29 Тамыз, 2013

Хиросимадағы басқосудың біздің өңірге де ықпалы бар

250 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

я5«Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымы Хиро­сима мен Нагасаки қалалары мэрлерінің бастамасымен 1982 жылы құрылған. Бұл ұйымның алдыға қойған басты мақсаты – ядролық қару қауіптілігіне әлем халықтарының назарын аудару. Сол арқылы ядролық қарусыз әлем құруда дүние жүзі қалаларының арасындағы байланыстың нығаюына ықпал ету. Қазіргі уақытта бейбітшілік үшін басталған бұл қозғалысқа қатысушы қалалардың саны 5 мыңнан асқан.

Айбек КӘРІМОВ«Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымы Хиро­сима мен Нагасаки қалалары мэрлерінің бастамасымен 1982 жылы құрылған. Бұл ұйымның алдыға қойған басты мақсаты – ядролық қару қауіптілігіне әлем халықтарының назарын аудару. Сол арқылы ядролық қарусыз әлем құруда дүние жүзі қалаларының арасындағы байланыстың нығаюына ықпал ету. Қазіргі уақытта бейбітшілік үшін басталған бұл қозғалысқа қатысушы қалалардың саны 5 мыңнан асқан.

Таяуда, тамыз айының 3-і мен 6-сы аралығында Жапонияның Хиросима қаласында «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының ұйымдастыруымен оның халықаралық 8-ші конференциясы өтті. Хиросима қаласының мэрі, халықаралық «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының президенті Мацуи Кадзумидің арнайы шақыруымен осы конференцияға қатысып қайтудың сәті түскен болатын. Айтулы басқосуға жаһанның әр шалғайынан 300-дей қаланың мэрлері, көрнекті ғалымдар, жаһандық деңгейдегі қоғам қайраткерлері қатысты. Әр елдің көрнекті өкілдері жиналған қауым алдына шығарылған мәселе – әлемдік қауымдастықтың қауіпсіздігін сақтау жолында ядролық қырып-жою қаруының таралуына жол бермеу. Конфе­рен­цияға қатысушылардың пікір, көзқарастары күн тәртібіндегі тақырыптың өзектілігін аша түсті. Ма­ңызды ойлар мен мазмұнды ұсыныстар сарапталды.

Осы сапарға байланысты­ әсерімді ең әуелі әлемнің әр түкпі­рі­нен келген­ қалалардың басшылары мен қайрат­кер­лерінің Қазақстан жөніндегі жылы пікірлері мен оң көзқарастарына тікелей куә болғандығымнан бастасам деймін. Қазақстанның бүгінгі таңда ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы екенін, бұл тарапта әлемдік қауымдастық алдында ядролық қарусыздану және таратпау шаралары төңірегіндегі мол тәжірибесін еркін көрсете алатынын, әлемдегі осы үрейлі қаруды толық жою жағында екендігін сөз етті. Конференцияда сөз алған саяси тұлғалар тарапынан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ядролық полигонды жабудағы батыл қадамына, халықаралық форумдар мен БҰҰ алқасында антиядролық мәселедегі табанды ұстанымына жоғары баға берілді. Дүниежүзілік мінберден өз мемлекетің мен өз Елбасың туралы салиқалы ой, салмақты пікір айтылып жатқанда кеудемді мақтаныш сезімі кернеп тұрғанын несіне жасырайын!

Конференция барысында Қазақстан халқының өз Көшбасшысының соңынан ере білетін ынтымақшылдығын, қиын­дықты жеңе білетін қайсарлығын, болашаққа берік сеніммен қарайтын­ды­ғын құрметпен атап өткендер де аз болған жоқ.

Егер еліміздің өткеніне көз жүгіртер болсақ, Кеңес Одағы тұсында Семей полигонындағы қырық жылдан астам уақыт жүргізілген сынақ мыңдаған қазақстандықтың денсаулығына орны толмас зардап әкелді. Радиоактивті залалданған аймағы бар біздің еліміз, оның ішінде Семей өңірі адамзат тарихындағы ядролық сынақ жайлы сөз болса алдымен айтылады. Семей сынақ полигоны – ядролық қарудың адамзат өміріне қаншалықты зардап пен залал әкелетіндігіне нақты мысал болды. Сол себептен болар, Қазақстан халықаралық шараларға мұрындық болып келе жатқан жылдар ішінде еліміз бен жерімізде жүзеге асып жатқан жасампаз қадамдардан алыстағы қалалар да хабардар болып отырғандығын байқадым.

Өз сөзімде жапон үкіметіне, Хиро­сима мен Нагасаки қалаларының мэрлеріне, осы қалалардың ғылыми қо­ғамдастық өкілдеріне біздің айма­ғы­мыздағы медициналық және әлеу­меттік оңалту тұрғысындағы шара­лар­ға көрсеткен көмектері үшін риза­шылығымды жеткіздім. Сондай-ақ, осы сапар барысында Нагасаки және Хиросима қалаларының мэрлерімен, мемлекеттік емес ұйымдармен, білім беру және ғылыми-зерттеу институттары өкілдерімен өткен кездесулерде бірнеше ортада пікір алмасу мүмкіндігіне ие болдым.

Менің тарапымнан Семей ядролық полигоны жөнінде мәлім болған деректер мен дәлелдерге тыңдаушылардың айтарлықтай ықылас танытуына Семей мен Хиросима және Нагасаки қалаларының а расында қалыптасқан әріптестіктің де тиісінше ықпалы болған шығар деймін.

Кең көлемдегі мәдени, ғылыми шараларды қамтыған Хиросима басқосуы халықаралық деңгейде өте үлкен резонанс тудырды. Сол арқылы Жер шарында ядролық қаруларды таратпау жолындағы күресте айтарлықтай ықпалы бар екенін де көрсетті. Басқосу қорытындысында антиядролық насихат шараларын бұрынғыдан да белсенді жүргізіп, әлемдік қауымдастықтағы осы қозғалысқа жаңа өкілдер тарту қажеттігіне ден қойылды.

2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау жөнінде көтерген бастамасын Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдағаны мәлім. 2010 жылдан бастап БҰҰ күнтізбесінде 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде белгіленіп, осы бастама аясында Астана, Нью-Йорк, Гаага қалаларында бірнеше жыл қатарынан ірі шаралар өткізілді. Айтулы шара Семей қаласында да мейлінше жалғасын тауып, Түйемойнақ аралында 29 тамыз күніне арналған митингтер халықаралық деңгейде жүзеге асып келеді. Өткен жылы Семейдегі «Ядролық сынақтарға тыйым салу­дан – ядролық қарусыз әлемге» атты конференцияға әлемнің 75 мемлекетінен 200-ге жуық сарапшы, ғалым, қоғам қайраткерлері мен үкімет өкілдері келді.

Осы орайда «Мэрлер бейбіт­шілік үшін» халықаралық ұйы­мының Шығыс Қазақстан айма­ғымен байланысына тоқтала кет­сем деймін. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының Бас хатшылығы арасындағы келісім нәтижесінде 2012 жылы Семей қаласында аталған хатшылық өкілдігі ашылды.Осы жылдың наурыз айында Бельгия Корольдігінің Ипр қаласының мэрі Люк Дехане бастаған Еуропа делегациясының Семейге келіп қайтуына да арада орнаған байланыстың өзіндік ықпалы болған еді. Мәртебелі қонақтар сапарына орай Семей мен Ипр қалаларының арасындағы мәдени, экономикалық байланыстарды нығайта түсу мәселелері сөз болып, келісімдер жасалған. Елімізге дәл осындай қоғамдық-саяси серпін берген халықаралық сапардың бірі МАГАТЭ Бас директоры Юкио Аманоның Курчатов, Семей қалаларына келіп қайтуы болды.

Ядролық қарудан бас тартып, сынақ полигонын жабумен бірге жаһан жұртын ядролық қарусыз әлем құруға шақырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көшбасшылық рөлін халықаралық қауымдастықтың жоғары бағалауы – бүкіл қазақстандықтардың мерейі. Бір ғана өз елінің емес, дүние жүзінің тыныштығы мен бейбіт өмірінің бұзылмауын, ядролық қару қаупінен ада болуын қалаған Елбасымыздың бүкіләлемдік бастамасын Семей халқы әркез қызу қолдайды.

Айбек КӘРІМОВ,

Семей қаласының әкімі.