29 Тамыз, 2013

Қарусыздануға ғаламдық үрдіс керек

379 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің кезекті брифингі Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналды. Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай, сонымен қатар, дүниежүзілік қауымдастық үшін бұл күннің маңыздылығына тоқталу мақсатында брифингке Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы резидент-үйлестірушісі міндетін атқарушы, ЮНИСЕФ – Біріккен Ұлттар Ұйымының балаларға көмек көрсететін халықаралық төтенше қоры өкілдігінің басшысы Джун Кукита мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының ғылым жөніндегі кеңесшісі, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бұрынғы директоры – Ядролық физика институтының бұрынғы директоры Қайрат Қадыржан қатысты.

Бүгін, яғни 29 тамызда дүниежүзілік қауымдастық Қазақстан бастамашы болған және 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдаған Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтетіні белгілі. Бұл күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы тарихи Жарлығымен әлемнің ең алпауыт Семей ядролық полигоны жабылған еді. Қазақстан Кеңес Одағынан «мұраға қалған» әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартып, сол кезден бастап «бейбітшілік эпицентріне» айналған болатын. Нәтижесінде, Ресей және АҚШ-пен ынтымақтаса отырып, ядролық қарулар мен ракеталар елімізден шығарылып, жойылса, ал бұрынғы полигон инфрақұрылымы істен шығарылған-тұғын. Қазақстандық полигонның жабылуымен Невададағы, сондай-ақ, Лоб-Нор және Муруроа секілді әлемнің ірі сынақ алаңдары да өз жұмыстарын тоқтатқан болатын. Сарапшылар Семей полигонының жабылуымен ядролық қаруды таратпау мен қарусызданудың ғаламдық үрдісінің жаңа кезеңі бастау алғанын да атап көрсетіп отыр.

2006 жылғы қыркүйекте Қазақстан аймақтың басқа мемлекеттерімен бірлесе отырып Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жария еткен Семей келісіміне қол қойды. Сондықтан 29 тамыз – бұл ядролық апокалипсис қаупін алшақтатқан белес болып саналады. Бұл күннің басты өзегі, міне, осында.

Брифингте сөз алған Орталық коммуникация­лар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев өз сөзінде қазақстандықтар осы маңызды күн арқылы барлық дүниежүзілік қауымдастықты және барлық елдердің халықтарын ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселелерін күшейтуде тағы да бір рет бірігуге үндеп отырғанын атап өтті.

Ал Джун Кукита Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні 29 тамызға бекітілгені бекер еместігін, осы күні әлемдегі ең ірі ядролық полигондардың бірі – Семей полигоны жабылғанын айтты. «Бұл күн әлемді ядролық қарудан азат етуді насихаттайтын күн. Сондықтан, бұл күннің маңызы зор. Осынау халықаралық күнді атап өту үшін биыл екі үлкен шара ұйымдастырылады. Бұл шараларда ядролық қаруды таратпауға қатысты өзекті мәселелер көтеріледі», деді Джун Кукита.

Ал Қайрат Қадыржан Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарын жою жөніндегі біраз жылдардан бері жүргізіліп келе жатқан жұмыстардың барысы, осы бағытта қандай жұмыстар атқарылғаны, уланған жерлерді қолданысқа толық қайтару жұмыстарының жайы туралы әңгімеледі. «Бүгінгі таңда еліміздің ғалымдары Семей полигоны аймағын жан-жақты зерттеп, үлкен шаруалар атқарды. Яғни, полигон аймағына жақын жерлер бірнеше бөлікке бөлініп, зерттелді. Бұл жерлердің шаруашылықтарға пайдалану-пайдаланбау мәселесіне түбегейлі зерттеу жүргізу үшін халықаралық сарапшылар мен халықаралық ұйымдар да тартылды», деді Қ. Қадыржан. Сондай-ақ, Қайрат Қамалұлы Қазақстанның қарусыздану саясаты, АТОМ жобасы, Қазақстанның уран әлеуеті мен уран өнеркәсібіндегі қауіпсіздіктің қалай қамтамасыз етіліп жатқаны төңірегінде журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».