28 Тамыз, 2013

Купе мен кабинет

258 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Таяуда бір шаруа жәйімен Қостанай жағына жол түскені бар. Қайтарда жер аралайын, ел көрейін, асықпай бір жүрейін деген оймен ұшаққа емес, пойызға отырдым. Купеге кірсем, әдемі келіншек пен одан да әдемі жас жігіт отыр екен. Бір кезде купеге шашын ақ шалған, еңгезердей әрі біршама етжеңді, жақсы киінген, жер орта жасындағы кісі кірді. Кірген бойда: «Қайырлы кеш!» деп қатты дауыстай және соншалық жылы ұшырай, күлімдеп амандасты. Күлімсіреген бойы бізбен таныса бастады.

купе вагона

Таяуда бір шаруа жәйімен Қостанай жағына жол түскені бар. Қайтарда жер аралайын, ел көрейін, асықпай бір жүрейін деген оймен ұшаққа емес, пойызға отырдым. Купеге кірсем, әдемі келіншек пен одан да әдемі жас жігіт отыр екен. Бір кезде купеге шашын ақ шалған, еңгезердей әрі біршама етжеңді, жақсы киінген, жер орта жасындағы кісі кірді. Кірген бойда: «Қайырлы кеш!» деп қатты дауыстай және соншалық жылы ұшырай, күлімдеп амандасты. Күлімсіреген бойы бізбен таныса бастады. Аты-жөні Әбдіғаппар Исатов екен. Бұл кісі ақкөңіл, аса жайдары болса керек, купе ішін көңілдендіріп жіберді. Бір-бірімізді жатырқауды қойып, лезде үйренісіп кеттік, әртүрлі әңгіме де айтыла бастады. Негізінен Әбекең сөйлеп отырды. Шет елдерге саяхатқа барғандарын әңгімеледі. Сонау қиырдағы Шымкенттен мұнда, Қостанайда, қайдан жүргенін айтып берді. Мына купелес жас жұбайларға тұрмыстық әртүрлі кеңес беріп, өзі мен зайыбы арасында болған кейбір жағдайды еске түсіріп, күліп алды. Ал кешкі шай ішу уақыты болғанда, вагондағы кезекшінің келуін күтіп отырмай-ақ шай әкелуге өзі-ақ «жүгіріп» кетті. Кенет жас баланың, жас бала емес-ау, шақалақ сәбидің іңгәләғаны естілгендей болды. Және де көршілерден емес, нақ өзімізден, анық осы купеден естілді. Әбекең еңгезердей әрі етжеңді, біршама ауыр денесіне қарамастан, орнынан атып-ақ тұрды. Байқамаған екенбіз, жоғарғы сөренің түкпі­ріне таман құндақтаулы сәби жатыр. Әбекең дереу оны қолына алып, жұбата бастады. Жас ана науқастанып қалыпты да, ендігі жерде өзі жөндемді қарай алмайтын болғандықтан, Шымкентке, әжесіне апара жатқан беті екен. Сәбидің аузына емізік салынды. Әбекең бөтелке түбіндегі аз ғана сүтке сезіктене қарап тұрып, сүттің тағы да бар-жоғын сұрады. Жас әке-шеше емес пе, белгілі ғой, сүт жоқ болып шықты. Әбекең аз-кем ойланып тұрды да бөтелкені алып купеден шығып кетті. Бір сағаттан соң ба, әлде одан да көптен кейін бе оралды: бөтелке толы сүт... Әңгімемен шай ішіп отырып, жататын уақыт болғанын білмей де қалыппыз. Билет бойынша Әбекеңнің жатар орыны төменгі сөреде екен. Жас сәбилі анаға орын жоғарыдан беріліпті. Әбекең төменгі сөрені оған ұсынып, өзі жоғарыға көтерілді.

Мен көпке дейін ұйықтай алмадым. «Кездейсоқ жолсерік болғанына және де таныс-біліс­тігіне көп болмағанына қарамастан Әбекең сияқты адамдардың кісіге өте көп жылылық, көңілділік сыйлай алатыны туралы, өкініштісі сол, кейде бізде сергектік, кісіге қарапайым ғана көңіл бөлушілік, оның қайғысы мен қуанышына ортақтасу, қиын жағдайға ұшы­рай қалса қол ұшын бере қою қасиеттерінің арнадан асып-төгіліп жетісе бермейтіні...» жө­нінде ойландым. Пойыз доң­ғалағының дүрсіліне құлақ тө­сей ұзақ жаттым. Бір кезде Мар­жанкүл есімді көршімнің есіме түсе кеткені. Бұл әйел Шым­кенттегі аса ірі алып кәсіп­орындардың бірінде жұмыс істейтін. Зауытта ол еңбек озаты, міндетін терең түсінеді делініп керемет мақталатын. Өкініштісі, жеке өмірінде жолы болмай тұр: сәтсіз тұрмыс құру, ажырасу, пәтер бөлісу... Осының бәрі оңай соқпағанымен, ол өзін бақыт­сызбын дей қоймайтын. Өзімен бірге бір баласы болды: «өмірдегі қуанышы мен махаббаты!». Міне, осы бала Маржанкүл ананың бақыты еді! Әттең... бірде, шілде айының аспан айналып жерге түскендей отжалынды күндерінің бірінде, бұл бала Шымкенттің іргесін түріп жасалған Бадам су қоймасына суға түсіп, сонда мәңгілікке қалып қойған... Маржанкүл енді өмір сүргісі кел­меді. Өзіне өлім тілеумен болды. Қараңғы түн кешіп, қайғы-мұң зәрін жұтып жүрген қасіретті күндерінің бірінде зауыттан автобуспен үйіне келе жатып көше бойлап бара жатқан бір топ баланы көргені бар. Екеу-екеуден сапқа тұрғызып, тәрбиешісі болса керек, бір әйел бастап барады. Маржанкүлдің жанында тұрған бір адам: «Балалар үйінікі... Тұл жетімектер ғой...» деп көкірегі сөгіліп кетердей боп күңірене күрсінді...

Бес жасар Тұрсынбайды бала етіп алу жөніндегі мәселе тез-ақ шешіле кеткен де, Маржанкүл оны үйіне көтеріп әкелген. Тұрсынбай оның күнделікті тыныс-тіршілігіне бірден-ақ бой­лай еніп жүре берді. Ендігі өмі­рін өзіне өте қымбат осы баласыз тіпті де мүмкін деп санаған жоқ. Алайда, «...ендігі өмірі...» кейбір көрші-қолаңдардың және Тұрсынбай барып жүрген бақшадағылардың Тұрсынбай туралы «ой, байғұс жетімек!..» деген сияқты есіркеу сөздерінен қиындай түсті. Алғашында, рас, Маржанкүл бұған көңіл қоя қоймаған да екен. Біртін-біртін байқаса, баласы тез есейіп келеді екен де, бұл сөздерді бір­түрлі мұңая тыңдайтын болып көрінген. Бір күні ол: «Апа, сен маған шын апа емессің бе?» – депті. – Ал мен саған шын бала болғым келеді. Бірақ «жетім» деп мені айтпасын». Маржанкүлдің жүрегі зу ете қалыпты. «Кімнің аузына қақпақ қоясың, кімнің тілін кесерсің!..». Оны тағы да үрей билеп алған, көңілін тағы да қайғы басқан. Бірде оған менің: «Пәтерің мен балабақшаны ауыс­тырғаның және де неғұрлым тезірек ауыстырғаның жөн», деп кеңес бергенім бар. Нақ осы тұста Маржанкүл жұмыс істейтін кәсіпорында оның өз қаржысына салынған көп пәтерлі тұрғын үй балабақшамен қоса беріліп жатқан. «Сол үйге кіретіндердің біреуімен пәтер айырбастауға директордан рұқсат сұра. Сен отырған мына үйде жаңа салын­ған, пәтерің де қолайлы-ақ, өзі екінші қабатта. Жұрт дегенің мұндай пәтерді іздеп жүр ғой!» дегенмін тағы да. Осыдан соң көршім директорға барып, одан ауыстыру жөнінде көмек сұра­ған. Көмек болғанда «Сен мына үйге кір, сен ана үйге...» деу ғана, содан соң қағазға қол қою. Бірақ директор қол қой­маған, тіпті Маржанкүлді әрең-әрең тыңдағанда: «Пәтер мен бала­бақша Сіз ойлағандай жіптің бір ұшын тартса сөгіліп жүре бе­рер тігін емес. Олар – өрт! Әсіресе, қазіргі кезде! Өртеніп кетуге болады. Жалпы, жеке бас ісін кәсіпорынға салмақ етпеген дұрыс!» деп кесіп тастаған. Бұдан соң оған өзім телефон соғып, «түсінсеңізші...» деуіме тура келген. Директор зауыттың алдағы қызметі туралы мәжіліс үстінде отырғанын, уақытының жоқтығын және жеке шаруаны кәсіпорынсыз реттеуге үйренуді айтып кеңес бергені бар.

Пойыздың жұмсақ төсекті купесінде түннің бір уағына дейін ұйықтай алмай жатып, осы туралы ойландым. Содан, Шымкентке жетісімен директорға баруға ұйғардым. Расында, үш күннен кейін оған бардым да. Бір қарыстай ашық қалған есіктен хатшы қыздың бастыққа мен туралы – Маржанкүлдің өті­ніш мәселесі бойынша келіп отырғанымды айтқаны еміс-еміс естілді. Іле кері оралған хатшы қыз шарасыздық таныта алақанын жайды: қабылдай алмайды, қолы тимейді. Мен басымды изеп, «жұмысбастылық дегенді түсінемін ғой...» дегендей боп күлімсіредім де, орын­дыққа біржола жайғаса отырдым. Әлден кейін хатшы қыз: «Неге кетпей отырсыз?» деп сұрады. «Директордың қолының босауын күтіп отырмын, – дедім мен. – Қолы бір босайтын болар». Отырдым, отырдым. Хатшы қыз бастығына үш рет кіріп шықты. Мен отырмын, отырмын. Директорға кіріп жатқан да ешкім жоқ. Мен отырмын, отырмын. Директордан шығып жатқан да ешкім жоқ. Зығырданым қайнап, орнымнан тұрдым да, кабинет есігін біршама жұлқи ашып, ішке кіріп бардым. Сол зәмет біреу бетімнен шапалақпен тартып жібергендей болды да, шалқалай беріп, кілт тұрып қалдым: төрде, үстел басында, анау күні Қостанайдан бір купеде келген Әбекең – Әбдіғаппар Исатов отыр...

– ...Сіз мені дұрыс түсіне кө­ріңіз, – деді кабинат иесі біртүрлі тұтыға сөйлеп. – Мүмкін менің өзім де сіздің көршіңіздің жағдайына қынжылып жүрген болармын. Бірақ, қызмет, қызмет бабы, қызметтік міндет – бізден көңіл-күйді – эмоцияны емес, қаттылықты талап етеді! Әсіресе, мәселе қазіргі аса қиын шаруа – пәтер жөнінде болса, мұнысыз – темірдей қаттылықсыз тіпті де мүмкін емес! Оның өтінішін орында. Екінші, үшінші, жүзінші келеді. Сонда, не болғаны!? Жо-жоқ, қызмет, қызметтік міндет бізден үзілді-кесілді қаттылықты талап етеді!

Енді сөйлесетін ештеңе қал­­ған жоқ еді. Мен орындықтан абайлап қана түрегелдім де, кабинеттен үнсіз шығып кеттім. Бірақ, ойланып шықтым. «Жан­сыз, тастай қаттылықты қалайша қызметтік міндетке адал-борышты өтеудің анық дұрысы – кісінің реніші мен қайғысын бөлісу, оны жеңілдетудің оңтайлы жолын іздестіру емес пе?! Сергектік пен әділдік бас­шының беделіне нұқсан кел­тіре ме? Бұлар бірін-бірі толық­тырып, ажарландырып жіберер қасиеттер емес пе!».

Сәділ КӘДЕЕВ.

Шымкент.