Спорт • 01 Сәуір, 2020

Әлемдегі ең үздік жас футболшы – Родриго Гоэс

805 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әйгілі Goal порталы әлемнің әр қиырындағы жасыл алаңдарда жасындай жарқырап жүрген жас футболшылар арасындағы үздік ондықты анықтады. 

Әлемдегі ең үздік жас футболшы – Родриго Гоэс

Үздіктер көшін Мадридің «Реалының» шабуылшысы Родриго Гоэс бастап тұр. Корольдік клуб 19 жастағы бразилиялық жас дарынды былтыр «Сантостан» 45 миллион евроға сатып алған болатын. 2019 жылдың 25 қыркүйегінде «Осасунаға» қарсы өткен ойынның 71 минутында Винисиус Жуниорды алмастырған ол алаңға шыққан бетте допты торда тулатып, бірден милиондаған көрерменнің көзайымына айналды. Осылайша, Родриго ХХІ ғасырда туған «Реалдың» ойыншылары арасынан алғашқы болып гол соқты. Ал сол жылдың 6 қарашасында Чемпиондар лигасындағы Ыстамбұлдың «Галатасарайымен» өткен кездесуде Бразилияның жас өрені хет-трик авторы атанды. Бүгінгі таңда айтулы футболшы Испанияның Премьер-лигасында өрелі өнерімен көзге түсіп қана қоймай, өз елінің ұлттық құрама командасы сапында да өзін жақсы қырынан көрсетуде.  

Сонымен қатар, «ТОП-10» жас ойыншының қатарына Ансу Фати («Барселона»), Мейсон Гринвуд («Манчестер Юнайтед»), Рейньер («Реал Мадрид»), Эдуардо Камавинга («Ренн»), Габриэль Мартинелли («Арсенал»), Ли Кан Ин («Валенсия»), Мұхаммед Ихаттарен (ПСВ), Такефусе Кубо («Реал Мадрид») және Райан Гравенберх («Аякс») сынды сайыпқырандар енді.