Руханият • 27 Наурыз, 2020

Мұхида-Шәйбан

515 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бір әндер болады, бір ғана елде, бір ғана жерде айтылады. Өйткені ол ән о бас­та сол топырақта туған. Сол төңіректің әншілері ғана біледі. Келе-келе ол өнерпаздар дүниеден өтеді. Есіл ән иесінен айырылып, қарапайым жандардың жүрегінде ғана сақталған. Бірақ өріс жая алмаған...

Мұхида-Шәйбан

Ал бір күндері ол әнді тал­ғамы биік өрелі әнші орындай бастайды. Сол кезде бірте-бірте әннің «тұсауы» кесілгендей болып, өрісі кеңейіп, алыс-алыс жерлерге аян болып, жаңа туған ән секілді жұртты елең еткізіп, сүйсіндіре баурайды. Ол, әрине, әншінің биік талантына байланысты тылсым құбылыс. Сондай бұйығы әндердің бірі – «Мұхида-Шәйбан».

1982 жылдың саршатамыз кезі, шәкіртім Қайрат Байбосынов қасында жаңа ғана қосылған келіншегі Рабиға, анасы Торыша бар біздің үйде қонақта отырды. Торыша апа біздің елде Асан есімді белгілі атамызбен әйтеуір бір сүйек жақындығын, иә, ескі құдалықтарын айтып, шешіле сөй­леді. Әңгіме бірте-бірте үй­лесе берді. Бір кезде ол кісі Жа­ңаарқа жағына белгілі біраз бей­мәлім әндерді нәзік үнімен сызылтты. Дауысы сүйкімді екен. Бізге күлімсірей қарап:

Дүние, өткенің бе

екі-ай келмей,

Табаны тарлан боздың

гулер желге-ай.

Өлеңді гулет десең гулетейін,

Қоңырдан қой өргізіп

көшкен елдей.

Сағындым, айнам,

Сағындым сені!

Қонғаны ауылымның

Шатқараған,

Көрдің бе, екі бала

ат қараған.

Түскенде сен есіме, беу,

қарағым,

Көзіңнен айналайын жалт

қараған.

Мұхида-Шәйбан,

А-ха-хау, үри-ай!

Өлеңді айт дегенде

аял болмас,

Жаныңды аялаған алаң

қоймас.

Барында оралыңның

ойна да күл,

Дегені бұрынғының жалған

болмас.

Мұхида-Шәйбан,

А-ха-хау, үри-ай!-деп,

ойлана тоқтады.

Сөйтті де: «Өй, құдай-ай, құр­ғыр дауыс баяғыдай емес, жас кезімізде жайлаудың төріне шы­ғып алып, алтыбақан тепкенде осы «Мұхида-Шәйбанды» екеу-екеу болып айтушы едік. Сонда ауылдың үлкен кісілері келіп, біздерге қызығып, мөлдіреп қа­на тыңдап тұрушы еді. Е, ол күн­дер өтті, кетті. Бүгінде оны от ба­сы, ошақ қасында ғана айтам. Мына Қайрат оны бес-алты жасынан біледі, үні осы әнге жақсы келеді», деді.

Біздің үйдегі осы отырыс­та «Мұхида-Шәйбан» осылайша жарқ ете түсті. Оны әр кез іштей әндетіп жүрдім. Келе-келе бұл әнді сонау алпысыншы жылдардың бас кезінде Жаңаарқадағы Жеңіс ауылында атақты әнші Игілік Омаровтан, көршілес Карл Маркс ауылында тұратын Көлмағамбеттен тың­дағаным еміс-еміс еске түсті. Енді, міне, «Мұхида-Шәй­­банның» қоңырлата сызылатын лиризмі адамның жан-жүрегін сырлы сезіммен керемет толқытады екен. Бір күндері Қайрат Байбосыновты шақырып, «Мұхида-Шәйбанды» радиоға жаздырдық. Эфирден беріле бас­таған күннен бастап бұл әнге деген жұрт ықыласы ерекше болды. Ән халыққа тез тарады. Оны орындаушылар да көбейе берді. Әннің бағы ашылды!

 

Ілия ЖАҚАНОВ,

Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, өнер зерттеушісі