28 Тамыз, 2013

«Той – Құдайдың қазынасы»

915 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір Оңтүстікте қазақ­тың тойы қаладан ауыл­ға қайтып келді. Соң­ғы бір айда екі-үш аға­йынымыз тойларын ауыл­дағы үйінің ауласында, бау-бақшасында өткізді. Қайбір күні ауылға барып қонғанымызда көрші елді мекенде ансамбль мен асабаның дауысы түннің бір уағына дейін алыстан естіліп тұрды. Яғни, той қаладан жайлап орала бас­тады деген сөз. «Бәлкім, тұрмысы төмендеп кеткеннен кейін ауыл жұрты осындай қадамға барып отырған шығар» деп бұл «көштің» түп-төркінін білгіңіз келіп отырғанын сеземін. Меніңше, олай емес.

enu02Қазір Оңтүстікте қазақ­тың тойы қаладан ауыл­ға қайтып келді. Соң­ғы бір айда екі-үш аға­йынымыз тойларын ауыл­дағы үйінің ауласында, бау-бақшасында өткізді. Қайбір күні ауылға барып қонғанымызда көрші елді мекенде ансамбль мен асабаның дауысы түннің бір уағына дейін алыстан естіліп тұрды. Яғни, той қаладан жайлап орала бас­тады деген сөз. «Бәлкім, тұрмысы төмендеп кеткеннен кейін ауыл жұрты осындай қадамға барып отырған шығар» деп бұл «көштің» түп-төркінін білгіңіз келіп отырғанын сеземін. Меніңше, олай емес.

Әрине, ауылдықтар арзан жолды іздейтіні рас. Бірақ, қазір Оңтүстікте тойға қызмет ететін арнайы бригада пайда болған. Қазан-ошақ, ыдыс-аяғы, аспаз, қызметші қыздар, ақшасын төлесең таудың басындағы тойға да барады. Оның үстіне жұрт қаладағы тас қамалдың ішінде өтетін қызықтардан жалық­ты. Яғни, жазы ыстық әрі ұзақ Шымкентте тойдың жаңа бір кезе­ңі басталған сияқты.

Жалпы алғанда қазір қазақтың тойы туралы әңгіме де көп, пікір де көп. «Көргендерің той болсын, жегендерің қой болсын», деп тілек айтып, үнемі той тойлап жүре бергісі келетіндер де бар. «Қазақта той көп, жиған-тергенінің бәрін тойға шашады» деп жазғырушылар да жетерлік. Бірақ, шынымды айтайын, той-думаны аз, ағайынмен анау айтқандай араласпайтын өзге ұлттың да дүниесі тасып бара жатқанын көргенім жоқ. Бәрінің тұрмыс жағдайы біркелкі. Біздің подъезде екі-үш орыстың кемпірі тұрады. Таңалакеуімнен тұрып, қалт-құлт етіп сүтке кете­ді. Кішкентай ит жетектеп бара жатқанына қарап отырып ауылдағы қазақтың шүйкедей қара кемпірлері есіме түседі. Баяғыда емес... Осыдан біршама уақыт бұрын ғана болған оқиға. Қыс ортасы болса керек. Қар қалың. Бір орында тапжылмай тұрып, әбден іші пысқан сиыр, суарайын деген қожайынына бой бермей, босанып кетіпті. Қожайыны әрі жүгіреді, бері жүгіреді. Ұстатпайды. Сонда қатты ызаланған ол: «Атасына-нәлет, қазір екі сиыр асырағаннан, екі кемпір асыраған артық, жы­лы сөйлеп, шайын берсең, зейнет­ақысын қолыңа салады» деп жерге бір түкірген екен. Рас сөз. Қазір ауылда қарты бар үйдің бере­кесі бар. Қазақтың кемпірлері зейнетақысымен тойға барады, бесік той жасайды, құдалық шақырады, немересін колледжге түсіріп, төлемақысын төлейді, қызының жасауын дайындайды... Әйтеуір аз ақшаның берекесін келтіреді. Кей кездері ойлаймын, бұл кемпірлерге бюджеттің ақшасын берсең, бәрін бірнеше күнде орны-орнымен жұмсап тас­тар ма еді?!.

Бұдан әрине, тойды көбейту керек деген сөз емес. Әрнәрсе өз жөнімен болғаны дұрыс қой. Әйтсе де: «Той – Құдайдың қазы­насы» деп халқымыз тегін айт­паған сияқты. Той жасаудан сазға отырып, нан таба алмай қалған қазақты көргенім жоқ.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.