28 Тамыз, 2013

Ерекше қабілет иесі болған халық емшісі туралы сыр

474 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

емши-1Павлодар өңірінде Молдагелді деген емші өмір сүрген. Ол 1872 жылы қазіргі Ақтоғай ауданы, Әбжан ауылында дүниеге келіпті. Әкесі Ырсымбек Молдагелдіні 13 жасқа толғанда Зәуре есімді қызға үйлендіреді. Бұлардың шаңырағында он бес перзент дүние есігін ашады. Бірақ, Нұржамал және Нұркәмила есімді екі қыздан басқа балалары қазақ жұрты бастан кешкен тақсіретті кезеңдерде ертелі-кеш өмірден оза берген. Молдагелді емшінің қызы Нұржамал 1938 жылы Секен деген азаматқа тұрмысқа шығып, олар көтерген шаңырақтың астында 1940 жылы сәби туып, оған Балкен есімі беріледі. Нағашы атасы хақындағы естеліктерді біз Балкен қариядан жазып алдық. Сондай-ақ, емшінің екінші қызы Нұркәмиланың Жазкен деген ұлы бар. Бұл күні Жазкеннің де көзі тірі, Екібастұз қаласында тұрады. Балалы-шағалы, үлкен шаңырақтың иесі.

Павлодар өңірінде Молдагелді деген емші өмір сүрген. Ол 1872 жылы қазіргі Ақтоғай ауданы, Әбжан ауылында дүниеге келіпті. Әкесі Ырсымбек Молдагелдіні 13 жасқа толғанда Зәуре есімді қызға үйлендіреді. Бұлардың шаңырағында он бес перзент дүние есігін ашады. Бірақ, Нұржамал және Нұркәмила есімді екі қыздан басқа балалары қазақ жұрты бастан кешкен тақсіретті кезеңдерде ертелі-кеш өмірден оза берген. Молдагелді емшінің қызы Нұржамал 1938 жылы Секен деген азаматқа тұрмысқа шығып, олар көтерген шаңырақтың астында 1940 жылы сәби туып, оған Балкен есімі беріледі. Нағашы атасы хақындағы естеліктерді біз Балкен қариядан жазып алдық. Сондай-ақ, емшінің екінші қызы Нұркәмиланың Жазкен деген ұлы бар. Бұл күні Жазкеннің де көзі тірі, Екібастұз қаласында тұрады. Балалы-шағалы, үлкен шаңырақтың иесі.

Балкен алты жасында қол шанамен биік жардан сырғанай жүріп, сол аяғын екі жерден сындырып алады. Нағашы атасы сылап-сипап, тақтаймен таңып, қозғалмауды, балалармен бірігіп ойнамауды қатты ескертіп, өзі Омбы жаққа аттанып кетеді. Нағашы атасының жоқ кезінде ойын баласы Балкен сынған аяғын қозғап, ауыртып алған соң қайтадан төсек тартып жатып қалады. Сол кезеңде аудандағы бірден-бір білікті дәрігер Гаркина: «Баланың аяғын кесу керек, әйтпесе асқынып, гангренаға ұласуы мүмкін», дейтін қорытынды шығарады. Жолаушылап айға жақын жүріп келген Молдагелді дәрігердің бұл сөзімен келіспей, өзі емдейтінін айтады. Ақыры жиенін өзі емдеп, қатарға қосады. Сөйткен Балкен бүгінде нағашы атасы туып-өскен Әбжан ауылында бала-шағасының алдында бақытты ғұмыр кешуде. Аяғын сылти басқаны болмаса, сарайы сау, көргенді қария.

Аудан дәрігері Гаркинаның өзі науқас адамның ауруының түрін анықтауда ақыл-кеңесті Молдагелдіден алып отырыпты. Молдагелді орыс тілін жетік білген. Әкесі Ырсымбек Андреев есімді орыс байына жалданып жұмыс істегенде, жас Молдагелді байдың балаларымен ойнай жүріп, бұл тілді тез игеріп алады. Гаркинамен пікір таластырып, көп жағдайларда шындықты дәлелдей алып жүргені тіл білгенінің арқасында болса керек.

Молдагелдіге науқастың алуан түрімен ауыратындар, тіпті ажал аузындағы ғаріп жандар да сабылып келіп, екі бөлмелі шым үйі бейне бір ауруханаға ұқсап кеткен де жағдайлар жиі болыпты. Ол ауруы асқынып кеткен кәрі адамдардың жүзіне телміре көп қарап отырып: «Ақсақал, жуынып-шайынып, бойыңызды таза ұстаңыз. Бәлкім жазыларсыз да. Жаман айтпай жақсы жоқ», – деп қош айтысып шығарып салады екен. Бұл әлгі адамға уақытың таяды дегенді білдіретін ишарасы екен. Ал, науқасы әбден меңдеген, құр сүлдері қалған жастардың да тамырын ұстап көріп, ауруының сырына көзі жеткесін, алып келген туысымен жеке сөйлесетін. «Кеш әкелдіңдер, ем қонбайды», – деп тура айтатын. Сонда көршісі Ғұбайдолла молда: «Адамның тағдыры бір Алланың ғана қолында. Науқастың жа­рық дүниедегі ғұмырының қан­шалықты екенін алдын-ала біліп тұратының қалай?» – деп сұрап­ты бірде. Молдагелді: «Науқастың тамырын күн шығарда немесе күн батарда ұстамаймын. Бұл уақыттарда тамыр «сөйлемейді». Тамырды тәуліктің басқа уақыт­тарында ұстағанда, ғұмыры ұзақ адамның тамыры алға қарай лыпып соғады. Өмірден озар адамның тамыры артқа қарай әрі әлсіз соғады», – дегенді айтыпты.

Молдагелді емші асқазан, өкпе, ішек ауруларының түр-түрлеріне араның балына алмас қ осып, ұзақ уақыт араластыра отырып жалатады екен. Көбіне тоғай, қыр шөптерін тамырымен жұлып алып, қайнатып, сүзгіден өткізіп, дәрі жасап отырған. Қандай шөптің нендей қасиеті барын өзі ғана білген.

Ауылда Смағұлдың Мей­рамы деген азамат тұрады. Оның Нұржамал атты анасы­ның екі көзіне бірдей ақ тү­сіп, жарық дүниені көруден қа­лады. Молдагелді тауық жұмырт­қасының сарысын алып тастап, кілкілдеген ағына тотияйын өл­шеп салып, 1-2 сағат бойы араластырып, мәрліден 3 мәрте сү­зіп барып, тәулігіне 3-4 рет көзіне тамыза отырып қадағалап емдейді. Қос жанарынан бірдей айрылған ана көп ұзамай жазылып, Молдагелдінің емшілігіне тәнті болып, бас иеді.

Қазір де белінен шойырылып жүре алмай қалатын ауру жандар қарттардың да, жастардың да арасында бар. Мұны медицина тілінде «радикулит» деп атайды. Осы радикулитті де Мол­дагелді жақсы емдей білген. Ол құмырсқаның тастап кеткен илеуін тауып алып, суға қайнатқан. Қатты қайнаған суда балбырап піскен илеуді жұқа қал­таға салып, ауырған белге қымтап байлаған. Осылайша бұл ем-домды екі-үш рет қайталаса керек.

1941-1942 жылдардың кезінде Молдагелді Павлодар қаласында тұратын жерлесі Балбырдың үйіне әлде бір шаруа­мен барады. Балбырдың құдайы көршісі облыстық ішкі істер басқармасының бастығы болса керек. Бастықтың әйелі облыс орталығы ауруханасының дәрігерлері қанша емдесе де, науқасынан айыға алмай көп бейнеттенеді. Батпандап кірген аурудың беті қайтпайды. Балбыр дереу көршісіне барып, үйіне емші шалдың келгенін жеткізіп, соған көрінсең қайтеді дегенді айтады. Ұзақ уақыт төсек тартып қажыған әйел дереу келісімін береді. Молдагелді әуелі науқастың тамырын ұстап көреді. Сонан соң дөңбектей боп ісініп кеткен арқа тұсына алақанын батыра келіп: «Денеңе сары су үймелеген. Әуелі жиналған суды ағызу керек. Содан кейін емдеймін», – дейді. Ауру азабын көп тартқан әйел бұған да келіседі. Молдагелді әйелдің арқа тұсының бірер жерін өткір пышақтың жүзімен тесіп, үймелеген сары суды шығарады да, әзірлеп әкелген дәрісін жағып, денесін қымтап орап тас­тайды. Қала дәрігерлеріне: «Бір тәуліктен кейін өзім шешемін. Қозғамаңдар және ешкімге ештеңе жасатпаңдар» – дейді. Бұл кезде әйелдің күйеуі Алматыда іссапарда жүреді. Ауық-ауық үйіне телефон шалып, әйелінің халін біліп тұрады екен. Сондай бір телефон шалған кезінде: «Әйеліңізді емдеймін деп бір қазақтың шалы пышақтап кетті. 20 сағат өтті, әлі есін жинай алмай жатыр», деген күтуші дәрігердің жанайқайын естиді. «Мен жеткенше бейсауат жүрген жанды дереу қаматқызыңдар», – дейді ашуға булыққан милиция бастығы күтуші дәрігерге. Ал, бұл кезде 4-5 ай бойы денесін кеу­леген сары судан құтылған әйел ем қонғандықтан, терлеп-тепшіп, тәтті ұйқыға батқан болатын. Осы кезде Алматыдан күйеуі де жеделдете келеді. Ұйқысынан оянғанда төсегінің басында отырған күйеуін көріп, ең алдымен өзін емдеген қарияның қайда екенін сұрайды. «Ол абақтыда, қайтейін деп едің?», – дейді күйеуі милиция қызметкеріне тән салқынқандылықпен. «Мен жазылдым, еш жерім ауырмайды. Қарияны не үшін қаматтың? Дереу босат», – деп жанұшырады әйел...

Молдагелді ел тұрмыс-тіршілігінің тым жүдеу кезінде ғұмыр кешкен адам. Ол өзінің еңбегі үшін ешқандай ақы сұрамаған екен. Тіпті ешкімнен ештеңе дәметпейтін болған. Емі шипа болған жандардың адал ниетімен бергенін алып, оны өзі пайдаланбай, ауылының не көршілес ауылдың жетім-жесірлері мен мүгедектеріне таратып береді екен. 1943-1944 жылдары емшінің колхоз бастығы және мал дәрігері қызметін қоса атқарған кездері де болыпты. Өйткені, ол тек адамды ғана емес, төрт түлік малды да емдей алатын қасиетке ие болған жан. Бұл күнде Молдагелдінің туған жиені Балкен де даналық жасқа жеткен адам. Нағашы атасының киелі шаңырағы астында төрт бала өсіріп отыр. Балалары әр салада еңбек етуде. Молдагелді емші Ертістің Ақтоғайға қараған өңірінде көп жасағандардың бірі. Ол 95 жасқа келіп, дүниеден озса, бәйбішесі Зәуре 98 жасқа толып, өмірден өткен. Бір ғасырға жуық жасаған қос қария жұптарын жазбай, 82 жыл отасқан. Әгәрәкім, өткен ғасырдың 30-40-жылдарындағы қолдан жасалған аштық пен жа­лаңаштықты, қуғын-сүр­гін зұлматын, соғыстың ауырт­палықтарын бастан кешпегенде, қазақ есімді өр халықтың ұрпағы Молдагелді мен Зәуредей ұзақ жасар еді деген ойға келесің кейде.

Еркін МУНДУИНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Павлодар облысы.