29 Тамыз, 2013

Демократиялық мемлекеттің тұғыры

802 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 та­мызда бүкілхалықтық референ­думда қабылданған. Бұл жаңа мем­­лекеттің негізгі қағидаттары мен құндылықтарын бекітудегі Қа­­зақстан халқының бірлігін көр­сет­кен тарихи оқиға болып табылады.

 

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 та­мызда бүкілхалықтық референ­думда қабылданған. Бұл жаңа мем­­лекеттің негізгі қағидаттары мен құндылықтарын бекітудегі Қа­­зақстан халқының бірлігін көр­сет­кен тарихи оқиға болып табылады.

Еліміздің соңғы 18 жылда жеткен жетістіктері – бұл Конс­титуцияның және оның негізінде қабылданған заңнаманың нақты нәтижелері.

Ата Заңымызда елімізде өмір сүріп жатқан халықтың ортақ құндылықтары дәл көрсетілген.

Ол – 140 этнос пен 46 діни қа­уым­дастықтардың достық пен татулықта тұрып жатқан респуб­лика аумағының тұтастығы мен бөлінбеуі.

Конституцияда ешкiмдi жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына және басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған. Мұнымен бей­бітшілік пен тұрақтылық, барлық халықтың игілігіне эконо­микалық даму секілді басты конс­титуциялық қағидаттар қамта­масыз етіледі.

Конституцияның негізінде заманауи мемлекеттік механизм және құқықтық жүйе құрылды, тиімді экономиканың іргетасы қаланды, адамның құқықтары мен бостандықтары қамтамасыз етіледі. Ең бастысы, біздің бас­ты игілігіміз – бейбітшілік пен татулық мызғымайды.

Қазақстан өзін демократиялық мемлекет ретінде жариялады. Ал демократияны заңды­лық­сыз елестету мүмкін емес. Демо­кра­тиялық мемлекет құқықтық емес бола алмайды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан осы мақсатқа жетуде көп ілгері жылжыды. Алайда, мемлекеттің құқықтық болуына қоғамның өзі септігін тигізуі қажет. Қоғам мен мемлекет құқықтық деп аталу үшін кем дегенде үш шарт орындалуы керек, олар: заманауи, сапалы заң­нама, оны сайма-сай қолдану және тиісінше құқықтық сана. Осы үш бағыт бойынша көптеген іс-шаралар жүзеге асырылған. Елбасы бекіткен Құқықтық сая­сат тұжырымдамасы Конс­титу­цияның нормалары мен ере­желерін толыққанды іске асыру­дың жаңа кезеңі болып табылады.

Нормативтік-құқықтық акті­лерді қабылдау кезінде қоғамдық мүдделерге нұқсан келтіретін топтық мүдделерді қолдауды еңсеру, қолжетімді сот әділдігіне жету және бұқаралық құқықтық тәрбие үшін әлі де көптеген істер жасалу керек.

Еліміздің экономикасы мем­лекеттік және жеке меншікті тану мен теңдіктің, меншікті қоғам игілігіне пайдаланудың және кәсіпкерлік қызмет еркіндігінің конституциялық принциптеріне сәйкес дамуда. Бүгінгі таңда мем­лекеттің медициналық қыз­мет көрсету және білім беру, тұрғын үй құрылысы, жалақы мен әлеуметтік төлемдерді көтеру секілді әлеуметтік сұрақтарды тиімді шешуіне мүмкіндігі бар.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары халық көптеген қиын­­­дықтарды еңсере алды. Елде де, сонымен қатар, әрбір қа­зақ­­стан­­дықтың өмірінде де түбе­­гей­лі өзгерістер пайда болды. Аза­­маттардың қорғалуы және әл-ауқаттың артуы пат­ри­от­­тық се­зімдерді оятады. Конс­титу­ция­ның үстемдігі Рес­пу­блика еге­мен­дігінің заңды көрінісі.

Жылдар өтер, мүмкін халық­­аралық жағдай мен елдегі сая­си кескін өзгерер, бірақ бұл Конституция тарихта бейбіт­ші­ліктің, жасампаздық пен дамудың төлқұжаты болып қала береді.

Ерден БОРАНБАЕВ,

Қызылорда облыстық сотының қызметкері.