Қазақстан • 27 Наурыз, 2020

Жазылған жайдың жалғасы: Кітапханашы мен медбикенің мәселесін кім шешеді?

478 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мен 16 жасымнан бері мектепте еңбек етіп келемін. Тәрбиеші, меңгеруші, ұстаз, кітапханашы мамандықтарын жетік меңгердім десем де болады. Алла қаласа, ендігі жылы еңбек өтілім 40 жылға толады. 

Жазылған жайдың жалғасы: Кітапханашы мен медбикенің мәселесін кім шешеді?

«Egemen Qazaqstan» газетінің 2020 жылдың 27 ақпаны күнгі №40  санында жарияланған «Ұмыт қалғандар кімнен қорқады?» атты мақала мектеп кітапханашыларының мәселесін қозғапты. Көтерілген мәселе өте орынды, алғысымыз шексіз. Бірақ біздің жанайқайымыз тек қағаз бетінде ғана көтерілмей, талқыланып, іске асса екен дейміз. Қандай маман иесі болмасын, өздері осы бұлақтан су ішіп, өсіп-өнгенін, қолына мектеп кітапханасынан кітап алғанын, сол кітаптан білім алып, осындай дәрежеге жетіп отырғанын ұмытпас. Мектеп кітапханасы – ұлы мамандық. Ең көп қазына кімде десе, мектеп кітапханашысында деп айтар едім. Мектеп директорынан бастап, кішкентай оқырмандардың жүрегін жаулайтын, ешқашан «жоқ» демейтін,  бәрінің көңілін, тілін табатын, жаны бай, жайсаң жандар ғана бұл мамандық иесі бола алады. Мектеп кітапханашысы дегеніміз – ақын, жазушы, ұстаз, тәрбиеші, әдіскер, әнші, биші, психолог.

Кітапханашы оқуын үш жыл, мұғалімдік оқуды алты жыл оқыдым. Бәрін қосқанда тоғыз жыл. Мен еңбек еткен 40 жылда білім саласында көптеген өзгеріс болды. Мектепсіз өміріміз қараң қалатын сияқты. Қандай кезеңдерден өтпедік. Бәріне шыдап бақтық. Бірақ еңбекақы мәселесіне келгенде мектеп кітапханашыларын ұмытып кеткені жанымды жай таптырмады. Онда не үшін жоғарғы оқу орындарында оқыдым? Әкем марқұм айтқандай, күректей екі дипломды не үшін алдым, мені осыншама жылдан кейін мазақ ету үшін бе? Мәртебемізді түсіруге кімнің қақысы бар? Мәдениет және білім саласында қызмет істегеніміз үшін, мектеп оқушыларын оқулықпен қамтып, қалалық, мектепішілік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізгеніміз үшін бе?

Назарбаев зияткерлік мектептерінің кітапханаларында кітапханашы-педагог, кітапханашы-әдіскер деген мәртебе бар. Ал қала кітапханашылары әдіскер, меңгеруші, библиограф, оқу бөлімі, т.б. салаларға бөліне отырып, жұмыстары жеңіл болса да, алатын жалақылары көп. Ендеше дәл осындай еңбек етіп отырған мектеп кітапханашыларының еңбекақысын жеу, қорқыту, қорлау кімге керек? Әрине, ешқандай мектеп директоры немесе әкімшілік маған «еден жу» немесе «барып кел, алып кел» деген жоқ. Ақшасын аз төлесе де, намысымды ешкім қорлаған емес. Алайда мұғалімдер, мәдениет қызметкерлерінің жалақысын өсіріп, Үкіметіміз мектеп кітапханашыларын ұмытып кеткені адамның ақылына сыймайтын жайт. Яғни, біздің құқымызды аяқасты етіп отыр.

Менің сүйіп таңдаған мамандығымды ешкімге қорлатуға жол бермеймін. Рас, кейбір кітапханашылар жалақының аздығынан өз мектебінде қосалқы  жұмыс істеуге мәжбүр. Әйтсе де қазіргі заманда  мектеп кітапханашыларының еңсесі биік болуы тиіс. Мектеп кітапханашылары басшылардың «барып кел, шауып кел» дегеніне елпілдеп жүгіре беретін, кей кезде еденді де жуа салатын «қолбала» емес. Біз өз мамандығымызбен мақтанамыз. Ендеше тынымсыз еңбегімізге сәйкес еңбекақымыз да жоғары болуы керек.

Бахтықан БАШИБЕКОВА,

№ 5 гимназияның кітапхана меңгерушісі.

Нұр-Сұлтан

 

Редакциядан: «Egemen Qazaqstan» газетінің биылғы 27 ақпаны күнгі №40  санында жарияланған «Ұмыт қалғандар кімнен қорқады?» атты мақалаға байланысты біраз оқырманнан хат келді. Бұл мақалада жаңа жылдан бастап білім және мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 30-дан 50 пайызға дейін көтеріліп, мектеп кітапханашыларының бұл жақсылықтан құр қалғаны айтылған болатын. Әйтсе де жалақы мәселесінде тек кітапханашылар ғана ұмыт қалмапты. Редакцияға сонымен бірге еліміздің мектепке дейінгі мекемелерінде еңбек ететін медбикелерден де хат келді. «Жаңа жылдан бастап еліміздегі медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Басында балабақшаларда жұмыс істейтін медбикелердің де жалақылары көтеріледі деген болатын. Бірақ, жеме-жемге келгенде балабақшадағы медбикелерді ұмыт қалдырды. Біз осы мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне хат жазып едік, бізге «Сіздер Білім және ғылым министрлігіне немесе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне арызданыңыздар» деген жауап келді. Осы мәселені түсіндіріп бере алатын жан бар ма?» дейді хатқа қол қойған ақ халатты жандар.

Нұрлыгүл Смағұлова, Ақтөбе облысы Шалқар ауданы, Айнаш Өтеулиева, Атырау облысы Құрманғазы ауданы, Манзура Тұқашева, Алматы облысы Іле ауданы, Залкен Усанова, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласы, Сапаркүл Мұсабекова, Түркістан облысы Шардара ауданы, Халима Ақылбекова, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы, хатқа бас-аяғы жиырмаға жуық мебдике қол қойған.

Шынында білім саласында еңбек етіп жүрген кітапханашы мен медбикелердің мәселесіне құлақ асатын  жан бар ма? Ел Үкіметі және жергілікті әкімдер бұдан хабардар ма? Қалай айтсақ та білім мен медицина саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіргенде, осынау мамандық иелерін ұмыт қалдырып кету заңға да, арға да сыймайтын тірлік емес пе?