Қазақстан • 30 Наурыз, 2020

Ұсталық – киелі кәсіп

219 реткөрсетілді

Ұсталық – көнеден үзілмей келе жатқан киелі кәсіп. «Ұсталы ел озар, ұстасыз ел тозар» деген халқымыз темірден түйін түйіп, ағаш жонған ісмерді «темірші», «дарқан», «ұста» деп төбесіне тұтып қадірлеген. Әйгілі Махмұд Қашқари «ағашты ұзын кес, темірді қысқа кес» деп ұсталық нақылды өсиет етіпті. Бағзыдан жеткен сақ әшекейлері де, мыңдаған жылдар мызғымай тұрған балбал мүсіндер де осы ұсталардың көз майының еңбегі.

Қазақ жерінде осындай он саусағынан өнер тамған небір ұсталар мен ғажайып ұстаханалардың болғаны белгілі. Археологиялық қазбалар барысында көне шаһарлар мен қорғандардан ұсталыққа қатысты құрал-бұйымдар кездесіп жатады. Бұл деректер там-тұмдап болса да көне дәуірдегі теміршілер мен олардың қызметі туралы зерттеулерге өз септігін тигізері анық. Мәселен, 2019 жылы Түлкібас ауданы, Абай ауылының тұрғыны Досжан Қыдырәлінің бақшасынан құлпытасы бар ескерткіш (кесене) табылды. Қазба жұмыстары кезінде темірден құйылған көне төс шықты. Төстің ұстаханада ұзақ жылдар пайдаланғаны бетіндегі айқыш-ұйқыш балға іздерінен анық байқалады. Сонымен бірге бұл жерден сүйектен жасалған ұста құралдары, қорытылған темір қалдықтары, ұршық бастары, керамика сынықтары мен шыны қалдықтары да молынан табылды. Ал, ескерткіш басына қойылған құлпытаста куфи стилімен «Бұл қабір Мұхаммед Нұран Баб» деп жазылғаны анықталды. Ғалымдар куфи стилімен жазылған құлпытастар ортағасырлық дәуірге жатады десе, артефактілерге жасалған зертханалық талдау нәтижелері де ескерткіштің мерзімін шамамен X-XI ғасырлар деп белгілеуде.

Сонымен қатар, көнекөз қариялардың айтуынша, аталған ескерткіш табылған маңда ертеректе көне ұстахана орны болған екен. Ал, беріге дейін құлпытас табылған аумақта ордалы жыландар мекендепті. Әдетте жыландар алтыны бар жерді мекендейді деген ұғым болушы еді. Мүмкін бұл беймәлім әлемнің тылсым құдіреті болар. Қалай десе де, Мұхаммед Нұран Баба ескерткішінен табылған жәдігерлер (ұста төсі, құрал-саймандары) оның қазақ даласында өмір сүрген белгілі ұста әрі әулие кісі болған деген пікірге жетелейді. Ғалымдардың пікірінше, оның есіміндегі «нұран» – әулиеліктің ең биік шыңына жеткен тұлғаға қатысты теңеуді білдіреді. Ал, киелі кәсіпті меңгерген темірші ұсталар рухани тазалыққа аса мән беріп, бойын таза ұстауға тырысқан. Көрік басып, төс соғар сәтте «менің қолым емес, Тәңірдің қолы» деп ниет етуі осының айғағы. Сондықтан да халық ұстаны «Тәңірдің тарту еткен ісмер адамы» деп оған ерекше ілтипатпен қараған.

Көне фольклорлық деректерге сүйенсек, теміршілік сақ, ғұн, түрк дәуіріндегі кен қазу, металл өндіру ісімен, сондай-ақ тәңірлік сенімдегі бақсылық культімен байланысты пайда болған және алғаш ұсталық кәсіппен бақсылар айналысқан. Мәселен, Бумын қағанның арғы бабасы Надолу шад темірші ұста әрі бақсы болған деген деректер бар.

Ұстаның теміршілік пен бақсылық қатар дарыған тұлға болғандығы кейінгі түрк халықтарында да сақталған. Қырғыздың әйгілі жырында Манастың жорыққа шығар алдында міндетті түрде темірші ұстаға барып батасын алып, қару-жарағын сайлайтындығы айтылады. Қазақ фольклорындағы секілді Манас дастанында да темірші өз атымен аталмай, «дархан» деп құрметтелген. Ал, ертеректе қазақ емшілері мен бақсылары ауырған адамды төспен ұшықтаса, жүкті әйелдің шошымауы үшін төс соғып, «темірші келді, темірші келді!» деп темірші шақыру ырымын жасайтын болған.

Халық танымында ұста мен оның құралдары да киелі саналып, түрлі жамандықтан сақтайды деген сенім пайда болған. Яғни, ұстамен бірге оның жұмыс істейтін ұстаханасы немесе дүкенінде арнайы культтік рәсімдер өткізілетін болған. Мәселен, ұсталар жыл сайын дүкен құрып, іске кірісер сәтте:

 

Әуеден көмір түсірген,

От жақпай темір пісірген!

Қау көрігі бақылдап,

Балға төсі шақылдап,

Ер Дәуіт, пірім, сен қолда!

 

- деп Дәуіт пайғамбарға арнап құрбандық шалып, құран бағыштайтын. Мұны «дүкен майлау» рәсімі деп атаған. Бұл рәсім әдетте көктем мезгілінде орындалатын. Яғни наурызда ұстаның саймандары майланып, «төс майлар» деп мал сойылып, ақ бүркіліп ас берілген.

Қазақ қоғамындағы ұсталыққа қатысты «дүкен майлау», «төс майлар» рәсімдерінің көктемнің наурыз айында атқарылуы байырғы түрк дәуіріндегі «Ергенеқон» дастанымен байланысты болса керек. Дастанда Ергенеқонды мекендеген түрктер ұзақ жылдардан соң тау қапталын ерітіп, жазыққа шыққандығы баяндалады. Міне сол күннен бастап әр жылы наурыз айында ұсталықты, теміршілікті ырымдап балғамен төс соғу дәстүрге айналыпты.

Сонымен қатар, темірші ұстаханасына қатысты халық арасындағы «жылан қайыс» рәсімі де ұстаның бақсылық культімен байланысын көрсетеді. «Жылан қайыс» рәсімі баланың төрт жасқа толған, яғни қоян мүшел жасына келген кезінде орындалған. Ол үшін ұста мен бала әкесі арнайы бір күнді белгілеп, баланы ұстаханаға әкелген. Әуелі ұста дүрілдетіп көрік басып, темір соғып ырымын жасайды. Ұстахананың іргесіне, сауыт-сайман мен қару-жарақ қояды. Ұста үстіне жылан түстес сұр торқадан тоқылған шекпен киіп, баланы аяғының арасынан ары бір, бері бір екі рет өткізеді. Бірінші өткізгенде балаға сауыт-сайман кигізіп, екіншісінде үстіне қару-жарақ тағады. Ғалымдардың пікірінше, бұл рәсім жерасты әлемінің патшасы жылан Бапы ханмен байланысты пайда болған. Аңыз бойынша, қызын өлімнен құтқарған жігітке риза болған Бапы одан не қалайтынын сұрайды. Сонда жігіт «не берсеңіз де ризамын» депті. Жылан Бапы хан оны бір жұтқанда сауытымен, екінші жұтқанда қару-жарағымен шығарыпты. Ұстаның «жылан қайыс» рәсімінде баланы екі аяғы арасынан өткізуінің сыры осында жатса керек. Белгілі зерттеуші Т.Әсеқұлдың айтуынша, қазақ мифологиясында Бапы хан ұсталық өнердің, жалпы металлургияның тәлімгері мен қолдаушысы ретінде қабылданатындықтан, ерте кездерде оған қазақ ұсталары табынатын болған. Жоғарыда айтылған аңыз дәстүрлі әдебиетте «Жылан қабықты жігіт» деп те аталады. Ал, мәдениеттанушы З.Наурызбаеваның пайымдауынша, Бапы хан байырғы танымдағы темірші ұсталар қасиет тұтатын, осы өнердің атасы секілді киелі образ. Сондықтан «жылан қайыс» рәсімі ұстаның қатысуымен арнайы ұстаханада өткізілетін болған.

Ұстаның жерасты патшалығымен байланысы жөнінде саха фольклорында Бақсы Тойон туралы аңыз бар. Ол жерасты Тәңірінің ұрпағы болып, адамдарға қатер төндіретін рух екен. Алайда Бақсы Тойонның қауіп-қатерін тек теміршілер ғана сейілте алады-мыс. Сондықтан да ол теміршілерді қолдайтын рух саналыпты. Теміршілер Бақсы Тойонның құрметіне қызыл сиырды құрбан шалып, оның майымен құрал-саймандарын майлайтын болған.

Ұсталыққа қатысты аңыз-әңгімелер мен ырым-жоралғылар бұнымен шектелмесі белгілі. Қадым заманнан Тәңірдің тартуы ретінде құрметтелген ұсталық өнер мен оның құралдары әлі де зерттеуді қажет етеді. Ал, зерттеуімізге арқау болған Мұхаммед Нұран Бабаның төсі мен құрал-cаймандары жоғарыда айтылғандай бәлкім талай рәсім-жоралғыларға куә болған шығар. Мұхаммед Нұран Баба ескерткішінен табылған құлпытасы, қару-жарағы, ұсталық құралдары мен бұйымдары оның ұста әрі өзі өмір сүрген ортасында белгілі тұлға болғандығын дәлелдейді. Алдағы уақыттарда ұстаның көне ұстаханасы табылып жатса, түрк халықтарындағы ұсталық өнерге қатысты тың дерек ретінде тарихымызға өз үлесін қосар еді.

 

Нұрболат Бөгенбаев

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар