Аймақтар • 02 Сәуір, 2020

«Қайғы келсе қарсы тұр»... үйден шықпай

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі түнгі 00 сағат 00 минуттан бастап, Петропавл қаласы карантинге жабылады. Осы кезден ешқандай көліктің қалаға кіруіне рұқсат жоқ. Барлық көшелер мен тротуарлар, алаңдар дезинфекцияланады. Барлық қоғамдық орындар, парктер жабық. Қалаға кіру мен шығу тоқтатылады. Қоғамдық көліктер жүрмейді. Меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорын-мекемелер өз жұмысын тоқтатады.

«Қайғы келсе қарсы тұр»... үйден шықпай

Тек мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ауруханалар, ішкі істер органдары және коммуналдық қызмет қана жұмыс істейді. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар тек таңертеңгі 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін ғана жұмыс істейтін болады. Адамдар тек қана жұмыс пен дүкенге шыға алады. Басқа уақыттың бәрінде көшеге шықса полиция оларға 26 мың теңге көлемінде айыппұл салады. 65 жастан асқан адамдар үйден мүлде шықпауы керек. Оларға зейнетақыны «Қазпошта» қызметкерлері жеткізіп береді.

Бұл туралы бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов өзінің брифингінде мәлімдеді. Сонымен қатар ол ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге өкімет 5 пайыздық жеңілдетілген несие беретінін, бұған Мемлекет Басшысының шешімімен мемлекеттік қордан 70 млрд теңге бағытталғанын жеткізді. Біздің облыста оны алуға 300 дихан тілек білдіріпті. Ал ШОБ алты айға дейін салықтан босатылатын болыпты.

Қазір облыста коронавирус жұқтырған 7 адам тіркелген. Олардың бәрі жұқпалы инфекциялық аурулар стационарына орналастырылған. Олармен байланысқа түскен, қатысқан,  араласқан адамдар толық анықталған. Соңғы күндері қаладан індетке ұшыраған үш адам анықталған. Оның екеуі Жұмыспен қамту орталығында істейтін әріптестерінен жұқтырған. Тағы бір әйел өзі қызмет істейтін карантиндік стационарда жұқтырған. Тайынша қаласынан анықталған лаборант болып істейтін әйел өздерінде санитар болып істеген адамнан жұқтырған. Қазір Тайынша қаласы мен Келлеровка селосы да 14 күнге карантинге жабылған.

Бүгінгі таңда Петропавлда залалданған бес ошақ бар. Бұл көпқабатты үйлер. Әкім өзінің мәлімдемесінде олардың тұрғындарына шыдамдылық танытып, қиындықты сабырмен жеңуге, үйден шықпауға шақырды. Індет жұқтырған бір әйел бірінші қалалық емханаға барған екен. Әкім, мүмкін болғанынша, халықты осы емханаға бармауға шақырды. «Егер өздеріңнің бойларыңыздан індеттің симптомдарын сезсеңіздер ешқайда бармай, 14-06 немесе 103 нөмірлеріне хабарласыңыздар. Ешқайда шықпаңыздар. Сонда ғана біз індеттің таралмауын қамтамасыз ете аламыз», деді ол.

Солтүстік Қазақстан облысы