Коронавирус • 06 Сәуір, 2020

28 медициналық қызметкер коронавирус жұқтырып алды

170 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн брифингте еліміздегі коронавирус жұқтырған науқастардың жағдайына тоқталған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 28 медициналық қызметкердің ауру жұқтырып алғанын айтты.

28 медициналық қызметкер коронавирус жұқтырып алды

Өткен жұмадағы жағдайға тоқталған еліміздің бас дәрігері карантин шаралары күшейтілген соң республика бо­йынша аурудың таралу деңгейі біршама төмендегенін атап өтті. «Дүние жүзінде коронавирус жағдайы нашарлап келе жатыр. Өткен тәулікте науқастардың саны 8,4 пайызға өсті, әлем бойынша бұл індеттен 53 мыңға жуық адам көз жұмған. Елімізде коронавирус жұқтыру бойынша барлығы 453 жағдай тіркелді. Оның ең көбі Нұр-Сұлтан (199) және Алматы (93) қалаларында. 29 адам емделіп, ауруханадан шығарылды. Қазір 11 науқастың жағдайы қиын. Олар интенсивті реа­нимация бөлімдерінде ем қабылдап жатыр. 68 пациенттің жағдайы орташа деңгейде, 341 пациенттің жағдайы жеңіл немесе симптомсыз науқастар. Осы науқастармен байланыста болған 13 467 адам анықталған. Олардың арасында 442 азамат шетелге шығып кетті. Қалған 13 025 азаматтың 96,7 пайызы табылып, стационарға және үйге оқшауланды. Бұл жұмыстар жалғасып жатыр. Өткен аптада науқастар санының көбеюі күн сайын 30-50 пайыз аралығында құбылып тұратын. Ел бойынша карантин шаралары күшейтілген соң, инфекцияның тарауы 9-12 пайызға дейін төмендеді. Бұл Үкімет пен өңір әкімдері жүргізген карантин шараларының тиімділігін көрсетеді», деді министр.

Төтенше жағдайға байланысты Мем­­лекеттік комиссия шешімімен Нұр-­Сұлтан мен Алматыдағы жұ­мыс­ты тоқ­тату тағы бір аптаға созылды. Минис­тр­­дің айтуынша, бұл екін­ші апта ең­бек ұжым­дарындағы, қоғам­дық орын­дар­дағы байланысты азайтып, инкуба­ция­лық кезеңде жүрген науқас­тарды анық­тауға мүмкіндік береді. «Ауру жұқ­тыру жағдайларының 30 пайызы еңбек ұжым­дарында тіркелгенін айтқан едік. Жұмыс орындары инфекцияның таралуына айтарлықтай ықпал етті. 28 наурыздан бас­тап Нұр-Сұлтанда науқастар өсімі кү­ні­не 60 жағдайдан 15 жағдайға дейін тө­мен­деді. Алматыда 8-ден 2 жағдайға дейін азайды. Мұның барлығы карантин мен оқ­шауланудың тиімді болуынан», деді ол.

Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы және санитарлық стандарттарды мүлтіксіз орындау, медициналық ұйымдарды мақсатты қолдану және каран­тиндік және провизорлық ста­цио­нарлардағы медициналық қызмет­кер­лерді карантиндік жағдайға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Министрдің айтуынша, науқастармен байланыста болған медициналық мамандар бұл нысандарға келмеуі тиіс. «Дәрігерлерге тиісті тұрмыстық жағдай жасалуы керек. Бірқатар өңір бұл жұмысты белсенді түрде бастап кетті. Менің ойымша, ме­ди­циналық мамандардың мәселелері ше­шіліп, күдігі сейіледі. Түсінеміз, көптеген маман аурудан қауіптеніп, үйлеріне барғысы келмейді. Сондықтан бұл шешімге толық негіз бар», деген министр облыс әкімдері эпидемия ке­зіндегі жұмыста дәрігерлерге қонақүй мен жатақхана тауып, көлікпен және та­мақ­пен қамтамасыз етіп жатқанын жеткізді.

Бірақ соған қарамастан 28 меди­ци­нал­ық қызметкердің ауру жұқтырғанын айтқан Елжан Біртанов вирус жұқтыру қаупі жоғары орындарда жұмыс істеп жүрген мамандардың статистикасы жүр­гізілетінін жеткізді. Сондай-ақ өз туыстарынан да ауру жұқтырған медициналық мамандардың бар екенін айтқан министр: «Барлық жағдайда да вирус табылған жұмыс орындарында санитарлық-эпидемиялық тексеру жүргізіледі. Медициналық немесе басқа да еңбек ұжымдары карантинге жіберіледі. Әрине науқастар емделіп жатқан ғимараттарда қауіп басым. Сондықтан ондағы меди­ц­иналық қызметкерлерге ерекше көңіл бөлеміз. Олар да өзге науқастар секілді инфекциялық ауруханаға жатқызылып, ем алады», деді.

Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, аурудың тиімді терапиясын іріктеу бойынша жаһандық медициналық зерттеуге қатыса бастағанын жеткізген Денсаулық сақтау министрі елордада республикалық интенсивті терапия орталығының ашыл­ғанын хабарлады. «Науқастардың көбі – 50-ден асқан кісілер. Оларға дұрыс ем ұйымдастыру үшін осы аптада Нұр-Сұлтан қаласында инфекциялық стационарда республикалық интенсивті терапия орталығын аштық. Бұл Ұлттық кардиохирургия орталығының басшысы Юрий Пяның және оның әріптестерінің қолдауымен және қатысуымен ашылды. Онда осы орталықтың дәрігерлері, реаниматологтар, перфузиолог және басқа да мамандар осы орталықта жұмыс істеуді бастады. Жағдайы өте ауыр науқастар бас қалаға жеткізіліп, емделетін болады. Бірақ Алматыдағы Инфекциялық ауруханада медициналық көмек өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Кейбір науқастар қиын жағдайдан өтіп, беті бері қарады. Әр науқас бойынша видео конференция арқылы республикалық консилиум өтеді. Онда біздің ең білікті мамандар тікелей қатысып, қажетті шаралар енгізеді. Оның барлығы менің бақылауымда», деді Е.Біртанов.

Сондай-ақ министр Мемлекеттік комиссияның шешімімен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент сынды үш қалада мобильдік тез құрылатын ауруханалардың құрылысы басталғанын атап өтті. «Нұр-Сұлтан қаласында бірінші деңгейде 200-250 төсек орындық аурухананың құрылысы басталды. Себебі қазіргі біздің жоспар бойынша 2 мыңға жуық науқасқа арналған инфекциялық төсек орын қажет. Ал қазір елорда ауруханаларында 800 инфекциялық төсек орын бар, бос орындар жеткілікті. Бірақ біз бо­лашақты да болжауымыз керек. Соң­ғы апталарда жергілікті деңгейде бос басқа медициналық ұйымдарды пай­да­ланып жүрміз. Бірақ жоғары деңгей­дегі халықаралық стандартқа сай ем көр­сету үшін арнайы медициналық ұйым қажет. Сондықтан осы шешімге кел­дік. Ал бұл ауруханалардың ішінде қажет­ті са­нитарлық дезинфекциялық режім бо­ла­тындықтан оның маңындағы тұрғын­дарға қауіп жоқ», деген министр шикізат ше­телден келетіндіктен құ­ры­лыс­тың оңайға соқпайтынын да атап өтті.