30 Тамыз, 2013

Ақиқат ауылына бастар жол

288 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздігімізді алғаннан бері тарих, тіл, дін, діл мәселесі ерекше екпінмен көтеріліп, халқымыздың өткен дәуірі ұлттық мүдде тұрғысынан жазыла бастағаны белгілі. Оған мемлекеттік деңгейде қолдау көр­сетіліп отырғандығы да мәлім. Бірақ оқымыстылар қандай да бір мағлұмат таба қалса дереу БАҚ-та жариялауға асығады. Себебі, тапқан дерегі арқылы өз атын шығару, сөйтіп танымал тұлғаға айналу құмарлығы жеңері хақ. Енді елімізде ақиқаттың ауылына апаратын жол – тарихнаманы түбегейлі зерттеу мықтап қолға алынды.

 

Тәуелсіздігімізді алғаннан бері тарих, тіл, дін, діл мәселесі ерекше екпінмен көтеріліп, халқымыздың өткен дәуірі ұлттық мүдде тұрғысынан жазыла бастағаны белгілі. Оған мемлекеттік деңгейде қолдау көр­сетіліп отырғандығы да мәлім. Бірақ оқымыстылар қандай да бір мағлұмат таба қалса дереу БАҚ-та жариялауға асығады. Себебі, тапқан дерегі арқылы өз атын шығару, сөйтіп танымал тұлғаға айналу құмарлығы жеңері хақ. Енді елімізде ақиқаттың ауылына апаратын жол – тарихнаманы түбегейлі зерттеу мықтап қолға алынды. Ол дегеніміз, өресіздіктің жолы кесіліп, қоғамнан ысырылғандығының бір дәлелі. Мәселен, ағымдағы жылдың 5 маусымында Астана қаласында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің басшылығымен мәні де, маңызы да зор Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті. Тарих деген сөзге құлағымызды түріп жүретіндіктен біз Жетісу мемлекеттік университеті гуманитарлық факультетінің ұстаздары мұқият тыңдап, ел газеті «Егемен Қазақстан» басылымынан оқып разы болдық. Өзара талқылап, ақиқаттың ақ жолы енді ашылатындығына кә­міл сеніп, пікір алмасып, жеке мұра­ғат­тарымызды аударыстырып, жақсы дүниеге септігімізді тигізуге талпынып та жүргеніміз жасырын емес. Шыны керек, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің өркендеу стратегиясына сәйкес, яғни бүгінгі жаһандану кезеңі ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруды талап етуде. Осы тұр­ғыдан алғанда мемлекет тарапынан арнайы қолдау көрсетіліп отырған ұлттық тарихымызды зерделеуге қатысты іс-шаралар тарихшылар мен қоғамдық ғылым өкілдерін ғана емес, өз тарихына жаны ашитын, қызығушылық танытатын барша қауымның зор ынта-ықыласын тудырды. Сондықтан, мемлекеттік деңгейде көтеріліп отыр­ған ұлттық тарихты зерделеуге қа­тысты іс-шараны өз басым тікелей қол­даймын. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, гуманитарлық факультеті, тарих кафед­расы осыдан 41 жыл бұрын ашыл­ғанымен «Тарих» атауымен құрылған кафедра өз тарихын 1991 жылдан бастайды. Қазіргі кезде кафедра «Тарих» мамандығы бойынша бакалавриат және магистратура мамандарын даярлайды.

Зерделей білген жан Жетісу өлкесінің тарихы тым тереңде жатқанын ұғынады. Бүгінде кезең-кезеңімен ескерткіш тақталарын іліп, оған әр құндылық жайлы мағлұматтарды молынан, ең бастысы, мемлекеттік деңгейде жан-жақты нақтыланған жазбаларды іліп қою қолға алынғаны біздің тарихшылардың жүректерінен жылы орын алды. Сөз реті келгенде айта кетсем, еліміз егемендігін төрткүл дүниеге паш етіп, етек-жеңімізді жинаған жылдардан бастап тарихымыздың өз деңгейінде жазылмағандығын тиісті орындарда жанайқаймен сан рет айтқан да едік. Кейінгі буынға, мына біздер, аға буын өкілі тарихымызды танытуда жанкешті еңбек етуіміз керек. Ол перзенттік парызымыз деп санаймын.

Амангелді ТӨЛЕМІСОВ,

ЖМУ гуманитарлық факультетінің деканы,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.