделдеткен жөн, – деді Нұрсұлтан На­зарбаев.

Кеңес қорытындысында Мем­лекет басшысы қарастырылған мә­селелер жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар беріп, рес­пуб­ликалық бюджет жобасын ел Парламентінің қарауына енгізуді тапсырды.

–––––––––––––––––

Суреттерді түсіргендер

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.