Руханият • 01 Сәуір, 2020

«Штрафбаттың» командирі

2780 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жасырып-жабулайтын несі бар, Сталиннің соғыс жылдарында да қазақтарға іші жыли қоймағаны анық. Мұны Бауыржан Момышұлының майдан жорықтарында көрсеткен ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмағанынан да аңғаруға болады.

«Штрафбаттың» командирі

Майдангерлермен мейлін­ше ресми сөйлесіп, сыр суырт­пақтап талай сырластық қой, олар қан-қасап соғыстың қия­мет ауырт­палықтарынан бөлек, мұсылман қауымына жа­салатын қиянаттарды там-тұмдап айтып қалатын. Сон­да да өздерінің өжет­тілігі, сауаттылығы, алғыр­лығы, ба­тырлығы арқасында әске­ри бөлімдердің басшылық құ­рамында болғандар көп-ақ. Солардың бірі бұрынғы Шым­кент облысы, Бөген ауданы, «Қарааспан» кеңшары, Ленин бөлімшесінде дүниеге келген Әбдіраш Назарбеков еді.

Әбдіраш Қызылорда мем­лекеттік педагогикалық инсти­тутын бітіріп, Амангелді атын­дағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп жүрген ке­зінде соғыс өрті бұрқ етті. Жас ұстаз өзі сұранып Отан қорғауға аттанды. Сол­түс­тік-Батыс майданында 161-гвар­­диясының атқыштар взво­дына келіп түсті. Ерлігімен көзге түскен ол осы взводқа ко­ман­дир болып бекітіледі. Көп ұзамай Солтүстік-Батыс При­бал­тика майданында екпінді Ке­ңес Армиясының «айыптылар батальонының» командирі болып жоғарылайды. Әбді­раш­ты «штрафбаттың» коман­дирлігіне тағайындағанға дейін оны жан-жақты тексеу­ден өт­кізген еді. Әри­не бірінші ке­зек­те Отанға, пар­тияға адал­дығы сы­­нақ­тан өтті. Сондай-ақ Әб­діраш­тың педагог болғаны да ескерілген еді. Ал батальон бір­­ың­ғай сотталғандардан құ­ралды. Айыптылар­ды соғыс ке­зінде үнемі алдыңғы лекте ұс­тады. Қашанда желдің өтінде, жаумен бетпе-бет жүретін, соғысу тәсілі де анағұрлым ауыр, құрамы тіпті күрделі батальонды басқару анау-мынау командирге тапсырылмайтыны да белгілі. Міне, осын­дай бітімі бөлектеу батальонды қаз­ақ ұланы басқарды.Басқарып қана қоймай, небір кескілескен ұрыста шығынсыз жеңістерге жетіп отырды. Бас­қыншылардың небір тегеурінді шабуылдарына тойтарыс берілді. Айыпты болса да асыл іс тындырып жүрген жауынгерлер қайтпас қайсарлығы, өршіл өжеттілігі, темірдей тө­зімділігі бар командирлеріне сенді. Сондықтан да талай темір қор­шауларды талқандап шығып, Кеңес Армиясына қайта қосылып отырды. Міне, сондықтан оған Александр Нев­ский ордені бе­рілді. Қа­зақ жауынгерлері арасында мұндай марапатқа ие бол­ғандар некен-саяқ. Мұндай марапат қолбасшыларға ғана беріледі. Әбдіраш Назарбеков мұнан соң да Қызыл Жұлдыз орденін омырауына тақты.

Командир түптеп келгенде жауынгерлердің ұстазы. Ол жауынгерлерге тәрбие жұ­мысын тиянақты жүргізе білгендігінен де шығар, үнемі алғы шепте жү­ретін жауынгерлер бір адым да кері шегінбеді. Оларға шегінуге рұқсат жоқ та еді. Тек қана «Алға!» деген ұранмен атой салған айыптылар өлімнен қо­рыққан жоқ. Бәлкім, бойларында кінәмізді қанмен жуамыз деген бір сенім болған шығар.

Бірде орман ішінде кескі­лескен ұрыс жүріп жатты. Сол шайқаста Әбдіраш ішінен жараланып, бүк түсіп жатып қалды. Немістер болса өк­ше­леп қалған еді. Алайда жаралы командирін көрген екі жауынгері оны өздерімен бірге ала кетті. Одан әрі жауынгерлерге тамақ әкелген арбаға тиеп жатқаны есінде. Ал көзін аш­қанда Пермь (бұрынғы Мо­лотов) қаласындағы 1324-ші әскери гос­питальда жатқа­нын бір-ақ білді. Әскери хирургтер оның ішіне ота жасапты. Әбдірашты олар қайтадан май­данға жібер­меді. Соғыстың бі­туіне небә­рі төрт ай қалғанда елге қайта­рыл­ды.

Майдангер елге оралысымен мектебіне жол тартты. Арыс қаласында С.М.Киров атын­­дағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұға­лімі,мектеп-пансионат, мектеп-интернат меңгерушісі қыз­меттерін абыроймен атқарды. Халық ағарту ісінің дамуына елеулі үлес қо­сып, білім саласында ұзақ та сапалы қызмет атқарғаны үшін Қазақ КСР Оқу министрлігінің «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Ә.Назарбековтың ерлігі мен ерен еңбегін мемлекет бейбіт заманда да ұмытқан жоқ. Жеңістің 20,30 жылдығы кезінде шығарылған медальдармен марапатталды. Сондай-ақ «КСРО Қарулы Күштеріне 60 жыл» медалінің иегері, «Еңбек ардагері»  атанды.

Әбдіраш Назарбеков 1982 жыл­дың 2 шілдесінде Байыр­құм елді мекенінде өмірден өтті. Жарықтық көзі тірісінде соғыс туралы шешіліп көп сөй­ле­меуші еді. Майдан дала­сында үнемі ең жауапты да ауыр аймақтар мен шептерге жіберілетінін ғана там-тұмдап айтатын. «Айыптылар ба­тальо­ны» деген таңбасы бар олар­дың қаншама көзсіз ерлік­тері еленбей қалды. Ал соның өзінде Әбдіраш Назарбековке Александр Невский орденін та­быстамауға басқа шара қал­мағанын батырдың жанкешті жау­жүректілігінен іздегеніміз абзал.

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

журналист