Қазақстан Республикасы білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесінде әр балаға сапалы білім, саналы тәрбие берудің еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қарастыруы өте маңызды.
Қазақстан Республикасы білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесінде әр балаға сапалы білім, саналы тәрбие берудің еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қарастыруы өте маңызды.
Бұл ретте жалпы білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі қосымша білім беруді дамытудың маңызы зор екені айтпасақ та түсінікті. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында және Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарында қосымша білім беру жүйесінің балалардың шығармашылық озық идеяларын дамытып, қоғамдық ортада өзінің орнын жақсы білуі, білімділігі мен ұтқырлығына сенімді болуы арқасында ел дамуына өзіндік үлесін қоса алатын тұлға қалыптастыруда зор рөл атқаратыны атап көрсетілген. Ол орынды. Өйткені, қосымша білім беру қызметі оқушылардың алған білімін қабілеттеріне сәйкес іске асыруына көмектеседі, олардың бойында алғашқы кәсіби білім дағдыларын қалыптастырады.
Қазіргі таңда ғылыми-техникалық, өлкетану-туристік, экология-биологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әскери-патриоттық, көркем-эстетикалық, музыкалық бағыттар бойынша 641 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді және олар 600 мыңға жуық немесе жалпы бала санының 22,9 пайызын қамтып отыр.
Балаларды қосымша біліммен қамтуда Батыс Қазақстан (83,3 %) және Қостанай облыстары (62 %) алда келеді.
Қарағанды облысында оқушылардың (44,9%), Шығыс Қазақстан облысында (36,5%), Астана қаласында (33,1%), Ақтөбе (30,2%), Павлодар (26,3%), Солтүстік Қазақстан (23,8%), Маңғыстау облыстарында (20,8%) қосымша біліммен қамтылған. Ең төмен көрсеткіш – Оңтүстік Қазақстан облысының еншісінде (7,0%). Сол сияқты Қызылорда, Атырау, Алматы, Жамбыл, Ақмола облыстарында, Алматы қаласында да жағдай мәз емес.
Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында Жас туристер, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында Жас техниктер, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында Жас натуралистер стансалары жоқ. Ал Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында Балалар көркемсурет мектептері ұйымдастырылмаған.
Дегенмен, соңғы жылдары елімізде қосымша білім беру жүйесі дамып, кеңейіп келеді. Қазір қосымша білім беру ұйымдарында 16625 педагог қызмет атқаруда. Олардың қажырлы еңбегі, тынымсыз ізденісінің арқасында жалпыға бірдей орта білім беретін 7 372 мектепте 53 272 үйірме ұйымдастырылып, барлық оқушылардың 35,1 пайызы қосымша білім берумен қамтылды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында қазақстандықтардың өскелең ұрпағына арналған жаңа құндылықтар бағдарын қалыптастырып, Еңбек адамы, өз ісінің шебері – жастар еліктейтін басты нысан болуы тиіс екендігін ерекше атап өтті. Ал, адамның белгілі бір іс-әрекет аясында жоғары дәрежеде дамуы мен кемелденуі – оның өздігінен білім алу, өзін-өзі түзету, өзін-өзі басқару құралдары арқылы жетілуінің табысты нәтижесі.
Сапалы білім беруді қамтамасыз ету білім беру мекемелерін оңтайландыруды, материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен және дәйекті түрде жаңғыртуды талап етеді. Осыған орай, Астанадағы Оқушылар сарайында ұлттық интерактивті парк іске қосылды. Сонымен қатар, мұндай игілік Алматы, Жаңаөзен, Шымкент, Павлодар және Өскемен қалаларында орналасқан Оқушылар сарайларында жүзеге асырылуда.
Таяуда барлық 167 Шығармашылық үйі, орталық, Жас техниктер стансалары «Робот-техника» кешенімен, Астана қаласындағы, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарындағы жыл бойы жұмыс істейтін 5 сауықтыру орталығы заманауи жаттығу құрылғылар залымен жабдықталмақ. Барлық (18) Жас натуралистер стансалары заманауи жоғары технологиялы жылыжайлармен қамтамасыз етіліп, балалар музыка мектептеріндегі (202) музыкалық жабдықтар, жас туристер стансаларының туристік-экспедициялық жабдықтары жаңартылады.
Осындай өркенді ө згерістерден еліміздің жоғары оқу орындары да шет қалып отырған жоқ. Мәселен, Маңғыстау педагогикалық технологиялар институтында «Квант», «Информатика», «Интеграл», М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Менделеев дәулеті» үйірмесі және «Архимед» зертханасы жұмыс істейді. Алматы қаласының жаңа технологиялар колледжіндегі және №1 кәсіби лицейіндегі «Заманауи технологиялар» үйірмесіне қатысушылар саны да жылдан-жылға көбейе түсуде.
Маңғыстау облысындағы «Болашақ» институтында техникалық пәндер, физика үйірмелері, мұнай және газ салалары техникасы, мұнай геологиясы, мұнай және газ скважиналарын бұрғылау, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар» орталығында физика-химиялық зерттеулер, жаңа биопрепараттар, «Робот-техникалық жүйелерін жобалау және математикалық модельдеу», Ш.Уәлиханов атындағы Ақмола университеті жанынан «Ядролық-магниттік резонанс-спектроскоп», энергия үнемдеуші және тиімді етуші технологиялар, аймақтық зерттеулер, «В.Вернадский атындағы ноосфера» зертханаларын ашпақпыз.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жанынан 2004 жылы құрылған Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы балаларға әлеуметтік тәрбие берудің инновациялық бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді, оқушыларды каникул кезінде сауықтыруға, олардың бос уақыттарын ұтымды ұйымдастыруға қатысты педагогтарға арналған әдістемелік нұсқаулар, балалардың өнер, көркемсурет, музыка мектептерінің білім беру бағдарламаларын әзірлейді.
Елбасының тапсырмасы бойынша ғылыми-техникалық және экология-биологиялық шығармашылықпен айналысатын балалар мен жасөспірімдерге арналған «Экоәлем» және «Темірқазық» танымдық журналдары жарық көрді.
Қосымша білім беру саласының ғылыми-техникалық бағыты оқушыларды отандық және әлемдік ғылыми-техникалық жетістіктермен таныстыра отырып, шығармашылық ізденістерге жетелесе, өлкетану-туристік бағыты бойынша жүргізілетін зерттеулер балаларды туған топырағында қандай киелі ескерткіштер бар екенін біліп, әйгілі және белгісіз жерлестерінің аттарын жаңғыртып, бүгінгі күнге дейін сақталып келген көне жәдігерлермен танысуға мүмкіндік береді. Экология-биологиялық бағытындағы үйірмелердің де берері мол. Мұнда балалар табиғат таңғажайыптарымен танысады, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсінеді, бойларына жоғары рухани-адамгершілік сезім мен жауапкершілік қасиеттерін сіңіреді.
Ал қосымша білім берудің эстетикалық бағыты өнердің барлық салалары арқылы оқушы дүниетанымын кеңейтіп, оларды шынайылық пен әсемдікті сезіне білуге, халықтық қолданбалы өнер, ұлттық музыка және театр өнерін жаңғыртуға, шығармашылық ізденістерді ынталандыруға баулиды.
Жоғарыда айтылғандарды қысқаша түйіндер болсақ, балаларға қосымша білім беру жүйесін жаңғырту – еліміздің келешегіне салынып жатқан инвестиция. Сондықтан ол үзіліссіз, үздіксіз жүргізілуге тиіс.
Үміт ЖЕКСЕНБАЕВА,
республикалық қосымша білім беру
оқу-әдістемелік орталығының директоры,
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор.