Тарих • 27 Наурыз, 2020

«Сталиндік сұңқар»

167 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғысқа сандаған қазақ офицер-ұшқыштың қатысқаны тарихтан белгілі. Ал бізге олардың көшін бастап тұрған әйгілі ұшқыш Талғат Бигелдиновпен тұстас бірнеше ұшқыштың ғана аты-жөн­дері таныс. Көпшілігін біле бермейміз. Есім­дері мен ерлік істері аз айтылып келген ұшқыш­тардың бірі – Рашид Нұрсұлтанұлы Бекетов.

«Сталиндік сұңқар»

Жерлесіміз майданда жау төбе­сіне жасын ойнатып, «Сталин­дік сұңқар» атанған ұшқыштардың бірі болған. В.Чкалов атындағы Борисоглебск ұшқыштар мек­тебін бітірген ол әйгілі генерал С.Руденко бас­қара­тын әуе күштерінің 16-армиясы құрамында тағы бір шым­кенттік ұшқыш Михаил Придан­цев­пен бірге шай­­қасады. Екі жерлестің қызмет ететін полкі соғыстың ба­сында-ақ көзге түсіп, Александр Суворов және Алек­сандр Невский ор­ден­дерін алған әскери полк бола­тын. Қазақтың қыран жігіті ал­ғаш­қы ұрыстардың өзінде-ақ неміс­тің «Хенкель» бомбалаушы ұша­ғын атып түсіріп, өзімен қатар, полк ұш­қыш­тарының да даңқын есе­лейд­і. Одан кейінгі шайқастарда да көп­теген ер­лік жасап, көзге тү­седі. Тіп­ті өзінің де ұшағы отқа ора­­нып, жаралы күйінде парашютпен секіріп, аман қал­ған сәттері де кез­дес­кен. Алайда Рашид жарақаты жазы­ла сала көкке қайта көтеріліп, жау­­мен жан аямай шайқасқан. Ерлік ес­­кері­ліп, қазақ қыранына алғаш­қы на­града – Жауынгерлік Қызыл Ту ор­дені бері­леді. Осын­дай қым-қи­­ғаш ұрыс жүріп жатқан күндер­дің бі­рінде әуе күштеріне қарасты 16-ар­­мияның қолбас­шысы генерал-майор С.Руденкоға 1-Беларусь май­­­даны­ның қолбасшысы Георгий Конс­­­тантинович Жуков телефон соғып:

– Армияңда қазақстандық ұшқыштар бар ма? – деп сұрайды.

– Әрине бар, жолдас қол­бас­шы! – дейді генерал.

– Болғанда да ол нағыз қыран және қазақ болуы тиіс! Кәне, аты-жөнін айт, – дейді майдан қолбас­шысы.

– Ондай қазақ бар. Ол – Рашид Бекетов. Нағыз сталиндік сұңқар! – деп саңқ ете қалады генерал.

– Олай болса, біздің майданға Қазақстан жұмыс­шы­лары жіберген жаңа ұшақты салтанатты жағдайда соған тарту етіңіз, – деп әмір береді майдан қолбас­шысы.

Иә, бұл ұшақ Семей жұмыс­шыларының жеке қар­жысына жасалған болатын. Сондықтан олар май­дан қолбасшылығынан қайткен күнде де бұл ұшақты қазақ ұшқышына табыстауды өтінеді. Май­дан қолбасшысының бұл бұйрығы ертесіне-ақ орын­да­лады. Армия штабынан жеткізілген су жаңа ұшақ бүкіл полк алдында салтанатты жағдайда қазақ ұш­­қы­шына, яғни Рашид Бекетовке тапсырылады. Батыр ұшқыш бұл ұшақпен одан кейін де жау төбе­сі­­нен сан мәрте жасын ойнатып, күйрете соққы бере­ді. «Ста­линдік сұңқар» атанған ұшқыш Рашид Бе­кетов жеңіс күніне де аман жетіп, майдан жолын Гер­ма­нияда аяқ­тайды. Оның ерлік істері І және ІІ дәре­желі Отан соғы­сы мен Жауын­герлік Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз орден­дері­мен марапатталады. Біраз уақыт Гер­мания­да қыз­метте болып, кейін туған жері Шымкентке оралады.

Қазақтың ержүрек ұланы­мен бір майданда болған ұшқыш­тардың естелігінде Рашидтің нағыз қаһарман ұшқыш болғандығы жайлы көп айтылады. Тіпті Украина аспанындағы шайқасынан кейін оның полкында «Бекетовше ұшып, Бекетовше шайқасу» деген тер­­мин қалыптасқан екен. Бұл майдан­дастарының қазақ ұшқы­шына берген зор бағалары болса керек.

Шымкенттік журналист Люд­мила Ковалева да ұшқыш жайында біраз еңбектенген екен. Оның «Ста­линдік сұңқарлар» атты мақа­ласынан Рашидтің ата-ана­сы­ның ел­ге белгілі адамдар болға­нын ба­ғам­дадық. Ал ержүрек ұшқыш жай­лы жалпы мәліметтер әзірге осы ғана.

 

Мұхтар АТАБЕК,

журналист

 

ШЫМКЕНТ