28 Тамыз, 2013

Емес пе екен, жүрегім көкала үйрек...

551 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

Бойы кеткен үйреніп шуға, мына,

Көңіл шіркін, жоқ-барды қумады ма?

Өзімменен қалғанда өзім кейде,

Қуанамын ауылда туғаныма.

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

 

Бойы кеткен үйреніп шуға, мына,

Көңіл шіркін, жоқ-барды қумады ма?

Өзімменен қалғанда өзім кейде,

Қуанамын ауылда туғаныма.

Салып мұздай алаңсыз қар мойынға,

Ерік беріп қыз-жігіт жарда ойынға,–

Жүрген кезде, жататын Сыр суытып,

Табиғаттың салқыны бар бойында.

Ай сәулесі ілініп тораңғылға,

О,туған жер ақ қарға орандың ба?

Сирек келер ашуы кең адамдай,

Анда-санда соғады боран мұнда.

Тауысардай адамның су шыдамын,

Кезіп Сырдың жағасын у-шу ағын,–

Қыс көрсетіп кей-кейде қытымырлық,

Құтыртып бір қоятын қу шұнағын.

Кіді мінез көрсетіп бақтан безін,

Шытынап бір тұрғанда ақпан көзің,–

Аспай-саспай ауылдық мінезбенен,

Күн райын есімде баққан кезім.

Өткеніңнен қол үзіп кетпей бекем,

Сағыныш та аңсаудан көктейді екен.

Алаңдай беремін мен ауыл жаққа,

Тұрғандай әлдене бір жетпей , көкем.

* * *

Болатындай екпіні селдің десе,

Жатып алды өтінде желдің көше.

Түсімде, Апа, өңімде сияқтанып,

Неге үйге үн-түнсіз келдің кеше.

Келер деуге мынаның саяғын-ай,

Күзгі түнде қанатын жаяды Ай.

Жылы пешке арқаңды беріп қойып,

Жүнді түтіп отырсың баяғыдай.

О, не деген таусылмас төзім едің,

Болмас енді таппасам өзім емін.

Жете алмайтын түбіне сөзді қуып,

Кеткенің не дейсің сен, сезінемін.

Сөз бе, білсең, сөз деген дертім менің,

Сөзбен бірге шығады еркін демім.

Ішіп кетсем өлердей, тал бойыма,

Бітті ондай, о, Апа, бертінде мін.

Табиғат та шыққан бір ызды атағы,

Суық тиген жаныма күз батады.

Сөз сіңірген бойына жүрегімді,

Ел мен жердің қайғысы сыздатады.

Неге тағдыр бастаған өртің демен,

Жап-жақсы ақын атандым бертінде мен.

Мұңды көзбен бермеші қарай маған,

Саған әлі сырым көп шертілмеген.

Іштім, жедім, аш болдым, торықтым да,

Әлде сол бір жайлардан қорықтың ба?

Сенің үйге түсімде келгеніңді,

Келмейді ешбір адамға жорытқым да.

Болатындай екпіні селдің десе,

Жатып алды өтінде желдің көше.

Түсімде, Апа, өңімде сияқтанып,

Неге үйге үн-түнсіз келдің кеше.

* * *

Қылаулатып түсті де күз ақ бетті,

Түсіретін сияқты тұзаққа епті, –

Сендік шәйі көйлектің сусылындай,

Мендік жастық сусылдап ұзап кетті.

Күздің қыстай келгені қылаулатып,

Менің мұңды жаныма тұр-ау батып.

Сағынышты ілдіріп қанатына,

Тырналар да қайтуда тыраулатып.

Қыс та түсер ақбасты зәрі мықты,

Мысалы, еске салып кәрілікті.

Алға тарта бермегін жасты, жаным,

Алпыс шалған көңілдің бәрі күпті.

Өтті-кетті ұқсастау құс бағымен,

Қалатұғын қарбалас тұста кілең, –

Төрт мезгілі сияқты табиғаттың,

Адамның да тағдыры қысқа білем.

Бұлт үйіріліп кәрілік аспаныңда,

Мұңға түпсіз беріле бастадың ба?

Шәйі көйлек сусылы сияқтанып,

Сусып өтті жастығым қас-қағымда.

* * *

Қаныққандай қаншама жайға бастан,

Айдау қара жол жатыр Айға қашқан.

Ілбіп басып келемін, мың сан көзді,

Аспан таңба сияқты тайға басқан.

Суға ерте түсірген қайықтай түн,

Мақпал қара желкенін жайыпты, айқын.

Жүрегімнің басында запырандай,

Қалған мұң бар мәңгілік айықпайтын.

Үзілмеді бозбала белі қайда,

Тимегесін тағдырдың желі майда, –

Желтоқсан мен Жаңаөзен арасында,

Келетұғын әндер көп «Елім-айға».

Суси-суси келгендей құм қашқанға,

Дүниені дүбірлі мұң басқан ба?

«Құстар әні» сияқты жайлап жанды,

Тырна даусын созады түнгі аспанда.

Суық шалды табиғат кезің көпте,

Таусылмайды білемін төзім текке.

Қозғаннан ба, бойдағы қатқан қаны,

Қол құстары қадайды көзін көкке.

– О, Жаратқан, – дегендей – байқа маңды,

Іліп көкке қойыпсың Ай тағаңды.

Айдау жолмен аспанға шығып кетсем,

Оралмайтын шығармын қайта мәңгі.

 

Ажал

Қарамастан қайғыға ұрған көзге,

Үлкен жолдың үстінде тұрған кезде, –

Беттен алды кетіріп берекені,

Есіп есер суық жел қырдан кезбе.

Анам өтті өмірден, ағам да өтті,

Ажал келіп қалғандай маған да епті.

Алла жазды ғайыпсың то