Руханият • 02 Сәуір, 2020

Мұқтаж жандарға көмектеседі

656 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуы салдарынан қалыптасқан жағдай­ға байланысты мәлімдеме жасап, бірқатар маңызды шешімін жариялады.

Мұқтаж жандарға көмектеседі

Өз кезегінде Қазақстан Президенті елдегі қабыл­данып отырған қатаң шара­лардың уақтылы әрі орынды екенін, елде вирустың жаппай таралуына жол беріл­мей­тінін атап көрсетті. Сон­дай-ақ ол халықтың әлеу­­мет­тік жағдайының төмен­­деуін бол­дырмаудың маңыз­дылы­ғына тоқталып, азаматтар мен бизнеске арналған нақты көмектің қосымша тетіктерін ұсынды.

Осыған дейін Дағдарыс­қа қарсы алғашқы шаралар топтамасына сәйкес жалпы көлемі 4,4 триллион теңгені немесе 10 миллиард доллар­ды құрайтын қаражат бөлінгенін айта кету керек.

Сөйтіп Мемлекет басшы­сы­ның мәлімдемесіне сәйкес осы жылдың 1 сәуірінен бас­тап дағдарысқа қарсы бір­қатар жаңа шаралар іске қосы­лады. Осыған дейін табы­сы­нан айырылған аза­мат­тар­ға ең төменгі жалақы мөл­шерінде (42500 тг) қолдау көр­сетіле бастаған еді. Енді бұл кө­мекті алатындар санаты ке­ңей­тіліп, өзін өзі жұмыс­пен қам­тығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де осындай көмек алатын болады. Мұндай қолдау үш миллионға жуық азаматты қамтымақ.

Сондай-ақ әлеуметтік қол­дау шаралары шеңберінде жалпы саны 800 мыңнан ас­там мұқтаж жанға, соның ішінде 1,2,3-топтағы мүге­дектер мен жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға тегін азық-түлік таратылады. Өз кезегінде азаматтарға тегін медициналық көмек көрсе­ту жалғасатын болады, себе­бі міндетті әлеуметтік медици­налық  сақтандыру жүйесіне тіркелмеген азаматтардың көмек алу құқығы 1 шілдеге дейін ұзартылды.

Карантин жағдайында халықты жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібіндегі кезек күттірмес мәселе болып отыр. Осыған орай Мемле­кет басшысы республикалық маңызы бар қалалардың жанындағы елді мекендердегі жастарды Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде жұмысқа орналастыруды тапсырды. Оларға негізгі жалақыға қоса 85 мың теңге көлемінде бір реттік көтерме ақы төленеді.

Жалпы, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде бизнес өкілдерінің осыған дейін енгізген ұсыныстары­на рет-ретімен жауап беріп, экономикалық ахуалдың әр­түрлі даму бағыттарына сай мемлекеттің өз жоспары бар екенін білдірді.

Бұл ретте, Президент Ұлт­тық қордан бөлінетін қара­жаттың үнемді және орынды жұмсалуы қажеттігі­не жете назар аударды. Аса ірі көлемдегі ақшалай қара­жаттың мақсатты және тиім­ді жұмсалуын қамтамасыз ету міндеті Республикалық бюджеттің атқарылуын бақы­лау жөніндегі Есеп комитетіне жүктелді. Өңірлік тексеру комиссиялары мен қоғамдық кеңестерді де осы жұмыс­қа тартудың маңызды еке­нін, бірақ төтенше жағдайдың ерекше шарттарын ескеру қажеттігін атап өтті.

 «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымда­ма­сын жүзеге асыру азамат­тар­дың мемлекет пен билік­ке деген сенім дәрежесіне тіке­лей байланысты. Бұл тек проблемалар және оларды шешу бойын­ша қабылданған ша­ралар туралы қоғамды ба­рын­ша ақпараттандыру ар­­қы­лы іске аспақ. Осыған орай Пре­зиденттің өзекті мәсе­ле­лер­ді шешу жолында мем­ле­кеттің ашықтығы мен қоғам­мен сұхбатқа әзірлігін көрсете білгенін атап өткен жөн.

Сөйтіп, Президент қандай күрделі кезең болсын, мемлекет тарапынан мұқтаж азаматтарға әрдайым көмек жасалатынын, уақытша қиын­дықты бірлесіп еңсеруге болатынына сенім білдірді. Осын­дай сын сағатта халықтың ауызбіршілік танытып, мемлекетке қолдау көрсетуі маңыз­ды болмақ.

 

Мәдина БЕКТЕНОВА,

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері