29 Тамыз, 2013

Қосымша білім – жан-жақты дамыған азамат қалыптастырудың тиімді жолы

868 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесінде әр балаға сапалы білім, саналы тәрбие берудің еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қарастыруы өте маңызды.

 5220 

Қазақстан Республикасы білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесінде әр балаға сапалы білім, саналы тәрбие берудің еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қарастыруы өте маңызды.

Бұл ретте жалпы білім бе­ру жүйесінің құрамдас бөлі­гі қосымша білім беруді дамы­тудың маңызы зор екені айт­пасақ та түсінікті. Қазақстан Республикасында білім беру­ді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарламасында және Оқушы­лардың функционалдық сауат­тылығын дамыту жөніндегі 2012-­2016 жылдарға арналған ұлт­тық іс-қимыл жоспарында қосым­ша білім беру жүйесінің балалар­дың шығармашылық озық идея­ларын дамытып, қоғамдық ортада өзінің орнын жақсы білуі, білімділігі мен ұтқырлығына сенімді болуы арқасында ел дамуына өзіндік үлесін қоса алатын тұлға қалыптастыруда зор рөл атқаратыны атап көрсетілген. Ол орынды. Өйткені, қосымша білім беру қызметі оқушылардың алған білімін қабілеттеріне сәйкес іске асыруына көмектеседі, олардың бойында алғашқы кәсіби білім дағдыларын қалыптастырады.

Қазіргі таңда ғылыми-техни­ка­лық, өлкетану-туристік, экология-биологиялық, әлеуметтік-педа­гогикалық, әскери-патриоттық, көркем-эстетикалық, музыкалық бағыттар бойынша 641 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді және олар 600 мыңға жуық немесе жалпы бала санының 22,9 пайызын қамтып отыр.

Балаларды қосымша біліммен қамтуда Батыс Қазақстан (83,3 %) және Қостанай облыстары (62 %) алда келеді.

Қарағанды облысында оқушы­лардың (44,9%), Шығыс Қазақ­стан облысында (36,5%), Астана қаласында (33,1%), Ақтөбе (30,2%), Павлодар (26,3%), Сол­түс­тік Қазақстан (23,8%), Маң­ғыс­тау облыстарында (20,8%) қо­сымша біліммен қамтылған. Ең төмен көрсеткіш – Оңтүстік Қа­зақ­стан облысының еншісінде (7,0%). Сол сияқты Қызылорда, Атырау, Алматы, Жамбыл, Ақ­мола облыс­тарында, Алматы қаласында да жағдай мәз емес.

Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында Жас турис­тер, Қызылорда, Маңғыстау, Сол­түстік Қазақстан, Оңтүстік Қа­зақ­стан облыстарында және Алматы қаласында Жас техниктер, Қызыл­орда және Маңғыстау облыста­рында Жас натуралистер стансалары жоқ. Ал Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыс­тарында Бала­лар көркемсурет мектептері ұйым­дастырылмаған.

Дегенмен, соңғы жылда­ры елімізде қосымша білім бе­ру жүйесі дамып, кеңейіп ке­леді. Қазір қосымша білім беру ұйымдарында 16625 педагог қызмет атқаруда. Олардың қа­жырлы еңбегі, тынымсыз ізде­нісінің арқасында жалпыға бірдей орта білім бере­тін 7 372 мектепте 53 272 үйірме ұйымдастырылып, барлық оқу­шы­лардың 35,1 пайызы қосымша білім берумен қамтылды.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қа­зақстанның әлеуметтік жаң­­ғыртылуы: Жалпыға Ортақ Ең­бек Қоғамына қарай 20 қа­дам» атты мақаласында қазақ­стан­дықтардың өскелең ұрпағына ар­налған жаңа құнды­лықтар бағдарын қалыптастырып, Еңбек адамы, өз ісінің шебері – жастар еліктейтін басты нысан болуы тиіс екендігін ерекше атап өтті. Ал, адамның белгілі бір іс-әрекет аясында жоғары дәрежеде дамуы мен кемелденуі – оның өздігінен білім алу, өзін-өзі түзету, өзін-өзі басқару құрал­дары арқылы жетілуінің табысты нәтижесі.

Сапалы білім беруді қамта­масыз ету білім беру мекемелерін оңтайландыруды, материалдық-техникалық базасын кезең-кезе­ңімен және дәйекті түрде жаңғыр­туды талап етеді. Осыған орай, Астанадағы Оқушылар сарайында ұлттық интерактивті парк іске қосылды. Сонымен қатар, мұн­дай игілік Алматы, Жаңаөзен, Шым­кент, Павлодар және Өскем­ен қа­лаларында орналасқан Оқу­­шылар сарайларында жүзеге асырылуда.

Таяуда барлық 167 Шығарма­шылық үйі, орталық, Жас техниктер стансалары «Робот-техни­ка» кешенімен, Астана қаласын­дағы, Алматы, Оңтүстік Қазақ­стан, Ақмола, Павлодар облыста­рындағы жыл бойы жұмыс іс­тейтін 5 сауықтыру орталығы заманауи жаттығу құрылғылар залымен жабдықталмақ. Барлық (18) Жас натуралистер стансалары заманауи жоғары технологиялы жылыжайлармен қамтамасыз етіліп, балалар му­зыка мектептеріндегі (202) му­зыкалық жабдықтар, жас туристер стансаларының туристік-экспедициялық жабдықтары жаңартылады.

Осындай өркенді ө згеріс­терден еліміздің жоға­ры оқу орындары да шет қалып отырған жоқ. Мәселен, Маңғыстау педа­гогикалық технология­лар институтында «Квант», «Ин­фор­матика», «Интеграл», М.Өте­місов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінде «Менделеев дәулеті» үйірмесі және «Архимед» зертханасы жұмыс істейді. Алматы қала­сының жаңа технологиялар кол­леджіндегі және №1 кәсіби лице­йіндегі «Заманауи технологиялар» үйірмесіне қатысушылар саны да жылдан-жылға көбейе түсуде.

Маңғыстау облысындағы «Бо­­лашақ» институтында тех­ни­ка­лық пәндер, физика үйірме­лері, мұнай және газ салалары техни­­касы, мұнай геологиясы, мұнай және газ скважиналарын бұрғылау, Солтүстік Қазақстан облы­сындағы «Білім беру сала­сын­дағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар» орта­лығында физика-химиялық зерттеулер, жаңа биопрепараттар, «Робот-техникалық жүйелерін жобалау және математикалық модельдеу», Ш.Уәлиханов атын­дағы Ақмола университеті жанынан «Ядролық-магниттік резонанс-спектроскоп», энергия үнем­деуші және тиімді етуші технологиялар, аймақтық зерттеулер, «В.Вернадский атындағы ноосфера» зертханаларын ашпақпыз.

Қазақстан Республикасы Бі­лім және ғылым министрлігінің жанынан 2004 жылы құрылған Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орта­лы­ғы балаларға әлеуметтік тәрбие берудің инновациялық бағыт­тары бойынша ғылыми-зерт­теу жұмыстарын жүргізеді, оқу­шыларды каникул кезінде сауық­тыруға, олардың бос уақыттарын ұтымды ұйымдастыруға қатысты педагогтарға арналған әдістемелік нұсқаулар, балалардың өнер, көр­кем­сурет, музыка мектептерінің бі­лім беру бағдарламаларын әзірлейді.

Елбасының тапсырмасы бо­йынша ғылыми-техникалық және экология-биологиялық шығар­машылықпен айналысатын балалар мен жасөспірімдерге арналған «Экоәлем» және «Темірқазық» та­нымдық журналдары жарық көрді.

Қосымша білім беру саласы­ның ғылыми-техникалық бағыты оқушыларды отандық және әлем­дік ғылыми-техникалық жетіс­тіктермен таныстыра отырып, шығар­машылық ізденістерге жете­лесе, өлкетану-туристік ба­ғы­ты бойынша жүргізілетін зерт­теулер балаларды туған топы­рағында қандай киелі ескерт­кіш­тер бар екенін біліп, әйгілі және белгісіз жерлестерінің аттарын жаңғыртып, бүгінгі күн­ге дейін сақталып келген көне жәдігерлермен танысуға мүм­кіндік береді. Экология-био­логиялық бағы­тындағы үйір­ме­лердің де бере­рі мол. Мұн­да ба­­лалар табиғат таң­ға­жа­йып­та­ры­­мен танысады, қор­ша­ған ортаны қорғаудың маңы­зын түсінеді, бойларына жоға­ры рухани-адам­гершілік сезім ме­н жа­уап­кершілік қасиеттерін сіңіре­ді.

Ал қосымша білім берудің эстетикалық бағыты өнердің барлық салалары арқылы оқушы дүниетанымын кеңейтіп, оларды шынайылық пен әсемдікті сезіне білуге, халықтық қол­дан­балы өнер, ұлттық музыка және театр өнерін жаңғыртуға, шығармашылық ізде­ністерді ынталандыруға баулиды.

Жоғарыда айтылғандарды қысқаша түйіндер болсақ, бала­ларға қосымша білім беру жү­йесін жаңғырту – еліміздің келешегіне салынып жатқан инвестиция. Сондықтан ол үзіліссіз, үздіксіз жүргізілуге тиіс.

Үміт ЖЕКСЕНБАЕВА,

республикалық қосымша білім беру

оқу-әдістемелік орталығының директоры,

педагогика ғылымдарының докторы,

профессор.