Үкімет • 02 Сәуір, 2020

Карантинді ұзарту туралы айтуға әлі ерте

718 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирі арқылы онлайн брифинг өткізген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төтенше жағдай енгізілген еліміздің жағдайы туралы баяндады.

Карантинді ұзарту туралы айтуға әлі ерте

Кеше сағат 07:10-да Қарағанды қалалық ауруханасында ауыр халде түскен 62 жастағы ер адам қайтыс болды. Бұл елімізде індеттен қайтыс болған үшінші адам. Дәурен Абаев ең алдымен коронавирустан қайтыс болған марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халық­қа Мәлімдеме жолдап, дағдарысқа қарсы шаралардың екінші пакетімен таныс­тырғаны белгілі. Үкімет Президент тапсырмаларын жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарын дайындап жатқанын жеткізген Ақпарат және қоғамдық даму министрі онда мемлекеттің көмегін қалай, қай жерден және қандай тәртіппен алу керек екені нақты түсіндірілетінін атап өтті. «Тағы да қайталап айтамыз – көмекке мұқтаж барлық адамға жәр­дем беріле­ді. Мемлекет ешкімді қам­­қор­лықсыз қалдырмайды. Прези­дент­­тің кешегі Мәлімдемесі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасының табысты іске асып жат­қанына және оның өміршең екеніне айқын дәлел. Себебі өздері­ңіз білетіндей, Мәлімдемеде айтылған шаралар қазіргі уақытта қиындыққа кезіккен азаматтардың, кәсіпкерлер­дің, ауыл шаруашылығы өкілдерінің өті­ніш-тілектерін ескереді. Қазір біз аса күр­делі уақытта тұрмыз. Сондық­тан, Мем­лекет басшысының Мәлімдемесі тек қана экономикалық емес, ең алдымен, идеологиялық астары бар дүние. Осын­дай уақытта біз көзқарасымыздың, идея­мыздың, ұлтымыз бен дініміздің әртүрлі екеніне қарамастан біртұтас екенімізді түсінуіміз керек. «Біз біргеміз!» деген бос ұран емес. Ол халқымызды талай қиындықтан аман алып шыққан өмірлік ұстанымымыз», деді министр.

Бүгінде Қостанай облысынан өзге еліміздің барлық өңірінде коронавируспен ауырғандар тіркелді. Көп аймақта карантин шаралары күшейтілді. Мұндайда үйден шықпау керегін тағы да ескерткен Д.Абаев ережені дұрыс ұстан­ғанда ғана карантиннен тез шығуға болатынын атап өтті. «Қазір карантинді ұзарту туралы айтуға ерте. Ешкім екі апта бұрын эпидемиологиялық жағ­дайдың қалай болатынын нақты айта алмайды. Бірақ біз барлығына дайын болуы­мыз керек. Сондықтан кеше айтыл­ған барлық шаралар – жағдай күр­де­леніп кетсе де тыныштық пен тұрақ­тылықты сақтау кепілі. Ол үшін бізде қажетті шарттардың барлығы жасалған. Мемлекет басшысының тапсырмасы, нақты жұмыс жоспары және Ұлттық қорда жиналған қаражат бар», дейді ол.

Қиын кезеңде аса маңызды жұмыс атқарып жатқан волонтерлер қызметіне ерекше тоқталған министр: «Тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының өзінде олар мыңға жуық көмек акция­сын өткізіп, 30 мың адамға жәрдем бер­ді. 8 мың­дай отбасына азық-түлік апар­ды. Осы екі қаланың өзінде волонтерлер мұқтаж адамдарға 200 мыңға жуық маска таратты. Еліміздің барлық өңірінде волонтерлер дәл осылай мұқтаж адамдарға азық-түлік, дәрі, бірінші кезекте қажет заттарын апарып беруде», деді.

Сондай-ақ Президенттің дағдарысқа қарсы жоспарының орындалуы туралы есеп берген Д.Абаев қазіргі уақытта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жобаны қайта құрылымдау тура­лы өтініштерді қарастырудың жеңіл­детілген форматына ауысқанын жет­кізді. «30 сәуірге дейін жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге 71 жоба қолдауға ие бо­лады. Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауға өтінімдерді қарау уақыты 5 жұмыс күнінен 1 жұмыс күні­не дейін қысқарды. Қазіргі уақытта 58 млрд теңгенің 250-ге жуық жобасы мақұлданды. Кепілдік құралын өзгерту туралы өтініштерді қарау тек 6 жұмыс күнін құрайды. Бұл бағытта қор 37 жобаны мақұлдады», деді ол.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің қаулысы күшіне еніп, жеке тұлғалар үшін банк және микрокредит төлемдерінің мерзімі үш айға шегерілді. Айыппұл мен өсім болмайды. Осыны айтқан Дәурен Әскербекұлы бұл шегеру халықтың әлеуметтік осал топтарына, әлеуметтік көмек алушыларға, ресми тіркелген жұмыссыздарға берілетінін хабарлады. Оған ешқандай тексеру жүр­гізіп, дәлелдеудің немесе өтініш берудің кере­гі жоқ. Сонымен қатар осындай көмек төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған кәсіпкерлерге де көрсетіледі.

Бүгінде «Біргеміз» қорына 13 млрд теңге түсті. Министрдің айтуынша, қар­жы ашықтығын қамтамасыз ету үшін бар­лық өңірде қордың өкілдіктері ашылып, сайты да іске қосылды. Ол жерде ке­ліп түскен қаражат пен шығындар жария­ланады. Тіпті чектерге дейін көр­сетіледі. Қазір әр өңірде көмекке мұқтаж адамдардың тізімі жасалуда. Олар жақын уақытта қордан көмек алады.

Мемлекеттік резервтен коронавирус­қа қарсы күреске үш рет, яғни 29 қаңтарда 1 млрд 609 млн теңге, 21 ақпанда 428 млн 227 мың теңге, 25 наурызда 21 млрд 430 млн 635 мың теңге бөлінді. Дәурен Абаев бұл қаражат дәрі-дәрмектер, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен зертханалық құрал-жабдықтар, маскалар мен қолғаптар, сондай-ақ қорғаныш костюмдері мен сынақ жүйелерін сатып алуға жұмсалғанын жеткізді. Аза­мат­тар­ға шұғыл медициналық көмек көр­сету ұлт­тық орталығы арқылы эвакуация­лау, қыз­меткерлерді жарақтандыру мен дезин­фек­циялық құралдарды сатып алу, т.б. шы­ғындарға да осы қаражат пайдала­нылған.

Айта кетейік, кеше кешкі ақпаратқа сүйенсек елімізде, коронавирус жұқтыр­ған­дар саны 372-ге жетті. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында – 184, Алматы қала­сында 84 науқас анықталса, Ақмола, Аты­рау облыстарында 16 адамнан тір­келді. Қарағанды облысында – 14, Қызыл­­орда облысында – 25, Алматы облы­сын­­­да – 9, Түркістан облысында 5 адам ви­рус жұқтырса, Шымкент қала­сы, Жам­был және Солтүстік Қазақ­стан облыс­тарында 3 жағдайдан тіркел­ді. Ал Ақтөбе облысында – 4, Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан облысын­да 2 науқастан анықталса, Маңғыс­тау, Павлодар облыс­тарында 1 науқастан тіркеліп отыр.