Таным • 30 Наурыз, 2020

Заңғар заңгер. Қарымды қайраткер. Ұлағатты ұстаз

159 реткөрсетілді

Мемлекеттің орнықты дамуының тегеурінді бір тұғыры – заң саласы, соның ішінде әділет пен заңдылықтың күзетінде тұрған сот жүйесі мен прокуратура екені белгілі. Елімізде осы салалардың қалыптасып, дамуына атсалысқан атпал азаматтар баршылық. Солардың бірегейі мемлекет және қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, құқықтану профессоры, академик Мақсұт Нәрікбаев болатын. Бұл күнде арамызда жоқ болғанымен, ол кісінің жүріп өткен жолы – желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншек жастардан бастап, біраз өмір белестерінен өткен біздерге дейін үлгі-өнеге.

Ол жер жаннаты Жетісудың Еркіндік аулында дүниеге келген. «Біздің елде Еркіндіктің суын ішкен адам жерде қалмайды» деген тәмсіл бар» деп туған жерін жанындай жақсы көріп, аузынан тастамай айтып отырушы еді. Осыны айтқанда жүзі ерекше нұрланып, баладай бал-бұл жанып, масаттанып кететін.

Әкесі Сұлтан майданда қаза табады. Сөйтіп шешесі 23 жасында жесір, бұл 2 жасында жетім қалады. Кейін ержетіп, азамат болғанда әкесінің қаза болған жерін тауып, топырағын еліне әкеліп, еңселі ескерткіш қойғанының өзі ұлағаты мол, үлгісі зор тірлік емес пе?!

Ал өзін қолынан жетелеп жүріп өсірген ардақты анасын алақанына салып аялады. Сөйтіп перзенттік парызын да адал өтеді.

Ол осы ауылдағы қазақ орта мектебін бітірген соң, сол кездегі үрдіс бойынша комсомолдық шақырумен талаптың тұлпарына мініп, бір қиырдағы Арқа төсін­де­гі Теміртау қаласына келеді. Одан Украинаның Днепро­дзер­жинск қаласындағы №8 техни­ка­лық училищеге бір топ жаспен арнайы жіберіліп, металлург мамандығын алды. Болашақ танымал құқықтанушы Теміртау қаласындағы Қарағанды метал­лургия комбинатының құры­лыс жұмыстарында еңбек етіп, мәдени-ағарту мекеме­ле­рін­де, ақпарат саласында әр­түр­лі қызметтерде болып, өмір мек­те­бі­нен өтті. Сөйтіп жүріп оқудан да қол үзбей Алма­ты­дағы Қазақ мемлекеттік уни­вер­си­тетінің заң факультетін бітіріп алды.

Талдықорған облысында тергеуші, адвокат, халық судьясы болды. Әділет министрлігі мен Бас прокуратура аппаратында еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтады.

 Жетілмей жатып жетім қал­ған, қиырдағы бір ауылдан қанат қаққан сол бір қаршадай қара баланың алған асулары мен шыққан биіктерін кейінгі жастарға үлгі, ұрпаққа өнеге ету үшін атай кеткен жөн сияқты. Қазақстан Республикасы Пре­зиденті мен Министрлер Ка­бинеті аппаратында мем­ле­кеттік-құқықтық сектор мең­ге­рушісі, құқық қорғау органдары бөлімінің меңгерушісі, республика Бас прокурорының орынбасары, Жоғарғы сот төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет істеді. Ал 1995-2000 жылдары Бас прокурор, Жоғарғы сот төрағасы тә­різді жоғары лауазымдарды абыроймен атқарып, заң са­ла­­ларының шырқау шыңына шықты. Соңынан Жоғарғы сот Ке­ңесін басқарып, Қазақстан Рес­публикасы Президенті жа­­­нын­дағы Құқықтық саясат жө­нін­дегі кеңестің және Қа­зақ­­­стан Республикасы Парла­мен­ті жанындағы Адам құқығы жө­нін­дегі комиссияның мүшесі, Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата төрағасының орынбасары қызметтерін де ат­қарды. Бүгінгі күннің биігінен қарағанда үлкен саясаткер, ірі ғалымның басты өмір белестері көз алдымызда осылай сайрап жатыр.

Мақсұт Сұлтанұлы өзі таңдап алған заңгер мамандығының мәр­тебесін әрдайым биікке кө­те­­ріп, оған соңғы демі тау­сыл­­ғанша адал қызмет етті. Заң­герлік соқпағын қарапайым тер­геу­шіліктен бастаған ол өз дара жолын жасап, сот пен прокуратура сияқты салмақты екі сала­ның ұшар шыңына, зау биі­гі­не шығып, әділеттің ақ туын желбіретті.

Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі жемісті қызметі, мем­лекеттік-құқықтық инс­ти­тут­тар­­дың құрылуы мен дамуына бел шеше, белсенді атса­лысуы, заң ғылымының және білім беру ісінің дамуына орасан үлес қо­суы Мақсұт Сұлтанұлының елі­міздегі ең бір белді де бедел­ді құқықтанушы деңгейіне көте­рілуіне ықпал етті.

 Құқыққа және заң ғылымына қызмет ету өмірінің мәніне айналды, өз орнын тап осы ғылымнан тапқан ол тамаша кәсіби мектептен өтіп барып, ерен тұлға ретінде қалыптасты.

Сәтін салғанда елімізде азат­тықтың ақ таңы атқан жылдар Мақаңның заңгер болып әбден толысқан, ақыл-парасаты әбден кемеліне келген кезіне дөп келді. Содан да болар, ол аталған екі салаға жылдар бойы сіңіп қалған кеңестік кеселді саясаттан тез арылып, азат елдің азаматтарына құқықтық қалқан бола алатын зайырлы заңдардың қабылдануына өлшеусіз үлес қосты.

Сол тұс прокуратураның қо­ғам өміріндегі орнын анықтап бер­ген маңызды өзгерістер мен шешуші оқиғалардың уақыты бо­латын. Сапалық жағынан жаңа және пәрменді прокуратура жүйесін құру жөніндегі стра­те­гиялық міндеттер түбегейлі жаңа және нық шешімдерді, айқын мақсатқа бағытталған соны іс-қимылды талап етті. Ал Мақсұт Сұлтанұлы шынайы кәсіби шебер және талантты басшы ретінде бұл міндетті де ойдағыдай жүзеге асырды.

Кеңес үкіметі кезінде прокуратура дегеніңіз атауының өзінен ат үркетін қызыл империяның қайраулы қылышы болғаны жасырын емес. Ал тәуелсіздік туы қолға тигеннен кейін оның ендігі орнын анықтау күн тәрті­бін­дегі өткір де өзекті мәсе­ле еді. Қадағалау органының тіз­­­гінін қолына алған ағамыз кәсіби маман, талантты басшы ретінде бұл мәселені де ел мүд­десіне лайықтап, оңтайлы шеше білді. Оған бүкіл қадағалау органдарының басты бағдаршамы «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Пре­зи­дент Жарлығының сол тұс­та қабылданғанын айт­сақ та жет­кі­лі­кті болар. Осы­лай­ша, көбіне-көп Мақаң­ның табандылығы мен прин­цип­шіл­дігінің арқасында проку­ра­тура заманымызға сай құқық қорғау жүйесінің негізгі инс­титут­тарының біріне айналды.

Мақсұт Сұлтанұлы егемен еліміздің құқықтық рефор­ма­ла­ры­ның аса маңызды қағидалары бекіп, қанат жайып жатқан тұста да мемлекетімізде заңдылық пен әділ сот төрелігінің үстемдігін орнықтыру ісінің басы-қасында жүріп, орасан зор еңбек сіңірді.

Реті келгесін айта кетейік, алқа билер сотының атауын енгіз­ген де Мақаң болатын. «Қазақстан Республикасындағы алқа билер соты туралы» заң жобасын жасаумен айналысқан жұмыс тобына Мақсұт Нәрікбаев жетекшілік жасағаны белгілі.

 Судьялардың үстіне ұлттық ою-өрнекпен әдіптелген әдемі мантия кигізген де осы кісі. Оған билер тарихының тінін тарқата зерттеп, терең білуінің де көмегі тигені сөзсіз. Өңі нұрлы, сөзі нәрлі асыл ағамыз көсіліп сөйлеп кеткенде өзі де баяғының билеріне ұқсап кететін.

Ол: «Басқа мамандық иелері қателессе, түзетуге болар, ал сот аяғын шалыс басса, жазықсыз жанға қасірет әкелері сөзсіз. Ондай жағымсыз жайттың бүкіл сот жүйесінің беделіне нұқсан келтірері де анық. Сондықтан басқа басқа, ал судьяға қателесуге әсте болмайды», деп үйретуден бір жалықпайтын.

Еліміздің сот жүйесіндегі заман ағымына сай небір өрелі өзгерістердің де дәл Мақсұт Сұлтанұлының кезінде жүзеге асуы тегін емес.

Елбасының «Қазақстан Рес­пуб­­ликасындағы құқықтық ре­форманың тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар туралы» Жарлығына сәйкес жер­гілікті соттардың судьяларын Президенттің, ал Жоғарғы сот судьяларын Парламент Сена­тының тағайындау құзыры ен­гізілді. Еліміздің тарихында алғаш рет судьялар тұрақты мерзімге бекітілетін болды. Президенттің «Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту шаралары туралы» Жарлығы да сол тұста қабылданды. Еліміз сот жүйесінің заман талабына сай нығая түсуіне зор ықпалын тигізген мұндай құжаттардың өмірге келуінің бел ортасында заң жүйесінің білгірі Мақсұт Сұлтанұлы жүрді.

Ал бұл күнде сот жүйесінің тәуелсіздігін арттырып, судья­лар­дың мәртебесін көтеру, сот қызметін уақыт талабына сай же­тіл­діріп отыру ісіне бел­сен­ді түрде атсалысып отыр­ған Судьялар одағының өмір­ге келуі де М.Нәрікбаевтың бас­та­машылығымен болған дүние екенін бұл күнде біреу біліп, біреу білмес.

Көп жылғы бейнетпен шық­қан биігін тастап, жер ортасына келгенде өмір жолын өзгерту кімге де болсын оңай соқпасы анық. Мақсұт Сұлтанұлы Жо­ғарғы сот төрағалығынан кет­кенде талайымыздың уайым­дап қалғанымыз рас. Бұл жағ­дай­дан да жақсы ағамыз өзі алып шықты. «Ұстаздық ету талай жылғы арманым еді, жеттім-ау әйтеуір» деп, ұжыммен қош­та­суға жайраң қағып келді. Аға­мыз­дың жарқырап тұрғанын көріп біздің де көңіліміз жайланып қалды. Сөйтіп ол өз перзенті – Қазақ гуманитарлық-заң уни­вер­ситетіне өмірінің он бес жылын арнап, мыңдаған шәкірті үшін білім шырағын маздата жақты. Оның жетекшілігімен 6 ғылым докторы, 10 ғылым кандидаты даярланыпты.

М.Сұлтанұлының шығар­ма­шы­лық қуаты да мол болатын. Мақаңның қаламынан туған «Подросток и закон», «Дорога к правосудию», «Пра­во­вая охрана детства», «Тұғы­ры берік туған ел» және «Бақыттың қиын баспалдақтары» кітаптары өз маңызы мен маз­мұнын жоймақ емес. Ал «Ұлы билерімізден Жоғарғы сотқа дейін» деген туын­дысы – ұлты­мыз­дың рухани дүниесіне қосылған іргелі зерттеу деп ауыз толтырып айтуға болатын үлкен еңбек. Бұл кітабы кезінде ғылыми орта мен қалың жұртшылық арасында өзінің лайықты бағасын алды да.

Ал Нұр-Сұлтан қаласының қақ ортасында тұрған, Мақаңның бастамашылығымен тұрғызылған үш бидің еңселі ескерткіші оның өзін де ұдайы еске салып тұратыны анық.

Небір алмағайып кездерде Елбасымыздың сенімді сері­гінің бірі болған, заңғар заң­гер, ұлағатты ұстаз, парасаты мол, пайымы биік Мақсұт Сұлтан­ұлы Нәрікбаев ағамыздың асыл бейнесінің жадымызда жаң­ғы­рып, жарқырап тұра бере­тініне сенімім кәміл. Ол кейінгі ұрпаққа еліне деген ерен еңбек пен биік мұраттың өшпес өнегесі мен үлкен үлгісін көрсетіп кетті.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмес» дейді халық. Ендеше, ер тұлғалы, тау мүсін Мақсұт Сұлтанұлының да есімі ел есінен кетпек емес.

 

Рашид ТҮСІПБЕКОВ,

ІІ дәрежелі Мемлекеттік әділет кеңесшісі

Соңғы жаңалықтар

Мұнай-газ секторының сын сағаты

Экономика • Бүгін, 07:22

Қомақты қаржы бөлінеді

Пікір • Бүгін, 07:20

Мал баққанға бітеді

Аймақтар • Бүгін, 07:10

Зұлмат зардабы

Тарих • Бүгін, 06:54

Қала дамуына қарқын береді

Экономика • Бүгін, 06:46

Дала данышпаны

Абай • Бүгін, 06:43

Халық үнемдеуге көшті

Экономика • Бүгін, 06:35

Індетті тәртіп жеңеді

Коронавирус • Бүгін, 06:31

Ұқсас жаңалықтар