Коронавирус • 31 Наурыз, 2020

1430.kz сайтында дәрігерлер онлайн тегін кеңес береді (видео)

1956 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемдегі 200-ден аса мемлекетке тараған пандемия елімізді де сарсаңға салуда. Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, карантин шаралары күшейгенімен ауру жұқтырғандардың саны күн сайын артып келеді. Мұндайда көпшілікті мазалайтын сұрақ көп екені сөзсіз. Емханаларға барып қаралудың өзі қауіпті болған осындай кезде еліміздің білікті дәрігерлері 1430.kz сайты арқылы онлайн тегін кеңес беруге көшті.  

1430.kz сайтында дәрігерлер онлайн тегін кеңес береді (видео)

1430.kz сервисі – пациенттер мен дәрігерлерге арналған онлайн алаң. Ол елімізде телемедицинаны дамыту бойынша қолға алынған Start-Up жобалардың бірі. Республикадағы 700-ден аса білікті дәрігер қызмет көрсететін сайт осы жылдың қаңтар айынан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде цифрландыру барлық саланы дерлік қамтуда. Медицина саласы да бұдан қалыс қалмақ емес. Әсіресе коронавирустың таралып, төтенше жағдайдың жариялануы цифрландырудың маңызын одан сайын арттыра түскені анық. Оның үстіне #BizBirgemiz деп ұрандатқан қайырымды жандардың да қатары молайып, жұдырықтай жұмылған жұртшылық қиындықты бірге еңсеруде. 1430.kz сайтына тіркелген медицина мамандары да халыққа тегін қызмет көрсете бастады.

«Мұнда тұрғындар емханаға бармастан дәрігердің кеңесін онлайн алады. Кезекте тұрып, жол жүріп уақыт жоғалтпайды. Дәрігердің біліктілігі, санаты, көрсетілетін қызметтің бағасы және басқа да толық ақпарат 1430.kz парақшасында көрсетілген. Яғни кез келген тұрғын өзіне қажетті дәрігерді сайтқа тіркелу арқылы таңдай алады. Онлайн кеңес алғаннан кейін пациенттер сол дәрігердің жеке қабылдауына да жазылу мүмкіндігіне ие болады. Ал көрсетілген қызметтің ақысы тікелей дәрігерлерге төленеді», деген жоба авторы Жандос Бақтыбаев мұндағы дәрігерлер карантин кезінде тегін медициналық кеңес бере бастағанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл дәрігер мен пациенттердің арасында байланыс орнатудың ең тиімді әрі қауіпсіз жолы.  

Офтальмолог, педиатр Раушан Құлжабаева күніне 30-ға жуық адамды онлайн тегін қабылдайды. «Әсіресе COVID-19 індеті таралған осынау кезде онлайн медициналық қызметтің артықшылығы да, маңыздылығы да, қолайлылығы да, тиімділігі де орасан зор. Біріншіден, науқас үйінен шықпастан дәрігердің көмегіне жүгіне алады. Екіншіден, карантин кезінде науқас та, дәрігер де қашықтықты сақтай отырып, індеттің ушығуының алдын алады. Үшіншіден, шалғай елдімекендерде тұратын халыққа медициналық көмек қолжетімсіз жағдайда, сонымен қатар медициналық көмек шұғыл мұқтаж адамдарға алғашқы медициналық көмекті осы сайт арқылы көрсетеміз. Мұнда бүкіл аймақ бойынша дәрігерлер тіркелген. Зертханалық сынамалар мен аспаптық талдауларды, тексерістердің нәтижелерін талдап емдік нұсқаулар жазып береміз. Ары қарай өзіміздің немесе жақын маңындағы дәрігердің тікелей қабылдауына жазылуына мүмкіндік жасаймыз. Сондықтан мен барлық әріптестерімді осы сервисті пайдаланып тегін қызмет көрсетуге шақырамын», дейді Р.Құлжабаева.

Жалпы тәжірибелік дәрігер Анар Нұрбаева да бүгінде пациенттерге тегін кеңес береді. Бір өзі күніне 10-нан аса адамды онлайн қабылдайтын ол қазіргі уақытта халықтың көпшілігі коронавирус туралы сұрақтарды жиі қоятынын айтады. «Олар кез келген уақытта бізге жазыла алады және жылдам кеңес алады», дейді А.Нұрбаева.