Коронавирус • 27 Наурыз, 2020

Індетпен күрестегі Қытай тәжірибесі

329 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаһанды дүрліктіріп, адамзатты күйзелтіп отырған коро­­навирус пандемиясын ауыз­­дықтап, оның бетін қай­та­­руда жақсы нәтижелер жоқ емес. Ақпараттық ке­ңіс­тікте тілсіз жаудың тілін тауып, оны еңсеруде қол жет­кізілген табыстар туралы мәлім­демелер жария­ла­на бас­тады. Мәселен, пан­де­мия­ның бастапқы ошағы бол­ған Қытай елі «құмырадан шы­ғып кеткен жыннан» бетер вирустың екпінін басуда әжептәуір іс тындырған көрі­неді. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Қа­зақ­стандағы Бас консулы Гэн Липиннің әңгімесі төмен­де­гідей.

Індетпен күрестегі Қытай тәжірибесі

Бүкіл әлемді алаңдатып отыр­ған коронавирус пандемия­сына қатысты жағдайдан баршамыз хабардармыз. Күн сайын жағдайдың дамуын жіті бақылай келе, қоғамдық денсаулық сақтау ісін нығайту бүкіл әлемнің ортақ мін­деті екені тағы белгілі. Сондай-ақ ДДҰ бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесустың: «Қытай мемлекеті қабылдаған шаралар тек өз халқын қорғауға ғана емес, бүкіл әлем­­ді сақтауға бағытталған. Бұл індетті жеңудің жалғыз жолы – барлық мемлекет­тер ауызбіршілік пен ынты­мақ­тастық рухына негізделген күш-қуатын біріктіруге ұм­тылу қажет», деген сөзінде де терең  салмақ бар.

Қытай үкіметінің эпидемия­мен кү­рестегі шаралары мен ора­сан күш-жігері біртіндеп өзі­нің жақсы нәти­же­ле­рін бер­генін жоққа шыға­ру­ға болмайды. Оңайға түспеген орасан әрекеттердің ар­қасында Қы­тай­да корона­вирус­тың таралуы ауыз­дық­талып, қатаң бақылау – аралық нәти­же­лер­ге қол жеткізді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, эпидемия өршіп тұрған кезде күн сайын 3 мыңнан астам адам вирус жұқтыратын болса, соңғы күндері жиырмаға да жетпейтін адамда ғана коронавирус бар екені анықталып отыр. Бір айдың ішінде індет 98 пайызға жеңілді.

Қазір күн сайын 800-900 науқас сауығып, үйлеріне оралып жатыр. Күн сайын Хубэй провинциясынан тысқары жерде жұқтыру оқиғалары азайып ке­ле­ді. Жаңа жұқтыру оқиғалары тір­кел­­ген жағдайда да олар басқа мемлекеттерден келгендер. Көптеген қала мен про­вин­цияда коронавирустың анық­талуы нөлдік деңгейге жетті.

Жұқтыру мен өлім-жітім дең­гейін барынша азайту үшін Қытай елі жан­кеш­тілікпен және орасан күш-қуатын жұмсады.

Төраға Си Цзиньпин бір ай бойы эпидемияны тоқтату мен күресу тақы­ры­бында сегіз бірдей ірі отырыс өткізді.

Мемлекеттің барлық аймақтары­нан 330 санитарлық отряд пен 41 600 медициналық қызметкер Хубэй провин­­циясына көмектесуге аттанды. Бар болғаны 10 күннің ішінде Ухань қаласында 2 арнаулы аурухана салынып, 20 мыңнан астам оқшауланған төсек-орын дайындалды.

1,4 миллиард қытайлық саналы түрде үйінен шықпай отырды. Бірінен кейін бірі пайда болған ғаламат цифрлар Қытайдың эпидемиямен күресудегі күші мен шешімталдығын дәлелдеп, халық­аралық қауымдастық тарапынан жоғары баға алды.

Дәл осы уақытқа дейін елімізде өн­діріс­тік кәсіпорындардың 60 па­­йыз­дан астамы, шешуші ай­мақ­­­тар­дағы ірі ауқымдағы кәсіп­орын­дардың көпшілігі қалпы­на кел­тірілді. Мемлекеттік мұнай, мұнайхимиялық, коммуни­кация­лық, энергетикалық, көлік және өн­дірістің басқа да салалары 100 па­йыз жұмысқа қосылды. Орта және шағын кәсіпкерлердің жұмысын жандандыру деңгейі ырғақты өсіп келеді. Жалпымемлекеттік аза­маттық авиация, темір жолдар мен су көлігі  желілері кәдуіл­гі ре­жімде жұмыс істей бастады. Шанхай мен Шаньдуньдегі шетел­дік капиталдың қатысы бар шешуші кәсіпорындардың 80 па­йыз­дан астамы жұмысын қайта жан­дандырды.

Қытайлықтар дағдарыстың өзін­де де мүмкіндіктер болатынына және оны дамуға берілген сәтті­лікке айналдыруға болатынына сенеді. Осыған жауап ретінде көптеген компанияның цифрлы транс­­формациясы жеделдеді. Эко­номи­калық мүмкіндіктері, элект­ронды сауда-саттығы, онлайн-са­бақ­тары, қашықтан жұмыс істеуге көшу үдерістері жылдам жүзеге асты.

Дүниежүзілік банк сияқты, Ха­лық­аралық валюта қоры да Қытай эконо­мика­сының икемділігі мен бекемдігін сақтай алатынына сенім білдірді. Эко­но­­мистер негізі­нен эпидемиядан кейін Қытай эко­но­микасының қалпына мықтап келетінін болжап отыр.

Эпидемия кезінде 170 елдің және 40-тан астам халықаралық және аймақтық ұйымдар Қытайға көңіл айтып, қолдау білдірді. Оның ішінде Қазақстан да бар. Және 9 халықаралық ұйым эпидемия­ны бақылап, ауыздықтау үшін материалдық көмек берді. «Дос басыңа қиындық түскенде танылады» деген. Бас консулдыққа келіп, өздерінің көмек-қаржыларын беріп, бейнежазбалар, мақалалар арқылы Ухань тұрғындарының сауығып кетуіне тілектес болды. Бұл мені өте қатты толқытты. Қазір Қытай Оң­түстік Корея, Жапония, Иран сияқ­ты басқа да елдерге меди­циналық материалдармен көмек­тесіп, Иран мен Иракқа медицина­лық сарапшылар тобын аттандырды.

Қытай эпидемиямен күресу тәжі­ри­бесін басқа елдермен бөлісуді жал­ғас­тырады. Профилактикалық шара­лар, клиникалық зерттеулердің мәлі­мет­т­ерімен бөлісіп, мемлекеттер ара­сындағы өзара әрекеттерді дамы­тады.

Коронавирусты толық жеңу үшін барлық күшімізді, өзара көме­гімізді, барлық елдердің келісілген, пандемияға қарсы әрекеттерін біріктіру қажет.

  

АЛМАТЫ