28 Тамыз, 2013

Үміткерлерге үлкен үміт артылып отыр

263 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Шетелдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы болып, онда бұған дейінгі мемлекеттік органдарға берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.

 

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Шетелдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы болып, онда бұған дейінгі мемлекеттік органдарға берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.

Комиссия шешімі бойынша биылғы жылы 1090 халықаралық стипендия бөлу көзделіпті. Жыл басынан бері соның 299-ы бекітілгені белгілі болды. Осы ретте Мемлекеттік хатшы «Болашақ» стипендиясын тағайындау ісі жаңа ережеге сәйкес жүргізілгендігімен бөлісті. Осылайша, үміткерлерді барынша кең қамтып, олардың бақтарын сынауға мүмкіндіктер туғызу көзделген. Бұл неғұрлым лайықты деген талапкерлерді табу үшін жасалып отыр. Соңғы конкурстық іріктеуге 700-ден астам үміткер қатысып, тиісті талаптарға сәйкес соның 400-ден астамы комиссия мүшелерінің назарына ұсынылды. «Үміткерлердің құжаттарын қарап, қыркүйек-қазан айларында олардың шетелдердегі таңдаулы оқу орындарына дер кезінде жеткізілуіне жағдай жасауымыз керек. Стипендиаттарды іріктеп қана қоймай, олардың шетелдерде жан-жақты білім алуларына барлық жағдай жасауға міндеттіміз», деді М. Тәжин.

Сонымен комиссия шешіміне сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясына 427 адам ие болды. Оның ішінде магистратура бағдарламасы бойынша – 224, докторантура бойынша – 8, ал тағылымдамадан өтуге 195 жас үміткер ие болып отыр. «Еліміздің жалпы мемлекеттік және өңірлік сипаттағы нақты мұқтаждығын мейлінше толық есепке ала отырып, кадрлар даярлау үдерісінде айқын бағытты қамтамасыз ету қажет», деп атап өтті Мемлекеттік хатшы. Стипендияларды тағайындау басымдық берілген мамандықтардың алдын-ала бекітілген тізбесіне сәйкес жүзеге асырылды. Оның едәуір бөлігі мемлекеттік органдардың мақсатты өтінімдеріне сәйкес бөлінсе, бұл мамандарды нысаналы бағытта даярлау жұмысы күшейтілгенін айғақтайды.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мақсатты өтініміне сәйкес, Қазақстанның индустрияландыру картасына енген кәсіпорындарда жұмыс жасайтын 66 инженер-техник қызметкердің Германияның жетекші өнеркәсіп орталықтары мен зауыттарының базасында тағылымдамадан өтетіні мәлім болды. Мысалы, «Саламатты Қазақстан» мемле­кеттік бағдарламасын іске асы­ру аясында 20 медицина­ қызметкері АҚШ, Австрия, Франция, Израиль және Ресей елдерінің мамандандырылған орталықтарында тағылым­да­­мадан өтіп, біліктіліктерін ұш­тайтын болады. Сондай-ақ, тұң­ғыш рет ауыл шаруашылығы са­ласының 18 ғылыми қыз­мет­кері тағылымдамадан өту үшін Ұлыбритания, Қытай және Ре­сей елдеріне аттанары белгілі болып отыр.

Бұдан басқа Мемлекет басшысының көптілділікті дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Назарбаев зияткерлік мектебінің 15 оқытушысы Финляндияда, еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде, орта білім бе­ретін мектептерде қызмет ететін ағыл­шын тілінің 37 оқытушысы Ұлыбритания, Швейцария және АҚШ сияқты елдердің университеттерінде даярлықтан өтетін болады. Ал Ұлыбританияда Би-Би-Си (ВВС) корпорациясының, Ресейде (Санкт-Петербургтегі Бонч-Бруевич атындағы телекоммуникация университеті базасында) және Оңтүстік Кореяда мамандандырылған тағылымдамадан өту үшін «Хабар» АҚ, «Қазақстан» РТРК және «ҚазМедиа» орталығының 22 маманы, яғни бейнеоператорлары мен бейнеинженерлері стипендия иегерлері атанды.

Сонымен бірге, тарихшылар мен археологтардан құралған 5 маман Ұлыбританияның Кембридж, Букингем және Брунель университеттеріне тағылымдамадан өтуге аттанды. Сол сияқты, Спорт және дене шынықтыру ісі жөніндегі агенттіктің мақсатты өтінімі бойынша еліміздің 12 бапкері мен спорт менеджері Ұлыбританияда және Ресейдің Сочидегі Халықаралық Олимпиада университетінің базасында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алып отыр. Олардың қатарында олимпиа­да чемпионы Серік Сәпиев Лондондағы Брунель университетінде спорттық менеджмент бойынша білім алатын болады. Отырыста сонымен қатар, шетелдерде кадр даярлау бағдарламасын іске асыру және жетілдіруге қатысты басқа да мәселелер жан-жақты қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы өкілетті мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».