30 Тамыз, 2013

Конституция – Қазақстанның даму стратегиясына негіз

935 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жиырма жылға жуық уақыттан бері Қазақстан Конституциясы еліміздің ұлттық саяси-құқық­тық жүйесінің түпқазығы, мем­ле­кеттілігі мен егемендігінің, елдегі заңдылық пен құқық тәртібінің заңдық негізі, бүкіл заңнама мен құқық қолдану практикасы, сондай-ақ еліміздің мемлекеттік-құқықтық қайта жаңғыруы мен даму үрдісі арқа сүйейтін мықты іргетас болып табылады.

rogov1Жиырма жылға жуық уақыттан бері Қазақстан Конституциясы еліміздің ұлттық саяси-құқық­тық жүйесінің түпқазығы, мем­ле­кеттілігі мен егемендігінің, елдегі заңдылық пен құқық тәртібінің заңдық негізі, бүкіл заңнама мен құқық қолдану практикасы, сондай-ақ еліміздің мемлекеттік-құқықтық қайта жаңғыруы мен даму үрдісі арқа сүйейтін мықты іргетас болып табылады.

Конституцияда жалпы адам­зат­қа да, ұлтқа да тән құндылықтар баянды етіліп, Қазақстан халқының ортақ тілегінен туындаған ерік-қалауы, оның интеллектуалдық әлеуеті мен халықаралық қоғам­дас­тықтың негізгі стандарттары­ паш етілген. Конституция нор­маларының халықаралық құ­қық нормаларымен, әсіресе, гуманитарлық құқық саласындағы нормаларымен өзара сәйкес болуы Қазақстанды құқықтық жүйесі дамыған мемлекеттер деңгейіне шығарады.

Конституциялық-құқық­тық ық­пал ету механизмінде реттеуші нормалармен қатар, былайша айтқанда, мақсатты нормалар ерекше рөл атқаратыны мәлім. Негізгі Заңның кейбір ережелері, мемлекет пен қоғам дамуының көкжиегін ай­қындап, оларға жетудің тәсіл­деріне талаптар қоя отырып, осындай қызмет атқарады. Мәсе­лен, Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құ­қықтық және әлеуметтік мемле­кет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, деп баян­ды етілген. Өзінің бірқатар шешімдерінде Конституциялық Кеңес бұл ережелер Қазақстанның өз мүмкіндігіне қарай отырып, оларды жүзеге асыруға міндеттеме алған мемлекет ретінде дамуға ниетін білдіреді, деп түсіндірді.

Қазақстан Президенті – Елба­сы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал конституциялық саясаты, Конституцияның әлеуеті мейлінше жүзеге асырылуын қамтамасыз ету туралы қатаң талабы арқасында өмірдің барлық салаларында айтарлықтай табысқа жетті. Конс­титуцияда айқындалған мақсаттардан туындайтын бағдар­ламалық-стратегиялық құжаттарға, Республика Президентінің жолдау­лары мен сөйлеген сөздеріндегі қағидаларға сәйкес конституциялық материяның мазмұны іске асырылды.

Бұл ретте Елбасы бекіт­кен Құқықтық саясат тұжырым­да­малары үлкен маңызға ие. Рес­публика Президентінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі Жар­лы­ғымен бекітілген алғашқы Тұжырымдамада Конституцияның құқықтық идеялары Қазақстанда демократиялық, зайырлы, құ­қықтық және әлеуметтік мемлекет институттарын орнықтыруға бағытталған заңнамалық, ұйым­дық және басқа шаралар арқылы іске асырылуы тиіс деп атап көр­сетілген болатын. Қазір қолда­ны­лып жүрген, 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық сая­сат тұжырымдамасында құқық­тық құндылықтарды, консти­туцияның идеялары мен прин­циптерін, ең алдымен, мемлекеттік билік органдары мен оның лауазымды адамдарының қыз­ме­тінде толыққанды іске асыру, бұл ретте Конституцияны ті­келей қолданумен қатар, ағым­дағы заңнама және құқық қол­да­ну арқылы оның әлеуетін қам­тамасыз ету конституциялық құқықтың негізгі міндеті ретінде айқындалған.

Мемлекет басшысы тәуел­сіз­діктің елең-алаңында жариялаған, ұзақ мерзімді жеті басымдықты: ұлттық қауіпсіздікті; ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуын; шетел инвестицияларының деңгейі жоғары, дамыған на­рықтық экономикаға негізделген экономикалық өсуді; Қазақстан азаматтарының денсаулығын, бі­лімі мен әл-ауқатын; энергетика ресурстарын; инфрақұрылымды, әсіресе, көлік пен байланысты; кә­сіби мемлекетті көздейтін «Қазақстан-2030» Стратегиясы конс­титуциялық талаптарды өмірде іске асыруға айтарлықтай септігін тигізді.

Көптеген параметрлер бойынша оларға мерзімінен бұрын қол жеткіздік, өз ретінде бұл еліміздің даму болашағын қайта қарап, Елбасының «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы – қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» атты жаңа Жолдауын жариялауға негіз болды. Бұл бағдарламалық құ­жаттың негізгі мазмұны – 2050 жылға қарай Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз мемлекет қатарына енуі. Бұл биік мақсат Конституцияның кіріспесінен туындайды, онда Қазақстан халқының қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігін сезіне отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды қалайтыны туралы жазылған.

Стратегияның әрбір бағыты Конституциядан қисынды түрде бастау алып, оның нормаларына сәйкес келеді.

Стратегияда паш етілген бюд­жет, салық, ақша-несие және индустриялдық саясатты­ жаң­ғыртуды көздейтін жаңа ба­ғыт­тың экономикалық саясат Қа­зақстанның бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуы туралы конституциялық принципке негізделеді (Негізгі Заңның 1-бабының 2-тармағы). Ре­формалардың алғашқы кезеңінде-ақ республика Конституциясы әлеуметтік-экономикалық да­му­дың негіздерін – әлеуметтік ба­ғытталған нарықтық экономиканы, кәсіпкерлік қызмет бостандығын, меншік нысандарының сан-алуандылығы мен теңдігін бекітті. Осы принциптерді дәйектілікпен жүзеге асыра отырып, Қазақстан өз дамуының инновациялық өсу стратегиясына негізделген жаңа деңгейіне аяқ басты.

Азаматтарға берілетін әлеу­мет­тік кепілдік пен олардың жауапкершілігін көздейтін жаңа әлеуметтік саясаттың принциптері де Конституцияға негізделген.

Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының түп негізінде Конс­титуцияда паш етілген әркімнің еңбек ету бостандығы, қызмет түрі мен мамандығын еркін таңдау құқығы, кәсіпкерлік бостандық пен өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін пайдалану құқығы және т.б. жатыр. Конс­титуция адамдардың әл-ауқа­тының қайнар көзі жасампаз еңбектен басталады деп есептейді. Мемлекет әркімге қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай келетін еңбек жағдайына, ешбір кемсітусіз еңбегіне сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуына кепілдік береді. Осының бәрі жан-жақты ойластырылған әлеуметтік саясат жүргізуге мүмкіндік береді. Жоғары өмір сүру деңгейі мен оның сапасы – республикамыз дамуының нақты мақсаты болып табылады. Бұл ретте сапалы білім алуға, жоғары технологиялы медицинаға, саламатты өмір салтына, бұқаралық спортқа, қолжетімді баспанаға ерекше назар аударылады.

Неке мен отбасы, аналық, әкелік және балалық, Конституцияның 27-бабында баянды етілгендей, мемлекеттің қорғауында болады. Әл-ауқаты нашар адамдарға мемлекет тарапынан нақтылы көмек көрсетіліп, қоғамның негізгі ұясы ретінде отбасы институтына мейлінше қолдау білдіріледі.

Мемлекеттілікті одан әрі ны­ғайту және казақстандық демократияны дамыту 2050 Стра­те­гиясында тілге тиек болған конс­титуциялық-құқықтық реттеудің маңызды мәселелерінің бірі бо­лып табылады. Бұл бағытта Парламенттің өкілеттігін күшейту, басқаруды орталықсыздандыру, орталық пен өңірлер арасындағы жауапкершілік пен өкілеттіктің аражігін ажырату, халыққа қызмет етуді бәрінен де жоғары қоятын кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру қарастырылған.

Мұндай бастама жасаудың құқықтық негіздері елімізде 1998 және 2007 жылдары жүргізілген конституциялық реформалар нәтижесінде пайда болып, сол арқылы республика Парламенті мен оның палаталарының мәртебесі көтерілді, саяси партиялардың рөлі артты, жергілікті атқарушы органдардың басшыларын сайлау, мемлекеттік функцияларды жергілікті өзін өзі басқару органдарына беру мүмкіндігі бекітілді, қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттің қаржыландыруына қойылған тыйым алынып тасталды және т.б.

Бұл конституциялық жаңашыл­дық жоспарлы түрде іске асырылуда. Жуырда ғана егемен Қа­зақ­станның тарихында алғаш рет аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдардың әкімдерін сайлау өтті. Жергілікті өкілді органдар барлығы болып елдегі бүкіл әкімдердің 91 пайызын ба­ламалы түрде сайлап алды. Парламент жақында қабылдаған, жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін өзі басқаруға қатысты заң олардың өз функцияларын тиімді атқаруы үшін оларға қосымша өкілеттік пен қажетті қаржылық және өзге де ресурстар береді, сондай-ақ халықтың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметіне бақылау жасауын көздейді.

Ұлттық құқықтық жүйені одан әрі жаңғыртудың стратегиялық мақсаты Конституциямен үндес. Жеке және жария құқықтың не­гізгі салаларының бәсекеге қабі­леттілігін қамтамасыз ету, құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру Конституцияның құқық қор­ғаушылық әлеуетін одан әрі жүзеге асыруға бағытталған шаралар кешенін қабылдауды қажетсінеді.

Құқық бұзушылыққа нөлдік толеранттылық (төзімділік) қағи­дасы әркімнің Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, өзге тұлғалардың құқықтарын, бостан­дықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге деген мін­де­тінен қисынды түрде туындайды.

Тұлға құқықтарының жүзе­ге ас ырылуына берілген консти­туциялық кепілдіктерді күшейту, сот ісін жүргізудің және құқықтық жауапкершілік шараларының тиімділігін қамтамасыз етуге де­ген қажеттілік мемлекеттің қыл­мысқа қарсы күрес саласын­дағы құқықтық саясатын біл­дірудің негізгі нысандары ретін­де қылмыстық, қылмыстық іс жүргізушілік, қылмыстық-атқа­рушылық заңнаманы терең­де­тіп реформалауға алып келді. Бұл заңнамаларда құқық қорғау органдарының, соттардың және азаматтардың қылмыстық іс-әрекеттерден бұзылатын құқық­тарын қорғайтын, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамта­ма­сыз ететін, қылмыстардың ал­дын алатын, жазаны және өзге де жауапкершілік шарала­рын атқаратын өзге де құры­лым­дардың қызметінің негізгі бағыттары айқындалады.

Мемлекет пен қоғамның қызметі сыбайластықпен ымырасыз күресуге жұмылдырылған. Бұл бағытта сыбайластыққа қар­сы заңнама үнемі жетілдіріліп, мемлекеттік қызметті «қайта іске қосу» жүргізілуде.

Дәйектілікпен жүргізіліп отырған және алдын ала болжауға келетін сыртқы саясат – ұлттық мүддені ілгерілету, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту – Стратегияның маңызды басым­дығы болып табылады.

Конституцияға сай Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартады.Осы конституциялық ережелерге негізделген, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан жүзеге асырылып отырған еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты өзге елдермен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатып, әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алуға мүмкіндік берді.

Еліміздің халықаралық ауқым­дағы бастамалары ең жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Күні кеше бүкіл әлем қауымдастығы Ядролық сынақтарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күнін мерекеледі. Бұл мерекені Қазақстанның ұсы­нысы бойынша БҰҰ Бас Ассам­блеясы 2009 жылғы желтоқсанда жариялады (64/35 қарар). Нақ осы 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы батыл шешім қабылдаған болатын. Осы кезден бастап бүкіл әлем Қазақстанды ядроға қарсы жаһандық қозғалыстың көшбасшысы ретінде танып, тілге ала бастады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Қазақстанды БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі етіп сайлау туралы 2012 жылғы 12 қарашадағы шешімі Қазақстанның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі жетістіктерін дәлелдейді. Бұл шешім, сонымен қатар, мемлекетке адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласындағы жалпыға бірдей қабылданған принциптерді сақтау бойынша міндеттер жүктейді.

«2050» Стратегиясы қоғам­дық келісімді нығайту және сақ­тау мәселелеріне ерекше орын береді. Көпұлтты және көпконфессио­налды қоғам жетістігінің түп қа­зы­ғы ре­тін­де барлық азаматтардың тең­құ­қылығы мен олардың Ота­ны­мыздың гүлденуі үшін жалпы жауапкершілігі болып табылатын жаңа қазақстандық патриотизм жарияланды.

Қазақстан топырағында әлемдік және дәстүрлі діндердің төрт съезі өтіп, олардың басшылары бір үстел басында жиналды. Мұндай жетістіктің арқауы республика Конституциясында: республика қызметінің принципі ретінде жұрттың бәрінің теңдігі мен кез келген себеп бойынша кемсітуге тыйым салынуы, идеологиялық және саяси саналуандылық, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, Парламент палаталарында Қазақстан халқы Ассамблеясына квота бөлінуі, ұлттық-мәдени және қоғамдағы өзге де маңызды мүдделердің ескерілуі, әркімнің өз ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы туралы ережелер, сондай-ақ оның нормаларын дамыту мақсатында қабылданған заңнамалық актілерде бекітілген. Азаматтарды кез келген жағдай бойынша кемсітуге тыйым салу еліміз заңнамасының өн бойынан өтеді, бұл мәселелер барлық мемлекеттік органдардың ерекше назарында тұр.

Қорыта келе, «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекет – Қазақстан Республикасының дәуірі кезінде Конституцияны одан әрі жүзеге асыруға арналған ұзақ мерзімді маңызды бағдарламалық құжат болып табылады, деп атап өтуге болады. Стратегияның не­гізгі қағидалары Негізгі Заң талаптарынан тікелей туындайды, конституциялық нормалар мен прин­циптердің ұзақ мерзімді стра­тегиялық жалғасымы болып табылады.

Бұл жаңашылдықтар өздігінен жұмыс істеп кете алмайды. Жүр­гізіліп отырған реформалар сәттілікпен аяқталуы үшін олар­ды жан-жақты, тереңінен түй­сіну қажет. Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамалары бүкіл мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам өкілдерінің, әр­бір қазақстандықтың тізе қосып, жұ­мыла жұмыс істеуін қажет етеді.

Игорь РОГОВ,

Қазақстан Республикасы

Конституциялық Кеңесінің Төрағасы.