65 жастан асқан адамдарға үйден мүлдем шықпау туралы кеңес берілгелі жас толқын атқа мінген. Көкшетау қаласындағы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы жастармен бірлесе отырып, диспансерлік есепте тұратын аға буын өкілдеріне дәрігерлер тағайындаған қажетті дәрі-дәрмегін жеткізіп беруде.
–Бізде 95 мыңға жуық адам есепте тұр. Оның 13 мыңы тегін дәрі-дәрмек алатын созылмалы сырқаты бар адамдар. Біз осы тізімнен егде адамдарды іріктеп алып, жастар еріктілері арқылы қажетті дәрілерін үйлеріне жеткізіп беруді қолға алдық,–дейді қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Ырысты Сыздық.
Үй-үйге дәрі-дәрмек жеткізер алдында ерікті жастармен арнайы түсініктеме жұмыстары жүргізіледі.
–Біздің мақсатымыз аталарымыз бен әжелеріміз неғұрлым сақтық шарасын жасаса деген ниет,–дейді Көкшетау жоғары медицина колледжінің жанындағы «Милосердия» қозғалысының белсенділері Арман Құрманғазиев пен Санжар Әбдірахманов.
Жалынды жастардың жақсы ісі өзге де құрбыларына әбден үлгі боларлық қарекет емес пе?!
Көкшетау қаласы