Руханият • 31 Наурыз, 2020

Кітапхана – көркем ойымыздың кепілі

7549 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлемдік өркениетте кітапхананың алатын орнын ешкім де жоққа шығара алмайды. Осы орайда еліміздің еңселі қара шаңырағының бірі Ұлттық академиялық кітапхананың бүгіні мен болашағы турасында айта кеткіміз келеді.

Кітапхана – көркем ойымыздың кепілі

Тарих қойнауына тереңдеп бармай-ақ, бүгіннің биігінен қарағанның өзінде елімізде кітапхана ісінің кең қанат жайып келе жатқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ең бастысы, қалың көпшіліктің кітап оқуға деген ынта-ықыласы арта түскені байқалады. Статистикаға жүгінсек, соңғы бес жылдық көрсеткіш бойынша ұлттық кітапхананың оқырмандар саны жыл сайын тұрақты түрде 1000-2000 оқырманға өсіп отырады екен. Мәселен, 2019 жылы  20411 оқырман тіркелсе, биылғы 2020 жылдың екі айында ғана тіркелген оқырман саны 21064-ке жеткен. 2019 жылдың есебі бойынша оқырмандар саны 52004-ке жетіп отыр. Бұл соңғы 5 жылда кітап оқушылар санының екі есеге өсіп отырғанын аңғартады.

Қазірде жастар кітапханаға бармайды дейтін пікірлер  жиі айтылып жатады. Керісінше, бүгінде жас та, жасамыс та, бала да қария да кітап оқуға ден қоя бастаған. Тіпті, оқырмандардың басым бөлігін жастар құрап келеді. Кітапханада таңертеңнен қара кешке дейін отыратын оқырмандар аз емес. Мәселен, былтыр оқырмандар арасында кітапхананың жұмыс уақытына байланысты сауалдама жүргізген уақытта, сауалдамаға қатысқандардың арасында кітапхананың аптасына жеті тәулік бойы 24 сағат жұмыс істегенін қалайтындар көп анықталды. Ондай оқырмандар аз болғанымен, кітапхана олардың да пікірін елеп-ескеруге тырысады.

Дәл қазіргі уақытта Ұлттық академиялық кітапхана қашықтық режімінде оқырмандарға онлайн қызмет көрсетуде. Бұл орайда Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасы күнделікті жұмыс істеп тұр. Қазір Қазақстанның Ұлттық электронды кітапхана қызметін әлемнің 60-тан астам елінен пайдаланушылар қолданып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ елдері бар. Сондай-ақ, порталды ТМД, Финляндия, Германия, Болгария, Румыния, Жапония, Оңтүстік Корея және т.б. елдер қолданып отыр.

Жуырда сондай-ақ қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана "Қазақстанның ұлттық және мәдени мұрасының ресурсы ретінде" атты вебинар өткізді. Одан бөлек online кітапхана жобасы іске қосылды. Бұл жоба Қазақстанның барлық кітапханашысы мен ел азаматтарына арналады. Қазіргі заманғы жаңа технологиялар бойынша әр түрлі тақырыптағы күнделікті дәрістер өткізіледі.

Пайдаланушылар үшін білімнің барлық саласы бойынша қазақстандық басылымдарға қолжетімділік берілді: атап айтқанда сирек кітаптар мен қолжазбаларға, мақалаларға, газеттер мен журналдарға, көркем әдебиетке, мемлекет және құқық, өнер және т.б. Сонымен қатар, пайдаланушылар авторефераттар мен диссертацияларға, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми басылымдарына, сондай-ақ кітапхана жазылған IPR Books және Euromonitor Passport толық мәтінді деректер қорына қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды.

Одан бөлек әлемді алаңдатып отырған ауыр ахуалға байланысты кітапханамыз елімізге белгілі ақын-жазушылармен онлайн кездесулер мен дәрістер өткізуді қолға алды. Дария Жұмагелдинова, Кенжехан Матыжановпен, Көпен Әмірбекпен, Дәулеткерей Кәпұлымен сынды белгілі тұлғалармен онлайн кездесулер өткізілді. Одан бөлек «Апта» бағдарламасы аясында балалардың  әр түрлі байқауы өткізілуде.

Сонымен қатар, YouTube арнасында және әлеуметтік желілерде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президенттік сыйлықтың лауреаты, журналист Көпен Әмірбектің "Абай ─ сатирик" тақырыбында дәрісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ибраевпен, прозашы, ақын Б. Әлімжановпен, қоғам қайраткері, ҚХА мүшесі К.А.Ханмен сұхбаттар қойылды.

Жалпы кітапхананың онлайн қызметі бойынша болашақта да көптеген жұмыс атқарылмақ. Алдағы уақытта қазақстандық журналдардың сайттарын іске қосу, оның ішінде ғылыми басылымдарға шолу жасау, кітапхананың атаулы оқу залдарының ұлттық қоры туралы ақпараттық сағат, жаңа терминологиялық сөздіктер мен «XXI ғасырдағы Қазақстан және әлем» онлайн-шолулар, жаңа кітаптар, әдеби кештер, "Қазақстан жазуының және кітаптарының тарихы" видеолекциялар, балаларға арналған онлайн-поэзия және суреттер сайысы, балалар әдебиеті мен ертегі терапия онлайн дәрістер, ақын-жазушылармен, абайтанушылармен онлайн кездесулер, сирек кітаптар мен құнды қолжазбалар онлайн лекциясы, ақпараттық технологиялар жөніндегі вебинар, Әбу Насыр Әл Фарабидің 1150 жылдығына орай онлайн конференция мен онлайн лекциялар өткізеді. Сондай-ақ болашақта кітапхана ісі және ақпараттық технологиялар бойынша қазақстандық және шетелдік жетекші жазушылар мен сарапшылардың онлайн лекцияларын өткізу жоспарланып отыр.

 Әлбетте әңгімеміз кітапхана төңірегінде болғандықтан биыл мерейтойы кең көлемде аталып өтіп жатқан Абай атамыз туралы сөз қозғамай кету мүмкін емес. Жалпы абайтану мәселесінде науқаншылдық басым деген сөз жиі айтылып жатады. Алайда бұл пікір кітапханаға қатысты деуге келмейді. Абайды оқып-тану науқаншылдық іс емес. Президентіміз өзінің жоғарыда аталған мақаласында: «Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады деуімізге болады. Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағыттағалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет деп жазған болатын. Мемлекет басшысының бізге артқан сенімін ақтай отырып Абай жырларын оқу эстафетасын мүлдем жаңаша форматта, оған жастарды кең ауқымда қатыстыра отырып, тартымды әрі қазіргі заман талабына сай етіп өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның үстіне, аталған іс-шараларды науқаншылдыққа айналдырмай, тұрақты түрде, жыл сайын өткізіп тұру қолға алынуда.

Жалпы Абайдың 175 жылдығын тойлауды біз жаңа жылдан бастап кеткеніміз белгілі. Осыған орай кітапхананың мұрындық болуымен Чехияның Прага қаласында «Абай» ақпараттық-мәдени орталығын ашылып, Словакия, Венгрия, Германия мемлекеттерінде «Абай оқулары» өткізілді. Ал әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай да кітапхана ұжымы бірнеше жобаны жүзеге асыру үстінде. Еліміздің белгілі ғалымдары мен фарабитанушыларымен бас қосып, арнайы кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Жалпы қазақ халқының бай әдебиетімен, оның салт-дәстүрлерімен, мәдени құндылықтарымен таныстырып, насихаттаудың жарқын көрінісі ретінде Ұлттық академиялық кітапхана 2016 жылдан бастап шет елдердің ұлттық және басқа да ірі кітапханаларында «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығын ашу» халықаралық жобасын жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда әлемнің 33 елінде Корея, Қырғыз Республикасы, Финляндия, Венгрия, Ресей Федерациясы, Армения, Малайзия, Түркия, Қытай, Грузия, Франция, Жапония, Швеция, Македония, Болгария, Чехия, Италия, АҚШ (Нью - Йорк көпшілік кітапханасы және Конгресс кітапханасы) Якутия Республикасы, Чуваш Республикасы, Румыния, Иран, Аргентина, Бразилия, Удмуртия, Германия, Испания, Өзбекстан, Моңғолия, Әзербайжан  кітапханаларында аталған орталықтар ашылып, оқырмандар назарына ұсынылды. Бүгінде бұл мемлекеттердің Ұлттық кітапхана қорларында Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ілияс Есенберлин, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай және басқа да қазақтың ұлы жазушылары мен ақындарының шығармалары аталған елдердің миллиондаған оқырман қауымы үшін қол жетімді болып отыр.

 Сонымен қатар кітапханамыз шет елдердегі орталықтармен ғана емес, жергілікті кітапханалармен де бірлесіп жемісті жұмыстар атқарып отырғанын айта кеткеніміз жөн. Жалпы әр өңірдің кітапханаларында өлкетану жұмыстары жолға қойылған. Бұл кітапханашылар атқарып отырған ең үлкен жұмыстардың бірі. Жергілікті әр кітапхана өз өңірінен шыққан тұлғаларын насихаттайды, олар туралы библиография құрастырады, жаңа технология көмегімен өз дерек базаларын жинақтайды.

Бүгінгі таңда кітапхана қоры  2020 жылдың қаңтардағы көрсеткіштеріне сәйкес, кітаптардың 52 пайызын ғылыми, танымдық және басқа да ғылыми әдебиеттер құрап отыр. Бұл көрсеткіш кітапхананың академиялық дәрежесі үшін аз көрсеткіш болып табылады. Осы көрсеткішке сүйене отырып елімізде ғылымның жоқтығын немесе дамымай жатқанын аңғарып отырмыз. Қордың қалған құрамын, яғни 55 пайызын көркем әдебиет және басқа басылым түрлері қамтып отыр.

Жалпы  кітапхананың биыл атқаратын іс-шараларының бір мақалада айтып беру мүмкін емес. Алдымен республиканың барлық кітапханасында жас масатшылар қозғалысын қолдайтын «МАСАТ» клубтарын құру және тұрақты түрде олардың жұмысын жүргізіп, жыл сайын түрлі байқау-конкурстарын өткізу, «Балалық шаққа саяхат» қазақстандық кітап апталығын өткізу, Еуразия кітапханалық Ассамблеясы мен  қазақстандық кітапханалар Альянсы мүшелерінің қатысуымен «Біздің Абай» - «Our Abai» және «Ауылым – алтын тұғырым» көркемсуретті альманах жинағын шығару, «Жақсыдан үйрен» еріктілер орталығын құру, «Қазақ даласы — бір жарым ғасыр бұрын» жобасын, сондай-ақ, «Көне Түркі әлеміне – Орхон ескерткіштеріне саяхат», «Бабалар ізімен» тылсым Торғай өңіріне, «Жидебай-Бөрілі – Ұлылар мекеніне» кітапханалық туризмі жүргізіледі. Осы жобаларды жүзеге асыруға республика өңірлеріндегі кітапханашылар да ат салысқалы отыр.

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА,

ҚР Ұлттық академиялық

кітапханасының басшысы,

педагогика ғылымдарының докторы,

профессор