29 Тамыз, 2013

Меркідегі Көккөлдің тылсымы бар

534 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Озеро

Жамбыл облысы Меркі ауданында Қарақыстақ жазығында Көккөл деген сиқырлы көл бар. Көлдің ерекшелігі сол, ол еліміздегі ауытқушылығы бар аймақтардың қатарына енгізілген. Осы өңірде биылғы жазда ресейлік зерттеуші-ғалымдар Роман Фадеев және Евгений Красновский болып, оның құпия сырларын зерттеген екен. Бұл туралы «Айқын» газеті жазды.
Ғалымдардың таулы аймақтың құшағында жатқан су арнасына деген қызығушылығы өлкетанушы А.Печерскийдің жазбаларынан кейін ояныпты. Өз заманында ғалым осы жерден ғылымға белгісіз 15 метрлік алып жыланды көргендігін жазып кеткен. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар арасында Көккөлдің арнасында «Айдаһардың аруағы тіршiлік қылады» деген болжам етек алған.

Кей сәттерде су ішінде бір алып сиқырлы жануар жүзіп келе жатқандай, көл беті дір етіп шымырлап, арнасынан жұмбақты гуіл дыбысы шығады екен. Дәл осы кезде жергілікті тұрғындар көлдің суын алуға асығады. Олардың сенуінше, осы мезетте судың шипалық қасиеті пайда болатын көрінеді. Роман Фадеевтың мәлімдеуінше, бұл көл көп уақыттан бері әлемнің уфологтары мен сталкерлерінің бақылауында тұр. Су тереңдігін өлшеген гидрологтар кей телімдерде көлдің түбін анықтай алмаған. Олар зерттеу барысында көптеген суасты ағыстары өтетін жасырын канал жолдарын, ағыс жолдарымен байланысқан үңгірлерді тауыпты. Бұл тұжырымды ақиқат деуге болады. Өйткені, көл мұздақтардан пайда болған. Олай болса, мореналық кен жыныстарының қабатында шұңқырлар мен каналдардың қалыптасуы әбден ықтимал. Мұндай суасты каналдардың болуы көлдің тағы бір сиқырын ашады: көлге тыстан ешқандай ағыс келмей, одан ешбір өзен-бұлақ шықпағанына қарамастан, оның суы әрдайым тұнық-мөлдір болып тұрады. Сондай-ақ Фадеев түн ішінде шығатын қорылдаған, ысқырған дыбыстарды естіп, естен танып қала жаздағанын айтады. Ресейлік ғалымдар атақты шотландиялық Лох-Несс көлі мен Көк көлдің көп ұқсастықтарына таңғалыпты. Дегенмен, екі су қоймасында біздің ойымызға кіріп-шықпайтын бір құбылыстың, ескіден қалған бір құбыжықтың бары анық.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, көлден шынында да біртүрлі дыбыстар шығатынын айқындап берді. Келесі жолы тағы да ысқырық естілгенде, экспедиция мүшелері айқай салады. Жаңғырық  дауысты күшейтіп, көл үстін жаңғыртып жібереді. Бірақ, ысқырық тоқтамайды. Қайта үдей түскендей. Бұл дауысты белгісіз хайуанаттың шығарып тұрғаны сөзсіз еді. Сосын зерттеушілер тағы бір кереметке куә болады. Күн шайдай ашық боп тұрғанда, жаңбыр жауады. Сол уақытта көл алуан түрге енеді екен. Күн нұрымен көл беті бірде көгілдір, бірде жасыл, кейде кемпірқосақтың алуан түсіне бөленеді. Бейнебір сыйқырлы бояуға енгендей. Бірде судың батыс жағалауынан бір жарым-екі метр жерде кішігірім иірім пайда болып, әлде нәрсе көл суын астынан сіміріп жатқандай болады. Мұны ғалым Б.Волчков ақырына дейін зерттеп, көлдің тегі мұз дәуіріне жатады деген қорытындыға келеді. Көл астында морендік шұңқыр бар, яғни мұздың қозғалысынан пайда болған тау жыныстарының қалдықтары бар. Су шайған шұңқырларда суасты құйыны пайда болған. Қалдықтар көлде түтікті құйын (сифон) құраған. Яғни, көлдің астында канал бар. Адамдарды тартып кететін де осы ұйықтар болуы мүмкін. Кейбір кезде жаңбыр мен қар түсуіне және жерасты гидрогеологиялық ерекшелікке байланысты судың бірнеше бөлігін каналдар тартып кетеді. Сол кезде кіші иірімдер мен «мақұлық» денесінің тұрқы байқалады. Кейде керісінше, суды күшпен тартқан уақытта ауамен қосыла кететін болуы керек, сол кезде түрлі дыбыстар шығарады. Суда осындай иірімдер пайда болғанда, ештеңеден қауіптенбестен, шомылып жүргендерді тартып кетіп жатады...

Данияр Түймебай.