Экономика • 01 Сәуір, 2020

Қанша кәсіпорын мемлекеттік қолдауға ие болды?

601 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аграрлық өнім өндіршілерді мемлекеттік қолдаудың www.qoldau.kz  бірыңғай порталы  соңғы үш жылдағы АӨК субсидия алушылардың тізілімін жариялады. Кез келген азамат бұл порталдан қазақстандық қандай кәсіпорын қандай көлемде мемлекеттік қолдау алып жатқанын біле алады.

Қанша кәсіпорын мемлекеттік қолдауға ие болды?

Былтыр бұл тізімде еліміздің 33 мыңнан астам кәсіпорыны жарияланған екен, биыл олардың саны әзірге 7 мыңнан асады.

- Әрине, электрондық субсидиялау үдерістері әлі толық жетілдіріле қойған жоқ. Сондықтан арыз-шағымдардың болатыны заңды.  Бірақ бұл - уақытша мәселе. Мемлекеттік қолдауды цифрландыру ­ күрделі мәселе болғанымен қажетті үдеріс. Ол маңызды статистиканы жүргізуге, субсидиялаудың тиімділігін болжауға және талдауға мүмкіндік береді, - дейді "Ақпараттық-есептеу орталығы" АҚ бас маманы Азамат Құрманов.

Маманның айтуынша, енді аграрлық ведомство субсидиялау жөніндегі деректерді компаниялардың экономикалық, қаржылық көрсеткіштерімен салыстыра отырып жүргізуді қолға алған. Соның арқасында енді компаниялардың салық, әлеуметтік аударымдарды қалай жүргізіп жатқаны, кәсіпорындардағы жалақы деңгейі, өндірістің өнімділігі - бәрін автоматтандырылған жүйемен бағалауға мүмкіндік тумақ.  Алайда бұл көрсеткіштерге әсер ететін факторлар өте көп және тиімді құрал әзірлену үшін уақыт қажет көрінеді. Дегенмен де мамандар талдаудың нәтижелері ашық болады деп отыр, яғни тиімді электрондық жүйе жетіліп, жақсы жолға қойылған кезде мемлекет те, қоғам да субсидиялау қаншалықты өзін-өзі ақтағанын, қандай бағыттарда тиімді болғанын көре алады.

- Өкінішке қарай, барлық субсидия Қолдау арқылы берілмейді, сондықтан мемлекеттік бюджет шығындарының кейбір көлемі көпшілік бақылауынан тыс қалып отыр. Мал шаруашылығы үшін субсидиялардың бір бөлігі Ет одағының бастамасы бойынша басқа жүйемен төленеді  және бұл жұртшылыққа жариялы емес, - дейді А.Құрманов.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ